Магистратураға - 200 орын, докторантураға – 12 орын...
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Мәлік Асанов Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына 2026-2027 оқу жылына қабылдау туралы баяндама жасады.
Брифинг барысында спикер биылғы қабылдау науқанының ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, талапкерлер үшін енгізілген жаңа мүмкіндіктер мен өзгерістерді атап өтті. Оның айтуынша, Академияға құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 маусымға дейін жалғасады. Құжаттар толықтай admission.apa.kz ақпараттық жүйесі арқылы онлайн форматта қабылданады. Мәлік Асановтың мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында магистратураға шамамен 200 орын, ал докторантураға 12 орын бөлінген. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда грант санының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар үміткерлердің функционалдық еңбек өтілін нақты бағалау үшін арнайы комиссия құрылмақ.
Жаңа оқу жылында білім беру бағдарламаларының саны 12-ден 15-ке дейін ұлғайтылды. Академияда алғаш рет «EMBA – Іскерлік әкімшілендіру» және «DDPA – Цифрлық мемлекеттік басқару» бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, бірқатар бағдарламалар ғылыми-педагогикалық бағытқа ауыстырылып, оқу мерзімдері ұзартылған. Атап айтқанда, «Мемлекеттік саясат», «Халықаралық қатынастар», «Экономика» мамандықтарының оқу ұзақтығы 1,5 жылдан 2 жылға дейін артқан. Сондай-ақ «Өңірлік даму» және «Адами ресурстарды басқару» бағдарламаларының мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылып, соңғысы «Адами ресурстарды стратегиялық басқару» атауына өзгертілген.
Спикердің айтуынша, биылдан бастап «Мемлекеттік саясат» магистратура бағдарламасына түсу үшін ағылшын тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат міндетті талап ретінде енгізілген. Академия магистратура бағдарламаларын бірнеше бағытта ұсынады. Олардың қатарында бір жылдық, 1,5 жылдық, екі жылдық және жұмыс істей жүріп оқуға мүмкіндік беретін модульдік бағдарламалар бар. Ал докторантура бағдарламалары 3 жылға есептелген және мемлекеттік басқару, халықаралық қатынастар, экономика, цифрлық басқару бағыттарын қамтиды.
Құжат тапсыру үшін үміткерлер бірқатар қажетті құжаттарды электронды форматта жүктеуі тиіс. Олардың қатарында мемлекеттік органның жолдамасы, жеке куәлік көшірмесі, жоғары білім туралы диплом, мемлекеттік тілді меңгеру сертификаты, еңбек өтілін растайтын құжаттар және басқа да талап етілетін материалдар бар.
Докторантураға түсушілер үшін қосымша зерттеу жұмысы жоспарының жобасы ұсынылуы қажет. Қабылдау кезеңдері бірнеше сатыдан тұрады. Алдымен үміткерлер аналитикалық эссе жазып, кейін сұхбаттан өтеді. Ал докторантураға түсетіндер үшін зерттеу жоспары да бағаланады. Сұхбат барысында талапкерлердің кәсіби білімі, жеке құзыреттері, мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты заңнамаларды меңгеру деңгейі сараланады.
Нәтижесінде алдын ала қабылдау 25 маусымда жарияланса, қорытынды шешім 10 шілдеде белгілі болады. Ал жаңа оқу жылы дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте басталады. Баяндамасын қорытындылаған Мәлік Асанов Академияның мемлекеттік басқару саласында кәсіби кадрлар даярлаудағы маңызын атап өтіп, бұл оқу орны өз білімін жетілдіріп, ел дамуына үлес қосқысы келетін мамандар үшін үлкен мүмкіндік екенін жеткізді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ