Жаңалықтар

Базарларда «ұйымдасқан топтар» әрекет етеді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында 2026 жылғы қаңтарнаурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Ел экономикасы мұнай саласын есепке алмай-ақ өсуде

Құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібі бірінші тоқсанда экономиканың өсуіне түрткі болды. Үш айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3 пайызды құраған. Осы жылдың ерекшелігі–қалыптасқан жағдайға байланысты экономика мұнай саласын есепке алмай-ақ өсуде. Нақты сектордағы өсу 2,1 пайызды, көрсетілетін қызметтер өндірісі 3,7 пайызды құрады. Салалар арасында құрылыс, көлік қызметтері және өңдеу өнеркәсібі ең жоғары өсім көрсетті. Сауда 4,8 пайызға, байланыс қызметтері 3,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,4 пайызға өскен. Әдеттегідей, инвестициялар өсімнің драйвері болып қала беруде. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестициялар 6,4 пайызға артып, 3,5 триллион теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестициялар 20,9 пайызға өскен.

Инве стициялардың жоғары өсуі Жамбыл, Түркістан, Ұлытау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Бұл ретте, Қостанай, Жетісу, Маңғыстау, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында айтарлықтай төмен. Осы жылғы қаңтар-наурызда өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 8,5 пайызға дейін жеделдеп, өсу 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу – Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Жамбыл облыстары, сондай-ақ Алматы қаласында. Ал Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өндірістің төмендеуі орын алды.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 14,8 пайызға өскен. Өсім 16 өңірде тіркелсе, бұл ретте ең жоғары көрсеткіш Ұлытау, Жамбыл, Павлодар, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында байқалған.

Үкімет отырысында күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан, шикізаттық еме с сектор өзінің тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отырғаны атап өтілді. Соның ішінде құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібі өткен үш айда экономиканың өсуіне едәуір түрткі болған. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, құрылыста 14,8 пайыз, көлікте – 12,8 пайыз және өңдеу өнеркәсібінде 8,5 пайыз деңгейінде ең жоғары өсім тіркелген.

Жоспарлы өсімді қамтамасыз ете алмаған өңірлер бар...

Бірқатар облыста макроэкономикалық көрсеткіштердің жалпы өсуімен жекелеген бағыттар бойынша төмендеу тіркелген.

Барлық өңірлер негізгі көрсеткіштерді тұрақты бақылауда ұстап, олардың төмендеуіне мүлде жол бермеуі тиіс. Премьер-министр жыл соңына дейін 5 пайыздан жоғары деңгейде орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін бар күш-жігерді жұмылдырудың және шикізаттық емес салалардағы қолдағы бар резервтерді толық пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. Цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді қоса алғанда, нақты өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қажеттігіне баса назар аударылды.

Инфляцияға қарсы күрес күшеюде

Премьер-министр Үкіметтің негізгі міндеті инфляциялық қысымды төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету болып қалатынын атап өтті.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне мал шаруашылығында өнімділікті ұлғайтып, жылыжай, көкөніс және сүт өндірісін кеңейту, сондай-ақ қайта өңдеу деңгейін тереңдету бағытында қосымша шаралар қабылдау тапсырылды. Сауда министрлігі көтерме-тарату инфрақұрылымын дамыту, заманауи сақтау және логистика қуаттарын құру жұмыстарын жандандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуін тежеуге тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастыру қажет.

Баға қолдан көтеріледі

Осылай деген Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке еліміздегі ірі көтерме базарларда тәртіп орнатып, бағаны негізсіз шарықтататын делдалдардың жолын кесуді тапсырды. Ол сауда орындарында арнайы топтар отырғанын және олар халыққа керекті тауарларды әдейі қымбатқа сатып жатқанын айтты. Бұл адамдар ешқандай негізсіз көкөніс, жеміс-жидек, ет және басқа да күнделікті тұтынатын өнімдердің құнын қолдан көтеріп отыр. Үкімет басшысы мұндай әрекетті нағыз делдалдық схема деп атады. Осыған байланысты ол бірнеше құзырлы органға бірігіп жұмыс істеуді жүктеді.

Құрылыс жұмысында әкімдіктердің белсенділігі төмен

Құрылыс саласында биыл тұрақты динамиканы қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Бұл ретте құрылыс маусымы ендігі басталып кетсе де, бірқатар жүйелі мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отырғаны айтылған Үкімет отырысында Премьер-министр тұрғын үйді іске қосудың жоспарланған қарқынын қамтамасыз ету үшін әкімдіктердің жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Осыған байланысты Премьерминистр нақты қолдау тетіктерін әзірлеп шығаруды тапсырды.

Мемлекеттік бюджет кірісі 17 пайыз өсті

Үкімет отырысында биылғы қаңтарнаурыз айларындағы мемлекеттік қаржының атқарылу барысы қаралды. Негізгі баяндаманы Қаржы министрі Мәди Такиев жасады. Оның мәлімдеуінше, трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджеттің кірісі 6,4 триллион теңгені құраған, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 931 миллиард теңгеге артық.

Нақтырақ айтқанда, ол республикалық бюджет 4,2 триллион теңге түсімді қамтамасыз ете отырып, 102 пайызға атқарылғанын атап өтті. Түсімге сыртқы факторлар айтарлықтай әсер еткен, мұнайдың орташа бағасы барреліне 80,6 доллар болғанда, экспорттық кедендік баж салығы бойынша қосымша 40,5 миллиард теңге өндірілді. Сонымен қатар теңге бағамының неғұрлым күшеюі республикалық бюджет кірісін 146 миллиард теңгеге шектеді.

Өңдеу өнеркәсібінің өсімі – 8,5 пайыз

Қазақстанда шикізаттық емес сектордың өсу қарқынының жеделдеуі байқалады. 2026 жылдың үш айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 8,5 пайыз өсім көрсетті. Мұндай деректерді Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев келтірді. Бұған машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру және жеңіл өнеркәсіп саласы үлкен үлес қосып отыр. Индустриялық көрсеткіштермен қатар құрылыс саласында өсім бар. Мәселен, орындалған жұмыстар көлемі 1,2 триллион теңгеге жеткен, бұл өткен жылғы деңгейден 14,8 пайызға жоғары. Үш айдың ішінде елімізде 3,9 миллион шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Мұнай мен газ өндіру көлемі азайған...

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы тоқсанында мұнай мен газ өндіру көлемі айтарлықтай төмендеді. Бұл туралы жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, 2026 жылдың қаңтар мен наурыз айлары аралығында елімізде 19,7 миллион тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда небәрі 80,2 пайызды құрайды. Қазір жауапты мамандар Қарашығанақ кенішіндегі өндіріс көлемін жылына 10 немесе 11 миллион тонна деңгейінде сақтап қалу үшін шикі газды кері айдайтын 6-шы компрессорды іске қосу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Одан бөлек ведомство ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндіруді ұлғайту мақсатында арнайы келіссөздер жүргізуде. Алғашқы үщ айда шетелге 15,3 миллион тонна мұнай экспортталған және бұл 2025 жылдың көрсеткішіне қарағанда 78,5 пайызға тең.

Жалпы биылғы жылға арналған экспорт болжамы 76 миллион тонна деп бекітілген. Сонымен қатар Ерлан Ақкенженов жыл басынан бері 13,6 миллиард текшеметр газ өндірілгенін жеткізді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 84,9 пайызды құрап отыр. Жалпы осы жылы 62,7 миллиард текшеметр көгілдір отын өндіру жоспарланған.

Үкімет отырысында мұнай өндірудің жоспарлы деңгейін қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігіне ірі жер қойнауын пайдаланушылармен өндіріс көлемін ұлғайту шаралары бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылды. Елдің энергия ресурстарына деген сұранысын қанағаттандыру үшін газ өндіру қуатын арттыру қажет. Министрлікке QazaqGaz және «ҚазМұнайГаз» компанияларымен бірлесіп, биыл Қашағанда көлемі 1 миллиард текшеметр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтау, ал келесі жылдын басында Жаңаөзендегі зауытты пайдалануға беру жүктелді. Одан бөлек газ тасымалдау жүйесіне ерекше назар аударылды.

«Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының екінші желісін табысты жүзеге асыру – стратегиялық міндет, бұл қолжетімді газ көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігі осы орайда тиісті үйлестіру мен қатаң бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, өндіріс қуаты 10 миллион тоннаны құрайтын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын жеделдету шаралары қабылдануда. Павлодар мұнай өңдеу зауытын 5,5 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 миллионнан 6,7 миллион тоннаға дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Үйлестірілген тарифтік саясатты күшейту – маңызды

Үйлестірілген тарифтік саясаттың және монополияға қарсы реттеуді күшейтудің маңыздылығы бөлек атап өтілді. Бұл ретте үйлестірілген тарифтік саясат болжамды әрі инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне сәйкес келуі тиіс. Ұлттық экономика, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктері тарифтер мен бензин бағасына мораторийдің аяқталуына байланысты олардың инфляция деңгейіне үлесін жоғарылатпау үшін шаралар қабылдауы қажет.

Нарықтарды жүйелі түрде демонополизациялап, азық-түлік, отын, көлік және коммуналдық қызмет нарықтарында монополияға қарсы бақылауды күшейту керек. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және салалық мемлекеттік органдармен бірге аталған бағытта бірлескен жұмысты жалғастыруы қажет. Үкімет отырысында Экономика құрылымында екінші жыл қатарынан кен өндіру саласынан алда келе жатқан өңдеу өнеркәсібіне де назар аударылды. Бұл ретте нақты секторды ынталандыру үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Ал Өнеркәсіп министрлігіне бір ай ішінде металлургия мен химия өнеркәсібін қолдау, өнім номенклатурасын кеңейту және өндірістік қуаттардың әлеуетін ынталандыру шараларын әзірлеу тапсырылды.

«Самұрық-Қазына» қорына Сыртқы істер, Өнеркәсіп, Сауда министрліктерімен бірлесіп, отандық металлургия кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін арттыру үшін құрамында алтыны бар импорттық және полиметалл шикізатын іздестіру және тарту жүктелді. Энергетика министрлігіне Атырау облысындағы полипропилен компаниясының жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету міндеттелді. Сондай-ақ Өнеркәсіп министрлігі өсудің қосымша резервтерін қамтамасыз ету шеңберінде 2026 жылға жоспарланған химия өнеркәсібінің кемінде 4 басым жобасын уақтылы іске қосуы тиіс.

Әр басшыдан нақты нәтиже керек

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр биыл наурыз айында 2026 жылы экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі кеңесте экономиканың өсу резервтерін ынталандыруға бағытталған тиісті шаралардың мақұлданғанын, алайда кейбір мәселелердің созылып кеткенін атап өтті. Бұл «Бәйтерек» холдингін капиталдандыруға және тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту үшін әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығаруы жөніндегі шараларға қатысты. Сондайақ мемлекеттік кепілдік есебінен қаржыландыру жоспарланған автожол жобалары бойынша құжаттаманы сүйемелдеу процесі баяу жүріп жатыр. Экономиканың басым салаларында қосылған құнды арттыратын инвестициялық жобаларды анықтау жұмысының да тиімділігі төмен.

Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге көтерілуі мүмкін Еліміздегі ең төменгі жалақының мөлшерін 150 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы үкімет кулуарында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты. Оның айтуынша, үкімет ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру мәселесін қарастырып отыр. Алайда ең төменгі жалақы нақты қашан 150 мың теңге болатыны әлі белгісіз. Азамат Әмриннің айтуынша, бұл шешім бір ғана факторға емес, бірнеше экономикалық көрсеткішке байланысты қабылданады.

Барлығы республикалық бюджетке түсетін қаржының көлеміне байланысты. Егер кірістер көп болса, ең төменгі жалақыны көтеруге қаржылық мүмкіндік болмақ.

 

Дайындаған Жүрсінгүл ЖАҚЫП