Таразда қылмыстың қай түрі төмендемей тұр?
Тараз қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелеу мақсатында маңызды жиын өтті. Қалалық прокуратура мен әкімдіктің бірлесе ұйымдастыруымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында өзекті мәселелер жан-жақты сараланды.
Жиынға қала әкімі Бақытжан Орынбеков, қала прокуроры Марат Естаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының басшылары мен тиісті бөлім жетекшілері қатысты. Басқосу барысында құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі талқыланып, алдағы міндеттер нақтыланды. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша қала аумағында жалпы қылмыс деңгейінің 21,6 пайызға төмендегені атап өтілді. Бұл – құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдерінің жүйелі жұмысының нәтижесі. Дегенмен жекелеген құқық бұзушылық түрлерінің өсімі алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған байланысты қалалық полиция басқармасына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны жеткізілді.
Атап айтқанда, жыл басынан бері адам өлтіру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілерінің тіркелуі қоғам үшін күрделі мәселе болып отыр. Сараптама көрсеткендей, мұндай ауыр қылмыстардың басым бөлігі алкогольдік ішімдікке тәуелді әрі бұрын сотты болған азаматтар тарапынан жасалған. Бұл өз кезегінде әлеуметтік және профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын айқындайды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында да нақты шаралар қолға алынған.
Жыл басынан бері 19 рейд жүргізіліп, нәтижесінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мыңға жуық хаттама толтырылған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кездесулер, дәрістер, патриоттық форумдар мен дөңгелек үстелдер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Кеңес барысында ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары да қаралды. Бұдан бөлек, жастарды және бұрын сотталған азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері көтеріліп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.
Жиын қорытындысында күн тәртібіндегі әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы жіті бақылауда болатыны атап өтілді. Бұл бастамалар қаладағы құқықтық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ