Мәдениет

«Еркесі едім мен де елдің»

Талас ауданының тумасы, жалынды жырларымен жұртының жүрегінен орын алған ақын Нарша Қашағанұлының туғанына биыл – 75 жыл. Осыған орай туған жерінің төрінде, Қаратау қаласындағы «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығында «Еркесі едім мен де елдің» атты әдеби-сазды кеш өтті. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Талас ауданының құрметті азаматы Нарша Қашағанұлының шығармаларына арналған басқосуды ақын Ербол Қамбатыров жүргізіп, ел аузында бүгінге дейін жатталып қалған сөз зергерінің әзілдерін дөп тауып жеткізер айтқыштығын еске салып, естеліктерімен бөлісіп отырды.

Нарша Қашағанұлының 75 жасы туған жерінде аталып өтті

Ақынның шығармашылығына арналған шағын театрландырылған қойылыммен ашылған әдеби кеште «Ұлбике ақын» атындағы мәдениет орталығы жанындағы Талас халық театрының әртістері Нарша Қашағанұлының тағдырлы ғұмыры мен әдебиеттегі өзіндік қолтаңбасын өзінің өрнекті өлеңдерімен жеткізді. Ұлт руханиятына құнды қазына қосқан ақын сүбелі сөзімен, өткір өлеңімен, әдемі әзілімен елінің ерке ақыны атанған еді. Оның қаламынан туған туындыларына туған жерге деген перзенттік махаббат, ел мен жер тағдырына жанашырлық, адамгершілік пен адалдық секілді асыл қасиеттер арқау болды. Жан тазалығы, отаншылдық – оның өзекті тақырыбы еді.

Шығармашылық кешке қатысқан айтыскер ақын Шорабек Айдаров, жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, қоғам белсендісі Батырбек Құлекеев, Ш.Мұртаза атындағы облыстық тарихтану және руханият орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық Нарша Қашағанұлының өмір жолынан естеліктер айтып, шығармашылығы жайында тебірене ой қозғады, артында қалған әдеби мұрасының қазақ руханиятындағы орны мен маңызын ерекше атап өтті. Мұнан соң ақынның жырлары мен ол жайында жазылған естеліктер топтастырылып, жарық көрген «Рақмет, туған ел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

 Нарша Қашағанұлының сөзіне жазылған сазгер Әуезхан Салабековтің әндерін К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, мәдениет саласының үздігі Мадина Сағымбекова, Бақыт Шағырбаев және тағы басқа да әншілер орындап, әдеби әңгімені әуенмен әрледі. Сонымен қатар оқырмандар ақынның мағынасы терең өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиылған қауымның қошеметіне бөленді.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Талас ауданы