Жасөспірімдер болашақтан үміт күттіреді
Биыл әйгілі шопан, малшылардың маршалы, екі дүркін Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына – 130 жыл. Осы мерейтойға орай даңқты шопан, дара тұлғаға құрмет көрсету іс-шаралары үздіксіз жалғасуда. Сондай маңызды іс-шараның бірі бокстан 2012- 2013 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өткен аудандық ашық турнир. Бокс бәсекесі аудандық спорт кешенінде өтті.
Ашық турнирді аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз сөйлеп ашып, жарысқа сәттілік тіледі.
Турнирге бірнеше аудандардан командалар келіп, өнер көрсетті. Оның ішінде Мойынқұм ауданының жасөспірімдері де намысты қолдан бермегенін айта кеткеніміз жөн. Атап айтқанда, 30 килограмм салмақта мойынқұмдық Ержігіт Қажымхан меркілік Әлижан Әлиді финалда ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Басқа финалдық жекпежектерге келетін болсақ, 33 килограмм салмақта Шу ауданының спортшысы Ілияс Сүгіров меркілік Мейірбек Мараттан басым түсті. 35 килограмм салмақ дәрежесінде Мойынқұмның мақтанышы Әлинұр Құлқай Т.Рысқұлов ауданынан бақ сынаған Нұрбол Қалдарбекті ұтып, мерейімізді өсірді.
37 килограмм салмақ дәрежесінде Мойынқұмның тағы бір болашағынан үміт күттірер ұлы, мақтанышы Айсұлтан Қаржаубай меркілік Нұржігіт Алпысбайды қапыда қалдырды. Айсұлтанның қарсыласына дәл тиген сапалы соққылары мойынқұмдық көпшіліктің айбынын асырып, қуанышқа бөледі. Спорт деген осындай сиқырлы дүние.
Спорт – намысыңды жанитын, шын үздікті танитын сәт. Жасөспірімдердің бокс турнирін көре отырып біз осындай сезімде болдық. Ал 37 килограмм салмақтың екінші тобында Т.Рысқұлов ауданынан келген Бақдәулет Мейрамбек Шу ауданының үміті Сағдат Бектұрды ұтып, чемпион атанды. Осы сәтте құландық бапкерлердің де мерейі өсіп, қуанышқа кенелгені анық. 40 килограмм салмақта да мойынқұмдық Ернұр Ерманат Шу ауданының өкілі Әліби Рахманқұлдан басым түсті. 40 килограмм салмақтың екінші тобында Жамбыл ауданының мақтанышы Қабылан Лесхан Шу ауданы, Белбасардың белді боксшысы Мұхамедәли Әскербектен айласын асырып кетті. 43 килограмм салмақта мойынқұмдық Қуаныш Махмұдқазы Т.Рысқұлов ауданынан келген Санжар Бақытжанды финалда ұтты.
46 килограмм салмақта шулық Олжас Бақыт мойынқұмдық Нұрдәулет Оразғалидан басым түсті. 49 килограмм салмақта меркілік Әбілмансұр Әсіпбек мойынқұмдық Кәрім Байжанды ұтып, өз ауданына қуаныш сыйлады. 52 килограмм салмақта мойынқұмдық Артур Ниязов байзақтық Жасұлан Жапаровты ұтса, керісінше 57 килограмм салмақта Қылышбай ауылының үміті Аяған Алтай финалдық ойында шулық қарсыласы Нұртаймас Жақсылыққа жол берді. 60 килограмнан жоғары салмақта Шу ауданынан келген Біржан Бағдатқұл Т.Рысқұлов ауданының спортшысы Мейірлан Пойызбайды ұтты.
Осылайша Мойынқұм ауданы 5 алтын, 3 күміс, 5 қола медальмен командалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл ретте спорт мектебінің директоры Бақытжан Сүйінбектің, бокстан ауданның аға жаттықтырушысы Лесжан Тойлановтың, бокс бөлімінің жаттықтырушысы Әділет Аманбаевтың еңбегі үлкен. «Біздің ауданда бокс спорты жақсы дамып келеді. Себебі бокстан білікті маман бар. Осы маманның шеберлігі оң нәтиже беруде. Бокстан жасөспірімдеріміздің шыңдалып жатқанын осы турнир көрсетті», – дейді аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Қалдыбеков.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, кубок, дипломдармен марапатталды.
Есет ЖАҢАБАЙҰЛЫ
журналист
Мойынқұм ауданы