Жыр алыбы және жасанды интеллект
Жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған ісшаралар өңірімізде жалғасын табуда. Әсіресе, ақынның шығармалары жастар арасында кеңінен насихатталуда. Сондай іс-шараның бірі облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Жамбыл Жабаев бүгін Instagram-да не туралы жазар еді?» тақырыбындағы байқау.
«Достық үйінде» өткен ісшарада жасанды интеллект кеңінен қолданылды. Оқырманға «Жыр алыбы – Жамбылым» атты кітап көрмесі мен робототехника көрмесі таныстырылды. Дрон көмегімен ақын портретінің әуеде көрсетілімі болды. Сондай-ақ Жамбыл атаға жасанды интеллекті арқылы жан бітіп, өз оқырмандарына жырын арнады. Оның Құлмамбет пен айтысы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрініс ғасырлар үнін бүгінгі технологиямен үйлестірген әсерлі сәттердің бірі болды.
Зал толы студенттер мен оқушылар, олардың мұғалімдері мен кітапханашылар сиқырлы әлемге тап болғандай күй кешті. Іс-шараның басты ерекшелігі – жүргізушілердің бірі жасанды интеллект болуы. «Темірбек» атты ЖИ кейіпкері арқылы цифрлық дәуір мен рухани құндылықтардың байланысы көркем түрде ашылып, көрермендерге жаңа форматтағы жүргізу стилі ұсынылды.
Осы бастамамен үндескен іс-шара дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімін сәтті көрсетті. Көрермендер уақыт пен кеңістікті байланыстыратын ерекше шығармашылық атмосфераға куә болды. Іс-шара аясында ақынның «Таңдамалы» жинағының брайль қаріпіндегі тұсаукесері өтті.
Оның тұсауын облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, «Aulieata-Media» ЖШС директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев пен аудармашы Ербол Бегімов қиды. Атап өтерлігі жасанды интеллект арқылы Жамбыл Жабаев шығармаларын таныту бойынша байқауға өңірдегі жетекші оқу орындары мен мекемелерден 30-ға жуық жұмыс түскен. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын ұлттық мәдени элементтердің қолданылу деңгейі, эмоциялық және зияткерлік әсері, техникалық сапасы, идеяның жаңашылдығы және форматқа сәйкестігі бойынша бағалады. Нәтижесінде үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша І орын «Әлем» кәсіби білім беру колледжінің кітапханашысы Гүлсім Жақсымбетоваға берілді. ІІ орынға IT мамандандырылған лицейінің оқушысы Едіге Бейсен лайық деп танылса, ІІІ орын үздік шәкірттердің бірі атанған Әйгерім Үркімбаеваға берілді. Сондай-ақ «Үздік визуал», «Юмор», «Әдеби сын», «Ой ұшқырлығы» номинациялары бойынша жеңімпаздар марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушыларға алғыс хаттар берілді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы