Тың жоба жүзеге асырылуда
Байзақ ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жоба көп. Соның ішінде «AsyaFert» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңдеу саласына басымдық беріп отыр. Бүгінгі күні серіктестік ауданда бұршақ дақылдары мен жүнді терең өңдеуге бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Нысан Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты ауыл шетіндегі теміржол мен Тараз-Алматы күре жолының бойында орналасқан. Онда қазір жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Серіктестіктің бас директоры Микаэль Хабибовтың айтуынша, жобаның жалпы алаңы 1 гектар аумақты алып жатыр. Нысанның жылдық қуаты 5 мың тонна. Жобаның жалпы құны 290 миллион теңгені құраса, оның 200 миллион теңгесі 2,5 пайыз жеңілдікпен алынған. Қалған 90 миллион теңге кәсіпорынның өз қаражаты. Қазіргі таңда зауыттың іргетасы қалануда.
Құрылысқа негізінен жергілікті тұрғындар тартылған. Зауыт іске қосылып, толық қуатына шыққан сәтте жұмысшы саны 60-70 адамды құрамақ. Серіктестік бүгінде зауытты шикізатпен қамту мақсатында жергілікті «Агрохолдинг Aspan» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативімен бірлесе жұмыс істеуде. Кооператив биыл 36 гектар алқапқа бұршақ дақылын орналастырған. Сондай-ақ егіс алқабын жинайтын 3 ауыл шаруашылығы комбайнын сатып алған. Бұршақтың Red Kidney сортты тұқымы Мексика елінен әкелінген. Оның өнімділігі гектарына 5-7 тонна аралығында болмақ. Өнімнің нарықтағы бағасы 1500 АҚШ долларын құрайды.
Бүгінде өнімді өткеру туралы шет елдермен келісімшарттар жүргізілуде. Аталған жобаға «Тараз» ӘКК арқылы бұршақ және жүнді терең өңдеу бағытына 100 миллион теңге көлемінде қаржы тартылған. Бұдан басқа «ANS-Plast» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі суару жүйелеріне арналған спринклерлік жабдықтар өндірісін кеңейту жобасын жүзеге асыруда. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 350 миллион теңгені құрайды.
Бүгінгі таңда серіктестік зауытқа қажетті жабыдықтар сатып алу үстінде. Серіктестіктің бас директоры Микаэль Хабибов зауыт құрылысын жоспарға сәйкес аяқтап, өнім өндірісін осы күзде бастап кетеміз деп отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы