Мал шаруашылығындағы биологиялық қауіпсіздік
Мал шаруашылығындағы биологиялық қауіпсіздік – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ адам мен жануарларға ортақ аурулардың алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі. Бұл бағыт жануарлардың денсаулығын сақтаумен қатар, жануарлардан алынатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған.
Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылғы 21 мамырда «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңы қабылданды. Аталған заң патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеп, биологиялық қатерлердің алдын алу, оларды бағалау және басқару тетіктерін айқындайды. Заң талаптарына сәйкес, биологиялық қауіпсіздік биологиялық қатерлерді алдын ала анықтау, профилактикалық іс-шараларды басымдықпен жүзеге асыру, мониторинг жүргізу және тәуекелдерді басқару қағидаттарына негізделеді. Сонымен қатар патогенді агенттермен жұмыс істеу тек белгіленген тәртіппен рұқсат алу арқылы жүзеге асырылады.
Осы талаптарға сәйкес, облыста патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін барлық ветеринариялық мамандар біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, тиісті сертификаттарға ие болды. Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес, мал шаруашылығында қызмет ететін тұлғалар жануарларды ұстау, тасымалдау, сою және сату кезінде ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтауға міндетті. Сонымен қатар жануарлар арасында ауру белгілері байқалған жағдайда, бұл туралы ветеринария мамандарына дер кезінде хабарлау қажет. Облыста биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, өңірде сібір жарасы бойынша 189 ескі мал қорымы тіркеліп, қоршалып, ескерту белгілері орнатылған. Жыл сайын бұл аумақтардан топырақ сынамалары алынып, зертханалық тексерулер жүргізіледі. Қазіргі таңда қауіпті қоздырғыштар анықталған жоқ.
Сонымен қатар аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында жоспарлы вакцинациялау жұмыстары толық орындалды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 12750 мүйізді ірі қара, 434150 қой-ешкі және 12650 жылқы сібір жарасына қарсы егілді. Нәтижесінде, өңірде аталған ауру бойынша қолайсыз жағдайлар тіркелмеді.
Бұдан бөлек, адам мен жануарларға ортақ бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық жұмыстар жүргізілуде. Жоспарға сәйкес, бірінші тоқсанда 113570 ірі қара мен 551652 қой-ешкіден қан сынамалары алынып, зертханалық тексерулердің нәтижесінде ауру белгілері анықталған жоқ. Жалпы, ветеринария саласының басты міндеті – адам мен жануарлардың саулығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты биологиялық қауіпсіздікті сақтау шаралары облыс әкімдігі мен тиісті мекемелердің тұрақты бақылауында.
Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ
облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.