Теңдік пе, әлде теңсіздіктің жаңа көрінісі ме?
Қазақ қоғамы бір кезде қыздың еріксіз тағдырына күйінетін. Өзінен жасы үлкен, сүймеген, жаны жат адамға зорлықпен ұзатылған қызды аяйтын. Оны заманның қасіреті дейтін. Ал қазіргі қоғамда қандай? Бүгінде дәл сол қасірет жаңа киім киіп, жаңа бояумен қайта оралды. Айырмашылығы кеше қызды шалға зорлап беретін, бүгін кейбір қыз шалға өз еркімен барып тұр. Бірақ сұрақ өзгерген жоқ. Бұл шын еркіндік пе, әлде заманның жылтырланған жаңа зорлығы ма?
Қазақ тарихындағы қыз тағдыры – тек махаббат хикаясы емес, ол көбіне қоғамның қатыгез шешімдерінің шежіресі. Бір кезде қыздың өмірі оның өз қолында болған жоқ. Әке шешті. Ру бекітті. Байлық өлшеді. Қалыңмал таразы болды. Қыздың жүрегі сұралмады. Оның арманы есепке алынбады. Қыз – адамнан бұрын «берілетін жақ» ретінде қабылданды. Сол дәуірдің ащы шындығын қазақ әдебиеті әлдеқашан айтып кеткен. Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы» қазақ қызының үнсіз қорланған тағдырының әдеби ескерткіші. Жамалдың қасіреті – тек сүйгеніне қосыла алмау емес. Жамалдың қасіреті – өз тағдырына өзі ие бола алмау. Ол – бір қыздың мұңы емес. Ол – тұтас дәуірдің соты. Біз бұл романды оқып отырып, кешегі қазақтың қаталдығына налимыз. «Қандай тасжүрек заман!» дейміз.
«Қыздың көз жасына қарамаған қоғам!» дейміз. Өйткені ол кезде қызды шалға беру – ашық зорлық еді. Жасырынбайтын, ұялмайтын, дәстүр деп ақталатын зорлық еді. Бүгінде заман ауысты. Заң өзгерді. Ұран өзгерді. Қоғам әйел еркіндігін, таңдау құқығын, теңдікті айта бастады. Қыз енді «жоқ» дей алатын болды. Өз тағдырын өзі шеше алатын дәрежеге жетті. Ол оқиды. Қала таңдайды. Жұмыс істейді. Қалағанын киеді. Қалағанымен сөйлеседі. Тіпті «таңдау өз қолында» дейміз. Біз осыны өркениет деп қабылдадық. Бірақ дәл осы өркениеттің ортасында жаңа бір көрініс бой көтерді. Кеше еркінен тыс шалға тұрмысқа шыққан қыздың орнына, бүгін өз еркімен шалға тиіп жатқан қыз келді.
Міне, осы жерде ең ауыр сұрақ туады. Бұл шын мәнінде бостандық па? Әлде ескі зорлықтың жаңа, жылтыр, заңдастырылған түрі ме? Бүгін қыздың тағдырына ешкім сырттай билік жүргізбейтіндей көрінеді. Бірақ шындық – мүлде тереңірек. Кеше қызды әкесі жеңсе, бүгін қызды қоғам жеңіп отыр.
КЕШЕГІ ҚҰЛДЫҚТЫҢ АТЫ АНЫҚ ЕДІ
Жақында әлеуметтік желіден қазақтың өрімдей жас қызының италиялық егде тартқан азаматқа тұрмысқа шығып жатқанын көзім шалды. Зәулім мейрамханада той жасап, әулеттің ақсақалы батасын беріп, ақ жол тілеп жатқан көрініс мені бейжай қалдырмады. Уақыт талабы қалай өзгеріп жатыр? Бұрынғы қазақ қоғамында қызды шалға беру жасырын қылмыс емес, жария қалыптылық болды. Қыздың келісімі көбіне рәсім үшін ғана сұралатын. Оның көз жасы «ұяңдық» саналды. Оның қарсылығы «еркелік» деп есептелді. Оның үні тіпті де естілмейтін. Біз сол заман туралы айтқанда, көбіне сыртқы салтты сынаймыз. Бірақ мәселе салтта ғана емес еді. Мәселе билікте еді. Себебі ол кезеңдерде қыз субъект емес, объект болды. Оның болашағы өзінің емес, өзгенің мүддесіне қызмет етті. Сол үшін де талай қыз сүймеген адамына тұрмысқа шықты. Қаншама әйел баласы өмір бойы «тағдыр» деп аталған үкімді арқалап өтті. Ол кезеңде трагедия айқын болатын. Қоғам да айыпты еді. Қысым да ашық түрде көрсетілетін. Сондықтан ол заманның күнәсін тану оңай болды. Кеше қызды шалға зорлап берген қоғамнан жирендік. Бүгін қызды шалға өз еркімен баруға итермелейтін қоғамды неге әлі айыптамаймыз?
Қазіргі уақытта ешкім қыздың қолын байлап, босағадан аттатып жатқан жоқ. Ешкім «осыған барасың» деп үкім оқып тұрған жоқ. Қыздың заңдық құқы бар. Оның келісімі бар. Оның таңдауы бар. Бірақ өмірдің ащы шындығы құқықтың болуы еркіндіктің толық барын білдірмейді. Қоғам қазір ең қауіпті қателікті жасап отыр. Ол таңдауды көріп тұр да, сол таңдаудың қай жағдайда туғанын көзге ілер емес.
Жас қыздың өзінен әлдеқайда үлкен, бай, орныққан, әлеуметтік салмағы бар ер адамды таңдауының артында не тұр? Махаббат па? Мүмкін. Бірақ кейде оның артында табыстың жетіспеуі, пәтер бағасы, тұрмыстың қымбаттығы, болашаққа деген үрей, жас жігіттерге деген сенімсіздік, жалғыз қалудан қорқу, әлеуметтік желінің жалған стандарты, «жағдайы бар адамға тисем, өмірім жеңілдейді» деген ішкі есеп тұрады. Сонда бұл жерде қыз адамды таңдап тұр ма? Жоқ әлде ол қауіпсіздікті, тіршілікті, құтқарушыны таңдап тұр ма? Біз осы сұрақтардан қашамыз. Өйткені бұл сұраққа жауап беру үшін қоғам өз бетіне өзі қарауы керек.
ТЕҢДІК ДЕГЕНІМІЗ КЕЗ КЕЛГЕН ТАҢДАУДЫ АҚТАУ ЕМЕС
Біз нені жеңдік? Қоғам кейде өзінің ең үлкен қасіретін жеңдік деп ойлап, сол қасіреттің басқа кейіпке енгенін байқамай қалады. Біз дәл қазір сондай кезеңде тұрмыз. Кешегі күні қызды шалға дәстүр итерді. Бүгін қызды шалға нарық итереді. Бұрын оған «ата-анаңның абыройы» деп түсіндірді. Бүгін оған «өмір деген – реализм» деп түсіндіреді. Бұрын «қызға сөз қайтару жараспайды» деді. Бүгін «махаббатпен қарын тоймайды» дейді. Бұрын қыз жылап барды. Бүгін кейбірі күліп барады. Бірақ адам күліп барады екен деп, оның жаны да күліп тұр деп ойлау қоғамның ең қатал соқырлығы. Өйткені бұрынғы мәжбүрлеу – дөрекі еді. Қазіргі мәжбүрлеу – мәдениетті. Бұрынғы қысым – қатал еді. Қазіргі қысым – жылтыр. Бұрынғы зорлық – айқын еді.
Қазіргі зорлық – келісім болып көрінеді. Міне, сондықтан бүгінгі кейбір «өз еркімен» жасалған шешімдерге қарап тұрып, біз: «Бұл – еркіндік» деп емес, «Бұл – еркіндікке ұқсап тұрған тәуелділік емес пе?» деп сұрауымыз керек. Қоғамда қазір бір қауіпті сән бар. Ол әйелдің кез келген шешімін автоматты түрде «теңдік» деп жариялау. Бұл – ойлаудан қашудың ең жеңіл жолы. Бір қыз өзінен 25 жас үлкен адамға тұрмысқа шықты ма? Бірден: «Өз еркі. Өз өмірі. Өз таңдауы. Демек, бәрі дұрыс» деп қабылдап жатамыз. Жоқ. Бәрі бұлай қарапайым емес. Теңдік – таңдаудың болуы ғана емес, теңдік – сол таңдауды тәуелсіз жағдайда жасай алу. Егер қыз ертең жалғыз қаламын деп қорықса, өзі қатарлас еркектен тұрақтылық таппаса, кедейліктен қашса, қорған іздесе, статусқа қызықса, өзін сақтап қалу үшін өзін саудаласа, онда бұл – сырттай таңдау болғанымен, ішкі жағынан мәжбүрліктің заманауи нұсқасы болуы мүмкін.
Қоғам осыны түсінбейінше, біз теңдік туралы тек ұран деңгейінде ғана сөйлейміз. Әрине, үлкен жас айырмашылығы бар некенің бәрін бірдей күнәға балауға болмайды. Қоғамда жас айырмасына қарамай шынайы сүйіспеншілікпен, құрметпен, түсіністікпен өмір сүріп жатқан жұптар бар. Оны жоққа шығару шындыққа қиянат. Бірақ жеке тағдыр мен қоғамдық үрдісті шатастыруға болмайды. Біз қазір бірен-саран махаббатты емес, қалыптасып келе жатқан әлеуметтік құбылысты айтып отырмыз. Ал мұндай құбылыста мәселе жас айырмасында емес.
Мәселе – билік айырмасында. Өзінен 20-30 жас үлкен ер адамның қолында көбіне ақша бар, тәжірибе бар, әлеуметтік салмақ бар, сөз өткізу мүмкіндігі бар, психологиялық үстемдік бар. Ал жас қыздың қолында не бар? Эмоция, үміт, иллюзия, бейімделу, қорған іздеу. Сондықтан мұндай қатынаста сұрақ «Екеуі заңды түрде келісім берді ме?», «Бұл қатынаста кім шарт қояды?», «Кім ережені белгілейді?», «Кім жоғалтудан көбірек қорқады? Қай жақ көбірек қорқатын болса, сол жақ көбірек тәуелді. Ал тәуелділік бар жерде теңдік туралы сөйлеу әдеби әшекей ғана.
ҚЫЗДАРДЫ АЙЫПТАУ – ҚОҒАМНЫҢ ӨЗ КІНӘСІН ЖАСЫРУЫ
Бұл тақырып қозғалғанда қоғам тез үкім шығарады. Бірі қызды кінәлайды. «Есеппен кетті», «жеңіл өмір іздеді», «байлыққа қызықты». Бірі керісінше «Өз еркі, ешкім араласпасын» деп ақтайды. Екі жақ та көбіне тереңге бармайды. Шын мәнінде, мұндай құбылыстың пайда болуы жеке адамның ғана емес, қоғамның да айнасы. Егер қыздар өзі қатарлас жігіттерден үмітін үзсе, онда бұл – қыздардың мінезінен бұрын, жігіттердің жауапкершілік дағдарысы. Неге қоғамда «жас жігіт тұрақсыз», «уәдесі көп, ісі аз», «отбасыға дайын емес», «қаржылық та, рухани да тірек бола алмайды» деген түсінік күшейді?
Бұл түсінік аяқ астынан туған жоқ. Егер ер азаматтың беделі тек сөзде қалып, іс жүзінде мақсат әлсіресе, еңбек құндылығы кемісе, жауапкершілік шегінсе, серт пен салмақ арзандаса, онда қыздың «қауіпсіз нұсқаға» бұрылуы қоғамдық заңдылық. Демек, бұл құбылыс қыздардың әлсіздігі ғана емес, ерлердің де әлсіреуінің айғағы. Қазіргі заманның ең ауыр шындығы – ол бәрін тауарға айналдырады. Сезімді де, арды да, таңдауды да, тіпті еркіндікті де. Бүгін «өз денең – өз еркің», «өз өмірің – өз таңдауың» деген ұрандардың астында кейде шынайы азаттық емес, жақсы оралған прагматизм жүреді. Қатынас кейде махаббат емес, ресурсқа қол жеткізу тетігіне айналады.
Ер адам серік емес, мүмкіндікке айналады. Әйел тұлға емес, бейімделу субъектісіне айналады. Сөйтіп екеуі де бір-бірін сүймейді, бірбірін пайдаланады. Біз мұны «қазіргі өмір» деп ақтаймыз. Бірақ шын мәнінде бұл адамзаттың ең көне қасіретінің заманауи нұсқасы.
ӨЗІ КЕЛІСТІ» ДЕГЕН СӨЗ – ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ ЫҢҒАЙЛЫ СЫЛТАУЫ
Қоғамда жиі айтылатын, әрі жалқау аргумент – «Өзі келісті» деген сөз. Иә, өзі келіскен шығар. Бірақ ол неге келісті? Қандай жағдайда келісті? Қандай тапшылықтың, қандай қорқыныштың, қандай жалғыздықтың, қандай үмітсіздіктің ішінде келісті? Осыны сұрамай тұрып, «өзі келісті» деу адамның таңдауын емес, оның шарасыздығын заңдастыру болуы мүмкін. Өйткені келісім әрқашан еркіндік емес. Кейде келісім шаршаудың аты. Кейде келісім қорғансыздықтың аты.
Кейде келісім үнсіз берілудің аты. Біз қыздың қолына құқық бердік. Бірақ кейде сол құқықты қолданатын өмірлік жағдайын түзете алмадық. Біз оған «таңда» дедік. Бірақ таңдауға лайық тең орта жасай алмадық. Біз оған «еркінсің» дедік. Бірақ еркіндікті қажет етпейтіндей қауіпсіз қоғам құра алмадық. Сондықтан бүгінгі кейбір көріністерді көргенде, өзімізге өте ауыр, бірақ өте шынайы сұрақ қоюға тиіспіз. Біз қызды шынымен босаттық па? Әлде оны ескі қамаудан шығарып, жаңа витринаға қойдық па? Кеше қыздың көз жасы оның еріксіздігін дәлелдейтін.
Бүгін қыздың күлкісі оның еркіндігін дәлелдей алмайды. Өйткені еркіндік күлімсіреу емес, еркіндік тәуелсіз таңдау. Ал егер таңдау қорқыныштан, кедейліктен, жалғыздықтан, қауіпсіздікке мұқтаждықтан туса ол таңдау емес, заманның жаңа мәжбүрлеуі. Кеше қызды шалға дәстүр сүйреді. Бүгін қызды шалға нарық, статус, қорқыныш, үмітсіздік сүйреуі мүмкін. Сондықтан біз әйелді босаттық деп мақтанбас бұрын, бір шындықты мойындауымыз керек. Кейде қоғам кісенді шешпейді, тек оны алтынға айырбастайды.
ЗОРЛЫҚТЫ ЕРКІНДІК ДЕП ҚАБЫЛДАУ – ҮЛКЕН ҚАСІРЕТ
Қоғамның ең үлкен қасіреті құлдықты көрмеу емес. Қоғамның ең үлкен қасіреті – құлдықты бостандықпен шатастыру. Кеше қыздың көз жасын көріп, «обал» деу оңай еді. Бүгін қыздың күлімсіреген суретін көріп, «бақытты» деп өте шығу одан да оңай. Бірақ адамзат тарихындағы ең қауіпті зорлық қамшымен жасалған зорлық емес. Ең қауіпті зорлық адамның өзіне жасалған қиянатты өз таңдауы деп сеніп қалуы. Егер қыз байлық үшін сезімін айырбастаса бұл жеңіс емес. Егер қыз қорған үшін өз теңдігін құрбан етсе бұл еркіндік емес. Егер қыз жалғыз қалмау үшін өз болмысын саудаласа бұл махаббат емес.
Бұл – таңдау болып көрінетін берілу, келісім болып көрінетін тәуелділік, теңдік болып көрінетін жаңа теңсіздік. Кеше қызды шалға зорлап беретін еді. Бүгін кей қыз шалға өзі барады. Бірақ осы екеуінің арасындағы айырмашылыққа мас атт анбас бұрын, бір сәт ойланып көрейік. Егер бұрындары қыздың денесін қоғам билесе, бүгін оның санасын жағдай билеп тұрса онда біз нені өзгерттік? Егер қыз бұрын «қор болдым» деп жыласа, бүгін «бақыттымын» деп жымиып тұрып ішінен өз тағдырымен мәміле жасаса онда бұл өркениет пе, әлде қасіреттің гримделген түрі ме? Шындықтың жүзіне тура қарауға батылымыз жетсе, мойындауға тура келеді. Біз әлі толық теңдікке жеткен жоқпыз. Біз кейде тек ескі әділетсіздіктің жаңа, қымбат, сәнді нұсқасына қол жеткіздік. Ал қоғамның ең ұят жеңілісі – сол әділетсіздікті «таңдау құқығы» деп қол шапалақтап қарсы алуы. Біз кейде өзімізді «Қазір басқа заман ғой» деп жұбатамыз.
Иә, рас, басқа заман. Ешкім қызды атқа өңгеріп әкетпейді. Ешкім өрімдей қыздарды егде адамға ашықтан-ашық зорлап қоспайды. Ешкім қыздың көз жасын «дәстүр» деп жуыпшаймайды. Бірақ біз бір нәрсені ұмытып кеттік. Зорлықтың ең қауіпті түрі – адамның өзіне оны еркіндік деп сендіріп қою. Бұрынғы Жамал жылап ұзатылатын. Сондықтан біз оның қасіретін көретінбіз. Бүгінгі Жамал күліп ұзатылып жатқандай көрінеді. Сондықтан біз оның қасіретін байқамаймыз. Біз кешегі қазақтың қараңғылығын көп айтамыз. Бірақ бүгінгі жарық қалалардың ішінде жүрген жаңа қараңғылықты мойындағымыз келмейді.
Кеше қызды шалға зорлап беретін қоғамнан жирендік. Ал бүгін қызды шалға өз еркімен баруға мәжбүрлейтін қоғамды «заманның шындығы» деп ақтап отырмыз. Кеше қыздың көз жасы көрінетін. Сондықтан оны аяйтынбыз. Бүгін қыздың көз жасы фильтрдің ар жағында қалды. Сол үшін оны бақыт деп ойлаймыз. Шындық мынау. Қызды шалға зорлап қосу – қасірет. Ал қызды шалға өзі барам деп сендіріп қою – одан да ауыр қасірет. Өйткені алғашқысы тәнді қорлайды. Ал екіншісі – сананы. Бақытсыз Жамал өлген жоқ. Ол бүгін қымбат мейрамханада неке жүзігін көрсетіп, әлеуметтік желіде мақтанып салып отыр. Бірақ сол мақтанның ар жағында қазақ қызының баяғы жалғыздығы, баяғы қорқынышы, баяғы үнсіздігі әлі тұрғандай көрінеді. Ендеше сұрақ біреу-ақ. Біз қызды шынымен азат еттік пе, әлде оның қасіретіне жаңа қаптама ғана кигіздік пе?.. Ойланатын мәселе...
Алпамыс ШӘМЕНҰЛЫ
Ақпарат саласының үздігі