Соңғы қоңырау сән-салтанатсыз өте ме?
ЕЛІМІЗДЕ МЕКТЕП БІТІРУ КЕШТЕРІН ӨТКІЗУ ФОРМАТЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛУІ МҮМКІН. ОҚУАҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІМЕН ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТЕРМЕН БІРЛЕСІП, ЖАҢА БҰЙРЫҚ ЖОБАСЫН ӘЗІРЛЕУДЕ. НЕГІЗГІ МАҚСАТ – ЖЫЛ САЙЫН ҚОҒАМДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫҒА ТҮСЕТІН ЫСЫРАПШЫЛДЫҚТЫ ТОҚТАТЫП, АТА-АНАЛАРҒА ТҮСЕТІН ҚАРЖЫЛЫҚ САЛМАҚТЫ АЗАЙТУ БОЛЫП ОТЫР.
Министрлік ұсынған бастамаға сәйкес, мектеп бітіру кештерінде қаражат жинауға толық тыйым салынбақ. Сонымен қатар іс-шараларды мектеп қабырғасынан тыс жерде – мейрамханаларда, ойын-сауық орталықтарында өткізуге де шектеу қойылады.
Бұл талаптардың орындалуын ішкі істер органдары қатаң бақылауға алуы мүмкін. Мұндай қадамға не себеп болды? Соңғы жылдары мектеп бітіру кештері қарапайым салтанатты жиыннан гөрі бәсекеге айналып, жылдан жылға өткізу форматы ұлғайып бара жатқандай. Қымбат мейрамхана, бренд киімдер, жұлдызды қонақтар – мұның бәрі ата-аналардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсіретіні жасырын емес. Әсіресе әлеуметтік желіде тараған бір жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Алматыдағы мектептердің бірінде әр оқушыдан 200 мың теңге жинау туралы ақпарат көпшіліктің наразылығын туғызды. Нәтижесінде, тиісті білім беру мекемелеріне шара қолданылған. Осыған байланысты министр Жұлдыз Сүлейменова мектептерде қаражат жинауға мораторий жариялауды ұсынып, бітіру кештерін қарапайым әрі мазмұнды форматта өткізуді қолға алуды көздеп отыр. Егер атааналардан алдын ала қаражат жиналған болса, оны қайтару мәселесі де көтерілді.
Алайда бұл бастама қоғамда екіұшты пікір қалыптастырды. Бір тарап ысырапшылдықты шектеуді қолдаса, енді бірі мектеп бітіру кешінің ерекше өткенін қалайды. Мәселен, биыл мектеп бітіруші жас түлек Айсұлтанның пікірін тыңдап көрейік.
Ал көпбалалы ана Гүлмира ханым бұл бастаманы қолдайтынын жасырмайды.
Педагог қауым өкілдерінің де бұл мәселеге қатысты өз көзқарасы бар. Ұзақ жылдар ұстаздық етіп келе жатқан Бану Медербаева:
Расында, мәселенің түптөркіні тек қаржыда емес. Бұл – қоғамдағы құндылықтардың өзгеруімен байланысты құбылыс. Бірі үшін бұл – баласының қуанышы, екіншісі үшін – әлеуметтік қысым. Себебі «жұрттан қалмау» психологиясы көптеген атаананы қарызға батуға дейін апарып жатады. Биыл еліміз бойынша 230 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Олардың әрқайсысы үшін бұл – жаңа өмірге бастар маңызды кезең. Ендігі сұрақ: Бұл сәт қалай есте қалады? Сәнсалтанатымен бе, әлде шынайы эмоциясымен бе? Жаңа бұйрық қабылданса, мектеп бітіру кештері бұрынғыдай дабыралы форматтан гөрі мазмұнға негізделген, тәрбиелік мәні жоғары шараға айна луы мүмкін.
Бұл бір жағынан қоғамдағы ысырапшылдықпен күрес болса, екінші жағынан құндылықтарды қайта қарауға берілген мүмкіндік. Қалай болғанда да, мектеп бітіру кешінің форматы емес, оның мазмұны мен мәні маңыздырақ екені анық. Ал жаңа талаптар осы бағытқа бастайтын қадам болуы бек мүмкін.
Мақпал СҮЙІНБАЙ