Қаратау және Еділ-Жайық
Жамбылдық жерлесіміз композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов жайлы бала кезімізден біраз мәліметке құлағымыз қанып өстік. Киелі де қазыналы Қаратау өңірінің күйшілері мен жыршыларының өнер дәстүрін әрі қарай жалғастырып жүрген жанның бірі, әрі бірегейі осы Илья ағамыз десек қателеспейміз. Әдетте, жуалылықтар «біз генералдар өңіріненбіз» деп мақтанса, менің сарысулық жерлестерім «біз өнерлі, киелі өлкеденбіз» деп мақтанып жатады. Онысы рас, Сарысудан шыққан саңлақтардың қатарында қоңыр үнді қылқобыздың атасына айналған Ықылас, ақпа жыршы, айтыскер ақын Майкөт, одан бергі сахна және кино өнерінің майталманы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, композитор, жазушы, өнер зертеушісі, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов және тағы басқалар бар. Айтыңыздаршы, облысымыздың басқа аудандарында өнер саласынан екі бірдей Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған жан бар ма? Бүгінгі әңгіме желісі – туғанына 90 жылдық мерейлі жасын кең дәрежеде атап өтуге дайындалып жатқан Илья Жақанов ағамыз жайлы болмақ.
Сазгер, жазушы, музыка зерттеушісіИлья Жақанов туралы мөлтек сыр
Илья Жақанов 1936 жылы 6 мамырда Сарысу ауданының қазіргі Ақтоғай ауылында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. 1959-1963 жылдары «Қазақстан пионері» («Ұлан») газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1963-1984 жылдары Қазақ КСР Телевизия және радиохабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің редакторы, аға редакторы, Қазақ радиосы музыка редакциясының бас редакторы қызметін атқарған. 1984 жылдан бастап толығымен шығармашылық жұмыспен айналыса бастады. Ілекең қазақ өнерімен қатар көрші қырғыз ағайындардың да мәдениеті мен әдебиетін дамытуға өз үлесін қосты. Мысалы, Илья Жақановтың «Қайта оралған ән» хикаятын қырғыздар өте жылы қабылдаған еді.
Әйгілі Шыңғыс Айтматовтың «Жәмиласын» қалай қабылдаса, аталмыш повесті де солай оқыды. Қырғыздар оның «Қош бол, вальсін» де қуана қарсы алды. Әсері күшті болды. Гүлсайра Момынова бірден қырғыз тіліне аударды. Қырғыз радиосы да екі рет радиоспектакль етіп берді. Ол Қырғызстанда жан-жақты насихатталды. Көп уақыт өтпей «Алатоо» журналында «Қайран, вальс» деген атпен жарияланды. Илья Жақановтың «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» повестерімен Шыңғыс Айтматов та хабардар екен. Ол жөнінде Илья заңғар жазушымен кейін бір кездескенде, дидарласып тілдесті.
– Музыкант адамның, композитордың прозашы болуы – өте ғажап нәрсе! – деді Ш.Айтматов.
– Сирек құбылыс! Ондай проза… ошондоқтан музыкальный проза болып шығады! Албетте, албетте, солай болады! Әттең, уақытым жоқ. Оқысам абдан жақшы болор еді… Қырғыздың өзге жазушылары: Төлеген Қасымбеков, Жәлел Садықов, Сүйінбай Ерәлиев, драматург Мар Байджиев және тағы басқа қаламгерлер «Қош бол, вальс» прозадағы жаңалық, тосын жағдай деп жоғары баға берді. Алған бетіңнен қайтпа, бауырым. Жаза түс... Бұл кездесу Ілекеңді қанаттандырып, жігерлендіре түсті. Содан кейін-ақ «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ» тағы басқа да сал-серілер, Қазақстан композиторлары М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджанов, Қ.Мусин, Б.Байқадамовтың шығармашылық портреттерін сомдаған туындылары, «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка» атты телесериалдары дүниеге келді. Адамзаттың Шыңғыс Айтматовы атанған қаламгердің айтулы «Жәмилә» повесінің негізінде бірнеше ән жазды («Даниярдың әні», «Әселім – әнім», «Жәмиләнің әні»).
«Жаңағы қырғыз әндерінің бәрі менің «Елім-айым», «Айнамкөзім», «Қараторғайым», «Балқадишам», «Екі жиренім», «Баянауылым» сияқты ту сыртымда тұрды. Міне, әуезді әндерімнің барлығын сол музыканың әуезімен, толғанысымен жаздым», – дейді Илья ағамыз ағынан жарылып. Ол «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990); «Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (1994). Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі (1997), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998), Халықаралық Жамбыл және Ш.Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері (1997). «Парасат» ордені мен көптеген медальдармен наградталған. Осыдан бірер жыл бұрын еліміздің ең жоғары наградасы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Илья ағаның 200-ден астам әні бар. Оның аты мен шығармашылығымен сырттай қанша қанық болсақ та, жүздесіп, әңгімелесуімізге соңғы кезге дейін мүмкіншілік болмапты.
Кездесуіміз 2018 жылдың маусым айында Илья ағамыз дүние есігін ашқан, кіндік қаны тамған топырақ Қаратаудың теріскейіндегі Жаңатас аумағындағы сұлу бойжеткеннің қос бұрымындай екі тау өзені қосылып жатқан ат төбеліндей Ақтоғай ауылында болды. Жергілікті орта мектеп ұжымы «Туған жерге туыңды тік» деген акция өткізіп, сол мектепті тәмамдаған түлектерінің басын қосып, мәре-сәре болып жатыр екен.
Сол жиынға сонау Атыраудан бүкіл Алашқа есімі тараған сазгер, жазушы, музыка зерттеушісі Илья аға Жақанов та келіпті. Мұндай кездесу күнде бола бермейтінін еске ала отырып, бірер сәт болса да дидарласып, ойымызда жүрген біраз сұрақтарға жауап алған едік. – Бұл жолы елге келгендегі мақсатым – өткен жүзжылдықтың 20-30-шы жылдары қолдан жасалған сұмпайы теріс саясаттың кесірінен елжұрт аштыққа ұшырып, туып-өскен Арқадан өре көшіп, жан сауғалап «Шу-Талас» өзенінің бойына келіп қоныстанғанын білеміз. Олардың арасында елге жөн сілтейтін, сауатты, көзі ашық, көңілі ояу адамдар жоқтың қасы болатын. Міне, солардың бірі – алғашқы аудандық білім бөлімінің басшысы Қордаш (шын аты Қордабай) еді. Қордаш аға Сәкен Сейфуллинмен дос болған. Екеуі Омбыда мұғалімдер семинариясында оқып жүргенде жұбын жазбайды екен.
Қордаш аға өзі білімді болғандықтан ба, саясаттың ағымын, жаңа қоғамның қырып-жойып келген бетінен секем алып, бір нәубеттің боларын алдын-ала болжағандай, әулетіміздің бар малын үкіметке өткіздіріпті. Сөйтіп, іштерінен «уһ, енді өкіметтің құқайын көрмейтін шығармыз» деп ашаршылық жылдары еш нәрсеге алаңдамай күдіксіз отырған. Бірақ, зұламат уақыт басталып кетеді. Ол ел-жұрты Қаратау етегіне 1932 жылдың қаһарлы күзінде үдере көшкен кезде, ұзақ азапты жолдан Саудакент өңіріне аш-жалаңаш, әбден қалжырап жеткен топтарды қарсы алып, ауыл-ауылға орналастырып, оларды ас-тамақпен қамтамасыз етуге жанын салды, күні-түні беріле қызмет етті. Әулиеата, Бішкек, Тоқмақ, мына жағы Шымкент, Ташкенттен азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек әкеліп, жан алып, жан беріп дегендей қауырт-қарбалас үстінде қажыр-қайрат көрсетіп жүрген қылшылдаған 33 жасында Қордаш аға ойда жоқта қатты суық тиіп, 1933 жылдың жауынды-шашынды сәуір айының 5 жұлдызында кенеттен қайтыс болады. Сәкеннің лақап атына қойған Еркебұлан деген ұлы бесікте қалады. Қордаш ағаны жоқтап, жылап-сықтап жүргенде, өкінішке қарай, Еркебұлан да суық тиіп көз жұмады. Қордаш ағамыздың моласы Саудакенттегі Шоқай датқа сығанағының маңында дейтін көз көргендер. Сол асыл азаматтың аты ұмыт қалып барады. Көпшілік мүлдем бейхабар.
Марқұмның атын қайта жағыртпақ оймен мына Ақтоғай аулының кіре берісіндегі ескі бейіт маңына арнайы кесене салдырып, құран оқытып, атамыздың сүйегін сонда қайта жерлемек ойым бар. Ауылға кіре берістегі қыратта жүргізіліп жатқан құрылысқа көздеріңіз түскен болар. Міне сол – арнайы салынып жатқан кесене. Құрылыс, құдай қаласа, жақын күндері аяқталып қалады. Бұл – менің өмірден ерте өткен әке-шешеме, ағаларыма деген ескерткішім, жүрегімнің бір түкпірінде бұғып жатқан, мені көптен мазалап жүрген арманымның бірі еді... Алланың қолдауымен сол ойым іске асуға жақын. Оған тәуба!..
...Илья ағамыздың айтуынша, сазгерлікпен ол студенттік кезден бастап айналыса бастаған, біраз үзеңгілес, замандас композиторлармен араласқан. Илья аға сол күндерін еске ала отырып: – Кешегі Кеңестік кезеңдегі керемет музыка тудырған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, ұлты басқа болса да Латиф Хамиди, Евгений Григорьевич Брусиловскийлер, өзіміздің Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусиндер, олардың бергі жағында романстан бастап, операға дейін толғаған Сыдық Мұхамеджанов, кейінгі Мәкәлім Қойшыбай, Нағым Меңдіғалиев, Кенжебек Күмісбеков, Теміржан Базарбаев, Мыңжасар Маңғытаев, Мансұр Сағатов ұлттық өнерге үлкен үлес қосқанын айтуымыз керек. Сонау ықылым заманнан келе жатқан ұлттық дәстүрді Ахмет Жұбанов рухымен жалғаған композиторлар қай жанрда жазса да ұлттық колоритпен, ұлттық нақышпен жазды. Олардың арасында табиғи талант иесі Шәмші Қалдаяқов та бар еді. Шәмші екеуміз әнді бірге жазып, эфирге бірге шығып, тағдырымыз үйлесіп, жалғасып кетті. Біздің әндеріміз үлкен композиторлардың назарына ілігіп, емін-еркін шырқалып жатты. Әлгі «Бәрінен де сен сұлуды» біздің үйлену тойымызға арнаған болатын.
Мен 1961 жылы шаңырақ көтердім. Арада бірер ай өткенде, маусымның жетісі күні Алматыдағы пәтерімізде тойымыз өтті. Тойдың алдында Шәмші келген құттықтап, көңілсіз екен. «Илья естідім, «Меңдіқыз» деген ән шығарып, келінге арнаған екенсің, мен де бұл қуанышқа арнап ән жаза бастадым. Сол екі әнді бірге дайындайын, нотасын бер» деді. Той күні Шәмші екі әнді дайындап келіп, өзі мандалинамен сүйемелдеп, «Меңдіқызды» Сәжида Ахметова деген бізбен замандас әнші қызға айтқызды, радиода көп шырқайтын ол. Өзінің «Бәрінен де сен сұлу» әнін жиналған жұрттың көзінше «Менің Ильяның жарына, келініме арнаған әнім» деп Майра Жүрсіноваға орындатты. Сол тойға қатысқан адамдардың ішінде академик Серік Қирабаев, сол үйдегі Әлия Бейсенова, филология ғылымының докторы Сапарғали Омарбеков және Қадыр МырзаӘлі, курстас досым Өмірзақ Айтбаев болып еді.
Мен қызмет ететін «Қазақстан пионері» газетінің ұжымы, бас редакторы Сансызбай Сарғасқаев, жауапты хатшысы Қосайдар Бәтпенов – бәрі осы екі әнге куә болды. Осылайша Шәмшімен достығымыз соңғы демі үзілгенше жалғасты. Шәкең туралы көптеген дүниелер жазылып жатыр ғой. Біреу біліп жазса, біреу жобалап жазады. Мен Шәмшінің бүкіл зәузат ата-тегінен бастап білемін. Біз отыз екінші жылға дейін Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы аумағындағы Сарысу өзені бойын жайлаған Тамамыз. Абылай заманында Тама болысы болса, Кеңес өкіметінің тұсында сол аумақта екі аудан құрылған: Асанқайғы және Сарысу. Асанқайғы – Арғындар, Сарысу – Тамалар. Дүрбелең, ашаршылық басталғанда сарысулықтар Бетпақтан үдере ауып, Абылай хан кесіп берген, малға жайлы, ықтасынды Шуды қыстайды. Бетпақта құдықтары бар...
Сол Тама болысында Жағалбайлылар, Алшындар болған. Жағалбайлының үрім-бұтағынан Шәмшінің әулеті тарайды. Алшындардың бір бұтағынан Асанәлі Әшімов тарайды. Біз Қаратаудың шығыс жиегіндегі Сарысу ауданының Ақтоғай елді мекені маңында келбеті керемет «Көлме» деген тау етегінде мөлдір сулы көл бар еді, қазір ол белгілі себептермен тартылып, жоқ болып кетті. Мен сол «Көлме» көлінің жағасында тусам, Шәмші Сырдың бойында, Сарыкөл деген жерде туды. Әкесі Қалдаяқ Созақтан ары қарай, Кентау, Ащысай, Шәуілдір, Арыс, Түркістан төңіректерін шиырлап-шиырлап, Темір стансасындағы Қарақоңырда, Тамалардың ортасында дүние салды. Шешесінің сүйегі де сонда жатыр. Міне, сол Шәмшінің зәузатынан бастап, шығарған әндеріне дейін толық білемін десем қателеспеймін. «Шәмшінің жүрегі» деген атпен білгенімді түгел қағазға түсіріп жатырмын. Біраз бөлігі «Жұлдыз» журналында басылды. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» басшылығының өтініші бойынша «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деген бөлімінің біразын газетке беріп, жариялаттым.
Шәмшімен достығымның арқасы ғой, оңтүстікте әндерінің конкурс-фестивалі болғанда екі рет төраға болдым. Өмірінен, әндерінің тарихынан жұртқа көп айтып, таныстырып, насихаттаумен жүремін. Толқынды толқын қуады, ал ойдан ой туады ғой. 1956 жылдың күзі. Жасым жиырмада. Сол жылы жазға салым «Салтанат» деген әнім туды. Бұл ән «Абай жолы» романында Абайдың көңілдес қызы Салтанатпен махаббатына қызығып жүргенде жазылды. Кейін оған сол кезде Казақ ұлттық университетінің филология факультетінің төртінші курсында оқитын Қадыр Мырзалиев сөз жазды. Сағатай есімді қызды сүйеді екен. Қыздың атын «Салтанат» деп өзгертіп, ақыры екеуі осы әнмен қосылды. Ал әлгі көптің аузында жүрген «Алматы вальсі» әнін 1959 жылы жаздым. Вальс жанрына қызығып жүрген кезім болатын. Бұл вальсті алғаш рет ақын Мұзафар Әлімбаевтың алдында менімен бірге отырып тыңдаған Шәмші болатын. Ән соңынан Шәкең: «Мен Ильяны дәйім «Глубокий лирик» деймін, Мұзаға… қазақтың дәстүрлі әндері стиліндегі әндері бір бөлек. Пушкин, Лермонтов, Абайдың сөздеріне жазған элегия, романстары – ол да өзгеше дүние… біле білсек тұнып тұрған тұңғиық сыр. Мына «Алматы кешінде» вальсі бізді шалқытады әлі. Вальс жазу Ильяға түкке тұрмайды екен, Мұзаға. «Вальсомания» деп мені жазғырып жүрген әріптестерім енді Ильяны да қағытады. Мейлі, ол шіркіндерде одан басқа не қарекет бар.., – дегені күні кешегідей есімде.
«Содан көп ұзамай барынша композиторлыққа бет бұрдым. Маған әр әнім қымбат, ыстық, сүйікті. Бірақ, «Алматы кешінде», «Асылым», «Жайлаукөл кештері», «Толағай», «Еділ мен Жайық» және тағы басқа ел аузында жүрген, әлі сахналардан түспей келе жатқан әндерімнің орны бөлек. Бір кездері «Жайлаукөл кештері» жастарымыздың гимні болып кетті десем де болады. Бұл ән менің туған жеріме деген махаббатымнан туындаған дүние. Ән өте әсерлі тыңдалынады. Тіпті ән халықтың сүйікті әніне айналды. Сондықтан болар, кезінде институт бітірген біраз жастар, жазғы каникулдарда ұйымдастырылатын құрылыс отрядтары романтикаға беріліп: «Бізді Жайлаукөлге жіберіңіздер» деп өтініш білдіріпті. Әнге елтіген қаншама адам алыстан ат арылтып Жайлаукөлді көруге арнайы келді. Қызық құбылыс.
Сірә, бұл сол әннің ерекше құдіреті болу керек... Ән тағдыры да, адам тағдыры секілді ғой», – деді ағамыздың көздері күлімдеп.
Сазгер Илья Жақановтың әндерін бүгінге дейін көптеген әншілер орындап жүр. «Әніңіз аз емес қой, солардың қайсысы жаныңызға жақын?» – дегенімізде Ілекең сәл ойланып барып: – Олар, шынында, аз емес. Мысалы, кезінде «Қайда екен сол бір Ақмаңдай», «Жігіт арманы», «Анар», «Тың өлкесі жастарының маршы» атты әндерімді Жамал Омарова шалқыта орындаса, «Көгілдір Көлме», «Аңсадым сені» дейтін әндерімді ойлы жүрекпен толғаған Ришат Абдуллин, «Ақ қайың», «Еділ-Жайық» әндерімді дүниежүзіне жайған Бибігүл Төлегенова, «Нұрланып менің дағы туар айым», «Өмірім менің», «Өткен қайтып оралмас» деген романстарымды профессионалдық биік деңгейге көтерген Ермек Серкебаев, «Жан жолдас», «Түнгі зефир» әндеріме сырлы сезімін төккен Суат Әбусейітов, «Ағады Ертіс», «Асылым», «Балқан таудың бауырында» әндерімді кәусар үнмен мөлдіреткен Зейнеп Қойшыбаева, «Даниярдың әнін» романтикалық тебіреніспен берген Әлібек Дінішев, «Балқантау», «Жан сәулем» атты әніме өзі сияқты талай тенорларды ынтық қып қойған Кенжеғали Мыржықбаев…қайсыбірін айта берейін, көп әндерімді халық әніндей ғып жеткізген Қайрат Байбосынов, Майра Ильясова, Бағдат Сәмединова, Сәуле Жанпейісова, халық арасынан шыққан Тұрсынхан Әбдірахманова, Игілік Омаров, Өмірзақ Айтбаев, Майра Жүрсінова, Сажида Ахметова, Гүлбаршын Ақпанова… ал, қырғыз әншілерінен Тоқтанәлі Сейталиев, Дариға Жалғасынова, Керим Тұрапов, сонау Қытайдағы қазақтардың қос бұлбұлы – Хамит пен Рафила… осы аталған әншілердің байтақ галереясына қосылатын жас әншілерде есеп жоқ. 2004 жылы маусым, желтоқсан айларында Алматы мен Астанада өткен «ЕділЖайық» атты үлкен концертімде кілең жас әншілер құлпырта шырқады. Сол себепті өз әншілеріме жан-жүрегім исініп, құрметпен қараймын. Олар тым көп. Әннің бағын ашқан әнші – әннің екінші авторы!», – деп сөзін аяқтады.
Ілекеңнің талмай ізденісінің арқасында елдің шетінде, желдің өтінде жүріп, елеусіз қалған талай дала таланттарының күйлері мен әндері мүлдем жоғалып кетпеуі үшін, көп еңбек сіңірді. Сөйтіп олар, халыққа жетті, ұлттың алтын қазынасына айналды. Мысалы, сол өзі өскен өңірдегі күйші, домбырашы, жыршы Мәді Шәутіұлының өнеріне ерекше тәнті болып, уақыт тауып, оның көптеген күйлерін, жырларын магнитофонға жазып алып, республикалық радио қорына тапсырыпты. Оларды мезгіл-мезгіл эфирден естуге болады. Соңғы онжылдықтарда, яғни 2000 жылы сол кездегі өңір басшысы Иманғали Тасмағанбетовтың шақыруымен, Ілекең әсем Алматыны Атырауға ауыстырып, батыс өңірдің ән-жырларын, күйшілер мен сазгерлердің шығармаларын зерттеп, зерделеп қағазға түсіріп, республикалық әртүрлі басылымдарда жариялауда. Шаршап, шалдықпай ел-жұртты аралай жүріп, шабытына мініп ән жазуды да ұмытпайды. Ол әндер – «Доссор вальсі», «Құлсары», «Маңғыстау», «Ағады Жайық, ағады», «Оралдың ерке самалы», «Ақмарал», «Аққу әні», «Сырлы жүрек пернесі» және т.б. Сазгердің бұл әндерін жергілікті әншілер жиі шырқайды.
Астана, Алматы теледидарынан да сирек болса да беріліп тұрады. Ән – адам жанының ажары емес пе? Ертеректе өмір сүрген, әдемі де тартымды шығармаларымен халық есінде қалған әйгілі сазгерлердің өмірлері мен шығармаларын зерттеуде И.Жақановтың еңбегі ерен. Ақан әндерін жаладан, жамаудан тазартып, қалпына келтірген де, Біржан салдың «Айбозымын», Ақан серінің «Шырмауығын» қайта «тірілткен» де, өзге де асылдарымыздың сөнген шырағын қайта жаққан да – Илья Жақанов. Жіпке тізгендей етіп айта берсек Ілекеңнің танымдық, зерттеу еңбектері бір ғылыми зерттеу институтына жүк болатындай қомақты, салмақты, аса қымбат дүниелер. Өмір бойы оқу, іздену, үйрену, алға ұмтылу адамға ерік-жігер ғана бермейді, оның тағы бір қырынан танылуына септігін тигізеді. Илья ағамыз жасы 80-ге таянғанда графика жән сурет мамандығы бойынша Атырау университетін тәмамдап, дипломды суретші-маман атанды. Оны көптеген өнер адамдарының портреттерін әсерлі етіп салған қылқалам шебері десек те болады. Өйтені ол сурет салумен сонау мектеп жасындағы бүлдіршін кезінен айналыса бастаған.
Талай белгілі өнер адамдарының портреттерін салып, халыққа жеткізді. Солардың бірі Ақан серінің түпнұсқадан салынған суреті. Ілекеңнің айтуына қарағанда, ол суретті тапқан адам – академик Әлкей Марғұлан. Ол кезде, яғни Ақан серінің заманында Омбыға келіпкетіп жатқан Ресейдің зерттеушілері, суретшілері қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп отырған ғой. Сондай бір түсірілім кезінде Ақан сері де даланың бетке ұстарларының ортасында түсіп қалған көрінеді. Суреттен бейнені бөліп алып, «Міне, Ақан сері», – деп ұсынған академикэтнограф Әлкей Марғұлан екен. Сол фотобейнені портрет етіп кенепке И.Жақанов салыпты. – Бұл еңбегім өзіме сондай ерекше ұнайды. Өйткені Ақан серінің бүкіл әншілік болмысы, ол кісінің махаббат трагедиясы, өз басындағы қымқиғаш қайғылы сәттерінің барлығын жеңетін сондай бір сәулелі, шуақты лиризмнің қалай үйлесіп кеткенін білмеймін, әйтеуір бұл портретті сәтті шыққан туындыларымның қатарына қосамын, – дейді Ілекең. Ой-өрісі кең, білімі терең, білгені мол абзал Илья ағамен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет, ерекше тартымды кездесу. Тыңдай бергің келеді, біле бергің келеді...
Мойындауымыз керек, Илья Жақановтың шығармашылық әлемі өте кең, ол, әлгі халық айтатын «нағыз сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтың өзі. Ол – қаламы жүйрік көрнекті жазушы, мөлдіретіп ән шығарған сырлы сазгер, өнердің тарихын тереңірек зерттеу мақсатымен еліміздің түкпір-түкпірін шаршамай аралаған білігір музыка зерттеушісі, көне әндер мен күйлердің талмай іздеушісі – фольклоршы. Базбірде қолына кылқаламын алып сурет салатын жақсы әдеті де бар. Бір адамның бойында осыншама құдірет пен қасиет тоғысқанына таң қаласың. Жаратушының шеберлігіне бас иесің, Ілекеңе деген сүйіспеншілігің мен құрметің арта түседі. Ләйім, денсаулықтың арқасында ғұмырыңыз ұзақ болып, халқыңызға берер тың еңбектеріңіз елді әлі талай қуанта беріңіз, Илья аға!
Сағындық ОРДАБЕКОВ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі