Жаңалықтар

Мамыргүл жұлғандар да енді айыппұл төлеуі мүмкін

Соңғы жылдары орынды-орынсыз салынатын айыппұлдардан халықтың мезі болғаны жасырын емес. Осындай жағдайда мамыргүлді (сирень) жұлуға қатысты жаңа талаптың енгізілуі қоғам назарын бірден өзіне аударды. Нәтижесінде бұл мәселе ел ішінде қызу талқыланып, түрлі пікірлердің туындауына себеп болды. Бұл ақпарат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 338-бабына негізделген. Заң бойынша ағаштар мен бұталарды заңсыз кескен, жойған немесе зақымдаған жеке тұлғаларға 50 АЕК (2026 жылы шамамен 216 250) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл тыйым қалалық саябақтарда, аулаларда және көше бойында өсіп тұрған өсімдіктерге қатысты. Ал жекеменшік аумақтағы мамыргүлдердің тағдырын оның иесі шешеді.

Мұндай жағдайда мүлік иесі зақым келтірушіден материалдық және моральдық өтемақы талап етуге құқылы. Бұл жағдай бір қарағанда ұсақ көрінуі мүмкін, алайда оның астарында табиғатты қорғау, қоғамдық тәртіп және азаматтық жауапкершілік сияқты маңызды мәселелер жатыр. Ендігі сұрақ – мұндай шаралар адамдарды тәртіпке шақыра ма, әлде керісінше наразылық тудыра ма? Бір жағынан, айыппұл – тәртіп орнатудың тиімді құралдарының бірі. Табиғатқа зиян келтіру, қоғамдық орындарды бүлдіру сияқты әрекеттер жазасыз қалса, ол қоғамда немқұрайлылықтың қалыптасуына әкелуі мүмкін.

Мамыргүлді жұлу – көпшілік үшін болмашы әрекет болып көрінгенімен, мұндай жағдайлар жаппай сипат алса, қалалық жасыл желекке елеулі зиян келтіреді. Сондықтан заңның қатаң сақталуы адамдарға «ұсақ нәрсенің өзі жауапкершілікті талап етеді» деген ойды сіңіреді. Бұл тұрғыда айыппұл тәртіпке шақыратын алдын алу шарасы ретінде қызмет етеді. Алайда екінші жағынан, қоғамда мұндай шешімдерге қатысты наразылық та туындауы мүмкін. Кейбір азаматтар бұл жазаны шамадан тыс қатал деп қабылдап, «нағыз маңызды мәселелер тұрғанда, неге ұсақ-түйекке көңіл бөлінеді?» деген сұрақ қояды. Әсіресе заңның қолданылуы біркелкі болмаса немесе түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз болса, адамдарда әділетсіздік сезімі пайда болуы ықтимал.

Бұл өз кезегінде билікке деген сенімге әсер етіп, кері реакция туғызады. Дегенмен бұл мәселеге басқа қырынан қарайтындар да бар. Кейбір бағбандардың айтуынша, мамыргүлді уақтылы қырқып отыру өсімдіктің жақсы өсуіне оң әсер етеді.

Бұл пікір мәселені күрделендіре түседі, өйткені бір жағынан, табиғатты қорғау керек, екінші жағынан, өсімдіктің табиғи күтімі де ескерілуі тиіс. Соңғы уақытта тағы бір назар аударатын жайт – гүл сататын дүкендердегі мамыргүл саудасы. Бұрын мұндай дүкендерде мамыргүл мүлде сатылмайтын, ол көбіне әр үйдің ауласында немесе көшелерде өсетін қарапайым, «жабайы» гүл ретінде қабылданатын. Ал бүгінде жағдай өзгерген, көктем келе салысымен гүл сататын дүкен сөрелерінде мамыргүл букеттері пайда болып, тіпті себет-себетімен қымбат бағаға ұсыныла бастады.

Осы тұста заңды сұрақ туындайды, бұл сирень қайдан келеді? Себебі көпшілікке белгілі, оны арнайы өндірістік көлемде өсіретін шаруашылықтар аса кең таралмаған. Демек, мұндай гүлдер жеке аулалардан немесе қоғамдық орындардағы – саябақтар мен көше бойындағы бұталардан жиналуы әбден мүмкін. Егер солай болса, бұл тек жеке адамның әрекеті емес, тұтас бір сұраныс пен ұсынысқа негізделген жасырын үрдістің бар екенін аңғартады. Яғни, мамыргүлді жұлу мәселесі тек бір адамның жауапкершілігімен шектелмейді. Оған сұраныс тудырып отырған нарықтың да ықпалы бар. Сұраныс болған жерде ұсыныс пайда болатыны белгілі. Сондықтан мұндай жағдайлар айыппұлдың енгізілуіне де жанама түрде себеп болуы мүмкін. Бұл – қоғамдағы мәселенің тереңірек, жүйелі сипаты бар екенін көрсететін тағы бір белгі.

Мамыргүл – тек өсімдік қана емес, көптеген адамдар үшін балалық шақтың жылы естелігімен тығыз байланысты ерекше белгі. Ол әр аулада өсіп тұратын, көктем келгенін білдіретін, аңқыған иісімен жүректі елжірететін қарапайым да қымбат гүл еді. Кеңес одағы кезінде көктем шықса болды көшеден мамыргүлді үзіп, үйге әкеліп, вазаға қою – көктемнің келгенін сездіретін бір дәстүр секілді болатын. Жылына бір рет гүлдеп, айналаға хош иісін таратып, адамдарға ерекше қуаныш сыйлайтын. Сол себепті кейбір азаматтар үшін оны жұлуға толық тыйым салу тек табиғатты қорғау емес, сонымен қатар балалық шақтың бір бөлшегін, бір нәзік естелікті шектегендей әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан мәселенің түйіні тек айыппұлда емес, оны қалай және қандай контексте қолдануда жатыр. Егер мұндай шаралар кеңінен түсіндіріліп, табиғатты қорғаудың маңызы насихатталса, қоғам оны оң қабылдауы мүмкін. Ал егер бұл тек жазалау құралы ретінде ғана көрінсе, онда наразылықтың күшеюі заңды құбылыс. Бір сөзбен айтсақ, мамыргүлді жұлғаны үшін салынған айыппұл – қоғамдағы тәртіппен жауапкершілік мәселесін көтеретін маңызды сигнал. Ол адамдарды тәртіпке шақыруы да, наразылық тудыруы да мүмкін.

Сонымен бірге бұл мәселе табиғатты қорғау мен адам жадындағы мәдени-эмоционалдық құндылықтардың арасындағы тепе-теңдікті табу қажеттігін көрсетеді. Барлығы заңның әділдігіне, ашықтығына және қоғаммен дұрыс диалог орната алуына байланысты.

 

Арна ЖҰМАТАЙ