Әлеумет

«Мен бүгін әкемді айтып толғанамын...»

Мен Жаз атаның үлкен ұлымын. Биыл әйгілі шопан, малшы-селекционер, 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбайұлының туғанына 130 жыл толып отыр. Асқар тау әкемнің туған күніне байланысты осы мақаланы жазуды жөн санадым. Әкемді еске алып жазбағаныма да 5-6 жылдың жүзі болып қалыпты. Өзіміз айқындап айтып кетпесек, кейінгі жас ұрпақ біздің тарихымызды жақсы біле бермейді. Олар елдің, жердің тарихын, белгілі тұлғалардың өмір жолын білгендері дұрыс. Ол үшін үлкендер үлгі болып, жол көрсетуі тиіс. Сондықтан қолыма қалам алдым. Естіген, көзіммен көрген, көңілімде сайрап тұрған нәрселерді айтсам деген ой мені мазалай береді.

Алдымен әкемнің өмірін, еңбек жолын айтып өтейін. Әкем Жазылбек Қуанышбаев 1886 жылы Мойынқұм ауданы, қазіргі Жамбыл ауылының төменгі қыстақтарының бірінде дүниеге келген. Әкесінің есімі Қуанышбай екенін ел біледі, анасының есімі – Айткүл. Айткүл әжеміз Талдықорғанның қызы екен. Талдықорғандық Жалайырлардың ішінде Сыпатай руынан болатын. Бұны маған өздері еске салып айтып отырушы еді. Ал енді анамыз Жайшабала апам Орта жүздің ішінде Тарақты руының қызы болатын. Шу ауданы, Төле би ауылында туған. Ағасы Әлеуке мен жеңгесі Рахиманың қолында өскен. Әкем Жазылбек осы кісілердің қолынан 1940 жылдардың басында құда түсіп алған. Мұны апамның өзі әңгімелеп айтып отыратын. Жазылбек әкемнің мінез-құлқы, жеке қасиеттеріне де тоқталғаным артық болмас. Ол кісі көп сөйлемейтін, тұйықтау, бірақ ақкөңіл адам болды.

Алайда, ашуланған кезде әкемізді тоқтату оңай шаруа емес еді, өте қиын еді. Әкемнің еңбек даласындағы шәкірттеріне тоқталатын болсақ, айтатын нәрсе аз емес. Әуелі Ділдәш Итбасова апамыз ойға оралады. Ділдәш апамыздың күйеуі Әбілқасым ата әкеммен түйдей жасты, екеуі құрдас болатын. Сондықтан, кездескен жерде әзілдесе кетіп, қалжыңдары жарасатын. Көпке дейін әзілдесіп, өздерінің қалжыңдарына өздері күліп, риясыз сұхбаттасып, мәре-сәре болатын. Ділдәш апай аудан бойынша әкемнен кейін Социалистік Еңбек Ері атағын алған екінші адам болды. Әкем қой бағудың қыры мен сырын, малды қалай семіртудің технологиясын, малды ұрықтандыруды ұйымдастыру жұмыстарын жақсы білетін. Ол өз алдына – ұзақ әңгіме. Әкемнің Социалистік Еңбек Ері ретінде өмірінде қиыншылыққа тап болған, көптеген жазықсыз адамдарға қол ұшын беріп, құтқарғанын талай рет көрдім. Кінәсі жоқ талай адамды жазадан босаттырғанына көпшілік куә.

Халық біледі деп ойлаймын. Жазылбектің тұңғыш баласы болғандықтан, өте ерке болып өстім. Шынымды айтсам, жабайы бала сияқты едім. Мектеп партасында біразға дейін сарылып отыра алмай, әрең дегенде үйрендім. Менің алғашқы ұстазым Ізтілеу Орынбасаров деген ағай болды. Сабақтан қашып кетіп көршілес Әлиман апамның үйінде көрпенің астында тығылып жататынмын. Ізтілеу ағай мінезді адам еді. Кей кезде менің бұзықтығыма шыдамы таусылып, ұрып та алатын. Осы жайтты таудан ауылға келген кезінде Жазылбек атама шағым жасап, айтатынмын. Атам ерінбей орнынан тұрып, қолына қамшысын алып, Ізтілеу ағайдың үйіне барып, ұстазымды қамшымен аямай ұрушы еді. Менікі балалық қой, шіркін! Сөйтіп, алғашқы ұстазымды сабатқан кездерім болды. Кейінірек жігіт болған кезімде Ізтілеу ағай осы мінездерімді еске алып, мені ұялтқан еді.

1932 жылғы ашаршылық жылдары еліміз бойынша миллиондаған адам қырылғаны тарихтан белгілі. Бұл өте ауыр кезең еді. Көптеген адамдар аман қалудың жолын іздеп, Түркімен елін паналаған екен. Түркімен Республикасы Қазақстанда орын алған жағдайдан жақсы хабардар болған тәрізді. Түбі бір мұсылман халық болғаннан соң, кері итермей жақсы пейілмен қарсы алыпты. Сөйтіп көптеген адамдар аман қалған ғой. Ашаршылық өткен соң, көпшілігі аман-есен елге оралған. Жазылбек атам осы Түркімен сапары кезінде Жасұзақ есімді әке-шешесі жоқ, жетім баланы кездестіреді. Оған аяушылық танытып, өзінің қамқорлығына алған. Қайтарында, яғни, 1933 жылы өзімен бірге ала келген екен. Жасұзақ аға орта бойлы, қара торы жігіт еді. Ол Кіші жүздің ішінде Байұлы, оның ішінде Адай руының тумасы болатын. Бұны бізге өзі талай рет әңгіме арасында айтқан еді.

1960 жылдың басына дейін көмекші шопан болып еңбек етті. Осы жылы қатты ауырып, өмірден озып кетті. Алланың ісіне амал бар ма? Маңдайына жазылған өлшеулі тағдыры шығар. Әкем ол азаматқа көп жанашырлық көрсетті. Бірақ, не себепті үйленбегені маған түсініксіздеу күйінде қалды. Мүмкін денсаулығына байланысты болды ма екен деп осы күндері ойланамын. Мұнан соң әкем 1960 жылдың басында Меркі ауданының Шалдабар елді мекенінен Тұрғынәлі Мықтыбеков деген жігітті алып келді. Тұрғынәліні алып келген кезде әкем маған бұрыла отырып: «Бейбітжан, бұл ағаң бізге жиен болады. Есімі – Тұрғынәлі. Еркелікке салынып, ағаңды ренжітіп жүрме», – деп ескертті.

Оған «Ақтөбе» ұжымшарынан Өткелбай деген қарияның Аманкүл есімді қызына құда түсіп, алып берді. Аманкүл жеңгем Ғалия есімді қыз баланы өмірге әкелді. Тұрғынәлі аға мен Аманкүл жеңге елдеріне қайтқанша аянбай еңбек етті. Ғалияны Тұрғынәлі ағам Жайшабала апамызға қыз қылып берген еді. Өйткені, Тұрғынәлі аға мен Жайшабала апам Тарақты руының тумалары болатын. Екеуі бауыр сияқты жақсы сыйласушы еді. Тұрғынәлі кетерінде апама бұрылып: «Әпке, қызым сізге аманат» деп беріп кетіпті. Өкінішке қарай Ғалия қарындасымыз ауырып, өмірден ертерек озып кетті. Өмірде адамның ойлағаны бола бермейді. Жазмыштан озмыш жоқ деген осы шығар.

***

Әкемнің қой төлдететін көктеуі «Тоғыз» және «Тақыр» деген жайылым еді. Көршіміз Ағысбек деген кісі болатын. Ағысбек ағаның арғы түбі Бибек атадан тарайды. Ал қойды қашыруға арналған пункт «Жиделі» станциясына жақын жерде орналасты. Әрібері жөңкіліп жүрген пойыздардың тарсылы мен гүрсілі естіліп тұратын еді. Көршіміз ылғи Төлеубек ата болатын. Бұл кісінің Бақдәулет, Оңғар атты екі ұл баласы және Мейраш атты қызы болды. Мейраш менімен жасты болатын. Екі ұл баласы дүниеден ертерек озып кетті. Ал қызы Мейраш қазір Тараз қаласында тұрады. Атамның қыстауы Хантауының орта тұсына кіре берісте екі отар қойға арналып салынған еді. Бұл қыстау «Сұңқар» деп аталатын. Тыныштыбай Ахметжанов деген ата да көрші қонды. Тыныштыбай көршісімен де атам сыйласып, жақсы күндерді бірге өткізді. Әкем жаз жайлауын «Өскенбай» сайында және кей кездері «Мұқатай» сайында өткізетін еді.

Бұл жерде біз Бұлан атамен көрші боламыз. Бұлан атаның кемпірі Сәлім апамның есімін ұзақ жылдар бойы ұмытқан емеспін. Өйткені, Сәлім апамыздың ақындық өнері бар еді. Әнді айтқан кезде дауысы керемет. Тау етегінде сол уақыттарда Мұқатай деген атақты кісі өмір сүріпті. Мұқатай ата бай адамның ұрпағы болса керек. Сай осы кісінің есімімен аталады. Совхоздың қой қырқымы да осы жерде ұйымдастырылатын. Қырқымға арналған бірнеше баспана үйлер бар. Мұқатай ата сол үйлердің бірінен дүкен ашып қойған. Арқаға баратын жолдың үстінде болғандықтан, дүкеннің саудасы жақсы жүретін. 5-6 бие саудырып, қымыз сатушы еді. Үйіне жиі баратынмын. Өйткені, ол кісінің баласы Биғайша менімен қатар еді. Екеуміз бірге ойнаушы едік. Одан сұрастырып білгенім, рулары – Сәмбет, Балуан Шолақ ауылының тумасы екен.

1948 жылы КСРО-ны Сталин басқарып тұрған кезде, яғни, әкем алғашқы алтын жұлдызын алған кезде, Әшім Тоқсейітов деген кісі «Кеңес» ұжымшарының төрағасы болған екен. Ал, Көктерек ауданын Шорабеков деген кісі басқарып тұрыпты. Әшім ағаны 1964 жылы Көктерек ауылына көшіп келгенде бір-ақ көрдім. Ол кезде Әшім аға «Көктерек» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүр екен. Бұл кісі әкем бірінші алтын жұлдызын алатын жылдары әкеммен бірге еңбек еткен, алтын жұлдызды алуына ықпал еткен партия қызметкері болатын. 1958 жылы атам екінші алтын жұлдызын алғанда ауданды Уәлихан Қайназаров деген кісі басқарып тұрған екен. Ол кездегі әкемнің көрсеткіші әр жүз саулықтан 155 қозы алған. Қаракөл қозысының терісі 86 пайыз көрсеткішпен бірінші сортпен өтіп, әр қойдан 4 килограмм жүн қырыққан. Мал шаруашылығына сіңірген осынау елеулі еңбегі үшін екінші мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы беріліпті. Мұндай жоғары атаққа екінші рет қол жеткізген адамға туған елінде ескерткіш орнататын заң болған. Әкеме ескерткіш 1960 жылы Бірлік ауылының орталығына орнатылды. Ескерткіштің ашылуына халық өте көп жиналып, үлкен салтанатты жиын болған еді.

Жазылбек атамның Түркмениядан алып келген баласы Жасұзақ 1960 жылдың қаңтар айында ауырып қайтыс болғанын жоғарыда айттым. Ол кісінің жерлеуін ұйымдастырып, Кеңес ауылы үлкен құрметпен мәңгілік сапарына шығарып салды. Бұдан кейін әкеме көмекші шопандық жұмысты бізге жиен болып келетін Тұрғынәлі Мықтыбеков деген кісі атқарғанына да жоғарыда тоқталып өттім. Тұрғынәлі ағай әкем зейнеткерлікке шыққанша көмекші шопан болып еңбек етті. Жазылбек атам ақ таяғын және отарын жас шәкірті Бөгенбай Бидасбаевқа өткізгеннен кейін Тұрғынәлі ағаға шын ықыласымен ризашылығын білдіріп, еліне қайтуына рұқсатын берді. Батасын да берді. Тұрғынәлі аға әйелін ертіп еліне қайтып кетті.

1965 жылы Жазылбек атам құрметті еңбек демалысына шықты. Әр адамға өзінің туған жері қымбат екені белгілі. Сондықтан болуы керек, әкем туған жерін, елін айта берді. Соны байқаған сол кездегі аудан басшысы Айтбай Назарбеков 1968 жылы Жамбыл ауылынан еңселі үй салдырып, атаны көшіріп әкелді. Екі дүркін Социалистік Еңбек Еріне осылай тағы да құрмет көрсетілді. Осылайша біз Жамбыл ауылына, яғни, әкем туған мекенге көшіп келдік. Ол үйде біраз жыл отырғаннан кейін әкем аудан орталығына көшті. Аудан басшылары солай шешкен екен.

1967 жылы әкемнің кіші әйелі Әлімхан апамыз дүниеге егіз ұл – Қойшыбай мен Тойшыбайды әкелді. Бұл сәт әке өміріндегі үлкен қуанышты жағдай еді. Осы қуанышқа байланысты Көктеректе үлкен той өтті. Әкем аудан орталығына көшерде отырған үйін аманаттап маған тапсырды. Қазір осы үйде тұрып жатырмын. Жазылбек атам колхозшылардың ІІІ съезіне делегат болып қатысты. Жоғарыдағы суретте аудандық комсомол комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Әуезхан Мырзаханов екеуі колхозшылардың ІІІ съезіне қатысып қайтқан кездегі суреті. Сол кезде түскен екен. Съезд қазіргі Санкт-Петербург (сол кездегі Ленинград ) қаласында өткен. Екеуі әйгілі Нева өзенінің жағасында суретке түскені осы күндерге естелік болып жетіп отыр. Қазір өзім де 75 жастамын. Басыма әртүрлі ой келеді. Әкемнің есімін ардақтап жүрген барша көпшілікке алғысымды білдіремін. Биыл әкемнің туғанына 130 жыл. Бұл мереке әкемнің еңбегі сіңген ауданда кең көлемде тойланады деген ойдамын.

 

Бейбіт ҚУАНЫШБАЕВ

Жазылбек Қуанышбаевтың үлкен ұлы.

Мойынқұм ауданы