Қоғам

Сауатты жарнама – мәдениеттіліктің нышаны

Облыс аумағындағы көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың тіл туралы заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша түсіндіру-насихаттау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Биылғы 23 ақпан мен 23 наурыз аралығында көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін біріздендіру бағытында «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты облыстық айлық өткізілді.

Аталмыш айлық барысында облыс көлемінде халыққа қызмет көрсету орындарының, яғни дүкендер, шаштараздар, кафелер, дәмханалар, дүңгіршектер секілді басқа да осындай орындар зерделенді. Олардың маңдайшаларында жазылған жазулар, хабарландырулар, жарнамалар, баға көрсеткіштері, бақылау-кассалық түбіртектер сияқты көрнекі ақпараттардың «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңына сәйкес ресімделуіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы облыс аумағында көрнекіліктер мен жарнамалардың Тіл туралы заң талаптарының сәйкестігіне мониторинг жүргізу мақсатында 12 рейд жүргізіліп, 4347 көрнекі ақпараттар мен жарнаманың тіл туралы заңнамаға сәйкестігі зерделенді. Оның ішінде 397 кемшілік анықталып, 300-іне түзетуге мерзім берілді.

Атап айтар болсақ, 308 көше, 4347 көрнекі ақпарат қамтылды. Оның ішінде 471 көше бойындағы билборд, баннер, керме, 280 нысан сыртындағы көрнекі ақпараттар, 724 нысан ішіндегі көрнекі ақпарат зерделенді. Мониторинг барысында жалпы 232 кемшілік анықталды. Атап айтқанда, 145-інде еліміздің «Тіл туралы» Заңының 21-бабы талаптарының сақталмауы, 37 әріптің түсіп қалуы, мәтіндердің ескіруі анықталып, 8-іне талапқа сай келмейтін көрнекіліктердің алынып тасталуы ұсынылды. 156 нысанға түзету үшін мерзім берілді.

Анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпкерлік нысандардың басшыларына аудан, қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері аппаратының жауапты қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Осыған байланысты алдағы кезеңде көрнекі ақпараттарды заң талаптарына толық сәйкестендіру, кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, қайталама заң бұзушылықтардың алдын алу, тіл мәдениетін арттыру бағытындағы іс-шараларды жандандыру бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады.

 

Гүлнұр ӘМІРБЕКОВА

облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы