Әлеумет

Атамды әркез мақтан етемін

«Дала академигі», «Малшылардың маршалы» атанған дәуірдің дарабоз тұлғасы Жазылбек Қуанышбаевты жұрт ешқашан жадынан шығарған емес. Ол кісі менің ғана атам емес, күллі қазақтың Жаз-атасы!

Өңірдің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан Жаз-ата өмірін аудан экономикасының өрістеуіне арнады. Қайнаған қызу еңбектің бел ортасында жүрді. Ата-анасынан жетім қалған Жазата қаршадай бала кезінен Жамбыл, Хантауы жерінде жүріп, еңбекте ысылады. Мойынқұм өңірінде алғашқылардың бірі болып ұйымдасқан «Кеңес» ауыл шаруашылық артеліне мүше болып кіреді. 1936 жылға дейін осы ұжымшарда шопан болып еңбек етеді. Ол кезде колхоздағы қой саны 600 бастан аспайтын еді. Оның үстіне тұқымы да әртүрлі, өнімі төмен. Жаз-атаның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өлшеусіз еңбегі – баршаға үлгі. Мал басын аман сақтау, ет пен жүнді молынан өндіру ісінде үнемі алдыңғы орыннан көрінді. Майданға азық-түлік, киім-кешек жіберу жұмысында да белсенділік танытты. Қаракөл қойының тұқымын үстемелеп, мемлекетке елтірінің 85 пайызын бірінші сұрыппен өткізгені, төл алудағы үздік жетістіктері үшін атамызға 1948 жылы «Социалистік Еңбек Ері» жоғары атағы берілді.

Бұл жетістікке қуанған ол жұмысын одан әрі жандандырды. 1957 жылы әр жүз саулықтан 144-тен қозы алып, әр қойдан екі килограмнан жүн қырқылды. Қаракөл елтірінің сапасы артты. Жазата келесі жылы мал басын толық аман сақтап, әр жүз саулықтан 145-тен төл алды. Әр қойдан 3,3 килограмм жүн қырықты. Қаракөл елтірісінің бірінші сұрпын 86,5 пайызға жеткізді. Осынау зор жетістіктері үшін 1958 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын екінші рет иеленді. Нәтижесінде КСРО Жоғарғы Кеңес Төралқасының Жарлығымен Бірлік ауылында атамыздың бюсті биік тұғырға орнатылды. Атаққа бәлсінбеген «маршал» атамыз жаңа белестерді бағындыруға кірісті. Әр жүз саулықтан 155-тен төл өргізді. Мал басын 99 пайыз аман сақтап, 8548 бас қозыны аман өсірді. Осы жылдары мемлекетке бір өзі 704 мың сом кіріс кіргізді. Аудан жұртшылығы 1963 жылы құрметті еңбек демалысына шығарса да, еңбеккеш атамыз үйінде жата алмады. Сүйікті кәсібі мал шаруашылығымен шұғылдануға ниеттенді. Өз ісіне қайта оралып, 1966 жылдың өзінде Жазатамыз әр жүз саулықтан 141-ден төл өргізіп, әр қойдан 4,8 килограмм жүн қырықты. Қаракөлдің бірінші сұрыпын 85 пайызға жеткізді. 1968 жылы қайтадан демалысқа шықты. Демалысқа шыққанымен, өзінің мол тәжірибесін жастарға үйретуден жалыққан жоқ.

Атамыз дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейін Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрінің қой шаруашылығы жөніндегі инспекторы қызметін қоғамдық негізде атқарып, көп жұмыс істеді. Тұлғаның жолын қуып, ізін жалғастырған шәкірттері жүздеп саналады. Үздіктерін атап өтсек, Социалистік Еңбек Ерлері Ділдәш Итбасова, Шоман Шәріпбаев, Құдайберген Біртаев және Мешітбай Қойшыбеков, Тыныштыбай Ахметжанов, Күләш Елубаева, Роман Байжиенов, Манаткүл Мұсатаева, Дүйсенбай Айранбаев, Бихан Оспанов, Әлтай Төлепбергенов, Күлзада Тілеубаева, Нұржамал Туғанбаева, Дәулет Шыныбаев, Айтжан Көпбергенов сынды шопандардың Жаз-атадан үйренгені көп. Дәл осындай тәрбиені Иген Аяпов, Майкөт Қарсақов, Сарыбай Әжтүрлиев, Махмуд Мухаури, Жолдыбай Шуылдақов сияқты өзге малшы, бақташылар да көрді.

Сондай-ақ, мал шаруашылығында Әлкен Жапаров, Шырынхан Қожабеков, Кемелбек Шынжарбеков, Бақытбай Қалыбаев, Шәйша Молдабаев, Әміризат Көпбаев сынды өндірістің орта буынын басқарған азаматтар «дала академигінің» тәлімін көрді. Ол кісі малшылық еңбегімен бірге қоғамдық істерге де белсене араласты. Екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1973 жылдың мамыр айында Алматы қаласында өткен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Пленум жұмысына қатысты. Жазушылар Сәбит Мұханов, Ғабит Мүсірепов, Әнуар Әлімжанов, Шерхан Мұртаза, Мұхамеджан Қаратаевтармен, КСРО Халық әртістері Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, әйгілі композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов және басқа да республикамызға белгілі жазушы, өнер адамдарымен кездесті. Ақын Асқар Тоқмағанбетовтың Жаз-ата мен Ыбырай Жақаевтың 1972 жылы Алматы қаласында кездесуі жөнінде: «Міне, осылай бас қосты екі батыр, Боп қалды кездескендей екі ғасыр. Бірі – тау, бірі – теңіз секілденіп, Екеуі жұбын жазбай келе жатыр».

Даңқты қаламгер Әзілхан Нұршайықовтың «Коммунист туралы сөз» кітабында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жәкеңнің қой бағу өнері жөніндегі ақыл кеңестері жарық көрді. Ауданда Жаз-атамның бұл сөздері шопанның қойын кітабы болып басылып, барлық малшыларға таратылды. «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеген «Ұстаз» атты туынды көпшілік назарына жол тартса, Шәмші Қалдаяқов шығарған «Мойынқұмда ауылым» әніне Жаз-атаның өнегелі өмірі арқау болған. Мэлс Өзбековтың «Жазылбекшілер маршы» әні малшылардың гимніне айналды. Ұрпақтары өсіп өніп жатыр. Тоқсан жастан аса ғұмыр кешкен аңыз атамның ісі – көпке үлгі.

 

Ләйла ҚОЖАГЕЛДИЕВА

Келіні

Жазылбек Қуанышбаев атындағы аудандық тарихи өлкетану музейінің директоры.