Жеңілдетілген жанармайдың бағасы қанша болып жатыр?
Көктемнің әр күні – жылға азық. Мұны жақсы түсінген шаруалар күн жылынып, жер арқасы жібіген шақта білек сыбана іске кіріседі. Сәл кешіксе, еселі еңбектің еш кететінін білетін олар техникаларын тас түйін дайындап, қызу жұмысқа қамданады. Осылайша көктемдегі тынымсыз еңбектің өтемін қоңыр күздегі жиын-терін кезінде көруге барын салады. Себебі «не ексең, соны оратының» ақиқат.
Әулиеата өңірінде биылғы көктемгі егіс науқаны жоспарға сай жүргізілмек. Мәселен, осы жылы егін алқабын өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, жалпы көлемін 665,4 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 378,3 мың гектарды, майлы дақылдар 44,3 мың гектарды, ал қант қызылшасы 8,5 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Сондай-ақ картоп 8,8 мың гектарға, мал азығы дақылдары 186,7 мың гектарға егілмек.
Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Ислам даму банкінің қаржыландыруымен өңірдегі 71 каналға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты суды көп қажет ететін көкөніс дақылдарының алқабы 2,1 мың гектарға қысқартылып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдары 3 мың гектарға азайтылып, 9,7 мың гектарға егіледі.
Сонымен қатар аймақ аумағында орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету ісіне де басымдық берілмек. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, жиналатын өнім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде. «Тараз қант зауыты» іске қосылатыны ескеріліп, қант қызылшасының егіс алқабын 1,9 мың гектарға арттыруға ұйғарым жасалыпты. Осылайша 8,5 мың гектардан қара күзде 450 мың тонна тәтті түбір жинау көзделуде.
Атап өтейік, осынау дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық техника жұмылдырылады. Биыл паркті жаңарту үшін 476 бірлік техника сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда 62 бірлік жеткізілді. Ал «Кең дала» және «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 7 миллиард теңге бөлінген. Бүгінде 195 шаруашылыққа 5,8 миллиард теңге жеңілдетілген (5 пайыз) несие берілді. Жиында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы көктемгі дала жұмыстарына дайындық және оны өткізу барысын тұрақты бақылауда ұстаудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан бөлек басқосуда көктемгі дала жұмыстарына қажетті тұқым, тыңайтқыш және жанар-жағармайдың шаруаларға уақтылы жеткізілуін жіті назарға алу тапсырылды. Сондай-ақ дақылдарды қолайлы агротехникалық мерзімде орналастыруды қамтамасыз ету, техника паркін жаңарту жоспарының толық әрі уақтылы орындалуын қадағалау қажеттігі жүктелді.
Аймақ басшысы шаруаларды жанаржағармаймен қамтамасыз етудің қажеттілігін баса айтып, бұл мәселеде түйткіл туындамауы тиістігін алға тартты. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Серікұлы жанар-жағармай таратуда ешқандай мәселе жоқ екенін, өзге өңірмен салыстырғанда көрсеткіш жоғары болып тұрғанын жеткізді.
Жалпы, биылғы жылы 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланып отыр. Былтыр элиталық тұқым жоспары республика бойынша 7,2 пайыз болып бекітілсе де, өкінішке қарай бұл көрсеткіш бізде 7,3 пайызға орындалған. Ал биылғы меже 8 пайыз болса, көктемгі егіс жұмысы аяқталғанша 9 пайызға жеткізу көзделуде.
Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға жұмыс қарқынын ширатуды тапсырды. Аймақ басшысы барлық көрсетілген міндеттердің орындалу барысы тікелей бақылауында болатынын ескертті.
Есен ӨТЕУЛІ