Тоқаев Түркия Республикасының Вице-президентімен кездесті
Мемлекет басшысы Түркия Республикасының Вице-президенті Джевдет Йылмазбен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге алғаш рет сапармен келген Джевдет Йылмазға ілтипат білдіре отырып, бауырлас Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екеніне назар аударды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада Қазақстан Премьер-министрі және Түркия Вице-президентінің тең төрағалығымен өткен Үкіметаралық комиссия қорытындысы екі елдің сан қырлы әріптестігін одан әрі жандандыра түсетініне сенім білдірді.
Джевдет Йылмаз қазақ елінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Сондай-ақ Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізіп, Түркия көшбасшысы Қазақстанға мемлекеттік сапарына және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.
Джевдет Йылмаз жаңа Конституцияны қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтап, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тілектестік білдірді.
Мемлекет басшысы осы тарихи сәтте бауырлас түрік халқының қолдауын сезінгенін, Түркиядан келген байқаушылар референдумға ерекше атсалысқанын атап өтті.
Әңгімелесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту перспективасы талқыланды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, энергетика, логистика, агроөнеркәсіп кешені, білім және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джевдет Йылмаз халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады.