Әдебиет

Өмірін өлеңімен өрнектеген

Белсенді ұзақ өмір орталығында ақын, «Бойтұмар» әдеби клубының мүшесі Баршагүл Баялиеваның «Өмір, қымбатсың маған» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Әдеби кешті жаңа кітаптың авторы Баршагүл Баялиева «Балалығым – сағынышым» атты өлеңін мәнерлеп оқып, бастады. Содан соң «Мен сені сүйем өмір», «Ұлдарыма өсиет», «Сен мені сағындың ба?», «Шағала», «Қазақ қызы», «Орталыққа арнау» өлеңдеріне жазылған әндер орындалды.

Айта кету керек, бұл өлеңдеріне сазгер Әуесхан Салабеков пен Перизат Оспанова ән жазған. Жаңа жинақтың тұсауын облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен Белсенді ұзақ өмір орталығы директорының әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Баян Шолпанқызы салтанатты түрде кесті. Кітапта автор өз басынан өткен жағдаяттарды және солардан түйген ойларын өлеңмен өрнектеп, қара сөзбен кестелеп жазған.

Кеш барысында автордың шығармашылығы таныстырылып, өлеңдерінен үзінділер оқылды. Іс-шара соңында жиналған қауым ақынмен емен-жарқын сұхбат құрып, жылы лебіздерін білдірді. Автор өз оқырмандарына қолтаңба беріп, ризашылығын жеткізді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА