Ауласынан жылыжай ашқан мұғалім
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартып, табысын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Осыны пайдаланып, жұмысынан бөлек жеке кәсібін жасап отырған жанның бірі – №10 Шу колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, көпбалалы ана Айгерім Махамадиева.
Оның білім саласындағы еңбек өтілі 18 жыл. Бұл уақыт аралығында ол талай баланың спортқа деген қызығушылығын оятқан. Айгерімнің шәкірттері бүгінде түрлі жарыстарда жүлдегер атанып та жүр. Мектепте бірге жұмыс істейтін әріптестері де оның талапшыл, білікті, білімді маман екенін айтуда. Көпбалалы ана, тынымсыз жан Айгерім 2024 жылы үй іргесінен жылыжай салуды ұйғарып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына өтініш береді. Сөйтіп «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде өтініші мақұлданып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізеді. Осылайша алдына мақсат қойған ұстаз негізгі жұмысымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға ден қояды. Үй іргесінен жылыжай ашып, қияр өсірумен қосымша айналыса бастайды.
Айгерім жылыжайда бір ғана қияр өсірумен шектеліп қалмай, басқа да көкөніс түрлерін, соның ішінде балдыркөк секілді дәруменге бай өнімдерді де өсіруді қолға алған. Бүгінде бұл шаруаны жүргізіп отырғанына екінші жыл. Ендігі кезекте ол бастаған ісін бұдан да әрі дамытуды жоспарлап отыр.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құтыбековтың айтуынша, ауданда 60 жоба іске асырылуда. Тың әрі тиімді жоба арқылы шулық кәсіпкерлер техника жөндеу орталығын, жиһаз цехын, пескоблок өндірісін, көлік жуу орталығын, жылыжай, вулканизациялау, АРМ-спорт, дәнекерлеу цехы және тағы да басқа кәсіптік нысандар ашып, ауданның әлеуетін көтеруге үлес қосуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Шу ауданы