Аймақ

«Жейделерінде ұлымның есімі жазулы тұрғандықтан ойыншылардың бәрін өз баламдай көремін...»

Туған жердің түтіні түзу ұшсын деген ниетпен туған ауылының дамуы үшін барын салатындарды нағыз ерлер десе болғандай. Түп тамыры туған елі екенін шын жүрегімен ұғынып, жұртының абыройын асқақтатуда еңбегін де, сұғанақ пиғылдылардан қорғауда жанын да аянбайтындар тек соғыста ғана емес, бейбіт күнде де ерлік көрсете алады. Жамбыл ауданының Шайдана ауылында туып-өскен Әділ Байұзақов жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін спорт ардагері Сенбек Байзақұлымен бірлесіп, спорт кешенін салып берді. Сонымен қатар сол ауылдың футбол командасына қолдау көрсетіп, үнемі демеушілік көрсетіп келеді.

Бүгінде «QAZAQGAZ AIMAQ» Жамбыл өндірістік филиалында сервистік қызметінің басшысы қызметін атқарып жүрген Әділ Әбуұлы «ШайданаАлмаз» футбол командасының жетекшісі. Елдік мүдде үшін атқарған еңбектері еленіп, «Қазақ футболына 110 жыл», Жамбыл ауданына сіңірген еңбегі үшін және Елеулі еңбегі үшін, «Қазақ газға еңбегі сіңген ардагер», Еңбек даңқы 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі төсбелгілерімен марапатталған. Жастарға қолдау көрсетіп, бірқатар қайырымды істерге ұйытқы болып жүрген Әділ Байұзақовпен сұхбаттасып, қоғамдық мәселелер төңірегінде әңгімелескен едік.

– Әділ Әбуұлы, ұзақ жылдан бері газ саласында қызмет етіп келесіз, сонымен қатар спортшы жастарды қолдауда да атқарған еңбегіңіз елеулі. Жас спортшыларға көңіл бөлуіңізге не түрткі болды?

– Кез келген адам өзінің туған елін көркейтуге үлес қосуды басты мақсат етеді деп ойлаймын. Себебі, жарық дүниеге келгеннен бастап сол жердің ауасын жұтып, топырағында аунап өсеміз, туған елге еркелеп, солардың өнегесімен жетілеміз, үйреткен ісін өмірлік кәсібімізге айналдырамыз. Туған жерің, елің болмаса, кешкен күнің не болар еді? Ал туған елдің өркендеуі көпшіліктің еңбектеніп үлес қосуымен ғана жүзеге асады. Мысалы, өзім көрген игіліктер туған жұртымның себепкерлігімен маған жетті емес пе, сол секілді мен де өзімнен кейінгілер үшін бір іс жасауым керек. Әрине, бәріміз де оқып меңгерген мамандығымызбен тұрақты жұмыс істейміз. Алайда ол – отбасымызды, бала-шағамызды асырау үшін тұрақты жалақы алып, елдің бір саласында қызмет ету. Одан бөлек, атқарған ісіңе ешқандай ақы сұрамай, тек туған елдің ортақ мүддесін көздеп, халқыңның бір кәдесіне жарап жатсаң, мына өмірдегі ең үлкен бақыттың бірі – сол. Туған ауылым Шайдана – шағын ғана, не бары жүз-ақ үй қоныстанған елді мекен. Бірақ ауылдастарым өте ұйымшыл. Кез келген істі бірігіп атқарып жатады. Ал өнерге, білімге, спортқа құмар жастар енді ғана бүршік атқан жас өскін секілді. Жас өскінді уақтылы суын құйып, топырағын қопсытып, күтімін жасамасаң, ары қарай көтерілмей, қисайып бітіп, тез қурайды. Жасөспірім де тура сондай. Сондықтан қолдан келгенінше жастарға қолдау көрсетіп, талабын құптап, ары қарай жетілуіне қажеттісін қамтысақ, бүтін бір елдің болашағына даңғыл жол ашамыз. Біздің ауылдың спортсүйер жастарынан да мен осындай кемел келешек көремін. Бірде ауылдағы ағам, спорт ардагері Сенбек Байзақұлы ауыл жастары спорттан біраз жетістікке қол жеткізіп жүргендерін, оларға жаттығу үшін арнайы орын керегін, соған көмектесуімді айтты. Сол ұсыныспен спорт кешені салынды. Сенбек аға барлық дәнекерлеу жұмыстарын өзі істеді, ауыл жастарын ұйымдастырып, мен де дәнекерлеуші ісін меңгергенмін ғой, ағаның қасында қолғабыс етіп, кешенді салуға бәріміз жұмылдық. Сол жерде жаттығатын жас футболшылардың түрлі жарыстарда басқалармен бақ сынап, шыңдалуына қолымнан келгенінше көмектесіп келемін. Ол футбол командасындағы жігіттер осы істері үшін ақы алмайды, керісінше ауылдың, елдің намысын қорғап, жанын сала жарысқа түседі. Әрқайсысының өз отбасы үшін еңбектенетін жұмыстары бар, біреуі құрылыста, енді бірі мал бағады дегендей. Ал белгілі бір мекемелер бар, командадағы футболшыларына тұрақты жалақы төлейтін. Командамыздың жігіттеріне «Жалақы алу үшін футбол ойнап, жарысқа түсетіндердің қасында сендер ауылдың намысы үшін ақ тер-көк тер болып алаңға шығатындықтарыңмен ерексіңдер. Ақша үшін емес, еліңнің абыройы үшін сынға түскенде рухтарың биік болуға тиіс» деймін үнемі. Негізі адамға сөз де жігер береді ғой, шүкір, спортшыларымыздың жеңістері аз емес.

– Өзіңіз қолдау көрсетіп жүрген туған ауылыңыздың жас спортшылары біріккен футбол командасы «Шайдана-Алмаз» деп аталады, бұл атауды қандай с ебептермен т аңдадыңыздар? Сонымен қатар облыста «Жыл командасы» атағына ие болыпты, мұндай биікке жетуге кімдердің еңбегі көбірек сіңді?

– Шайдана – ауылымыздың аты. Ал Алмаз – өзімнің ұлым, спорттың жекпе-жек түрімен шұғылданатын, көздеген үлкен мақсаттары бар еді, бірақ Жаратушымыздың қалауымен 25 жасында өмірден озды. Өзі таңдаған спорт түрінен біраз жарыстарда сынға түсіп, облысымыздың жеңімпаз ұландарының қатарын толықтырып келе жатқан ұлымның жеңісті жолы жұғысты болсын деген ниетпен және жаст ардың ұсынысымен командамыздың атына қостық. Бұрын Шайдана ауылының футбол командасы деп аталып жүрген командаға «Шайдана-Алмаз» атауы 2020 жылы берілді. Негізі бұл командаға барын сала жетекшілік етіп жүрген, талантты жігіт Азамат Құрбановтың ұсынысымен мені жетекші деп сайлап, балалармен бірге өзім де футболға қатысатын болдым. Командамыздың футболшыларына арналған формада ұлымның есімі жазылып тұрғандықтан олардың бәрін өз балам деп құрметтеймін, үнемі білгенімді айтып, жарыс алдында ұранды сөздермен қанаттандырып отырамын. Шүкір, командамыз үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Облыста 2024 жылы біздің командамыз «Жыл командасы» және кіші футболдан «Облыс жеңімпазы» дәрежесін иеленді. Азамат Құрбанов бастаған Айдын Есенгелді, Ерік Досымов, Бекарыс Жұмаділда, Заңғар Аманалы, Рамазан Есенгелді, Елдар Әуесхан, Ілияс Алмабек сынды шебер ойыншыларымыз артынан ерген інілеріне өздері меңгерген әдістерді үйретіп, команданы алға сүйреп келеді. Кейінгі жылдары «Шайдана-Алмаз» футбол клубы облыстағы әуесқойлар арасындағы футбол лигасында 2 рет күміс жүлдегер және 2 рет І орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Олардың қарқынды қадамдарына қарап, әлі алда талай биіктерді бағындыратындарына сенемін. Аудандық әкімдік тарапынан да спортқа көңіл бөлініп, ауылдағы спорт кешеніміздің жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылып келеді. Былтыр күзде аудандық әкімдік қажетті қаржы бөліп, тоза бастаған тұстарын жөндеп, қайта жаңартып берді, аудан басшыларына ризашылығымды білдіремін. Себебі, салынғалы 14 жыл болған, ескіре бастап еді.

– Үлкен әулеттен шыққан, он сегіз балаға өмір сыйлап, тәрбиелеген отбасының он жетінші баласы болып өскен азамат ретінде отбасы құндылығы туралы ойыңызды білсек.

– Халқымыз «Балалы үй – базар» деп бекер айтпайды. Көпбалалы отбасының тәрбиесі де, берекесі де бөлек. Ондай отбасынан шыққан балалар өте бауырмал және қамқор болып өседі. Өз әулетімдегі он сегіз бауырдан бүгінде жетеуіміз бармыз. Шүкір, әкеміз бен анамыздың ұстанған тәлімі әрбіріміздің шаңырағымызда тамырын үзбей жалғасып келеді. Қазір өзім екі ұлдың әкесімін. Біз бала күнімізден бірбіріміздің киімімізді киіп, жарты нанды бөлісе жеп, біріміздің ісімізді бәріміз жабыла атқарып өстік. Ауылда біздің үйімізді жөндейтін болса, ағаларым келіп бәрін істейтін, солардан үйреніп, құрылысқа жақын болып өстім. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, отбасы адамның болашағына, бүкіл тағдырына үлкен әсерін тигізеді, атаананың іс-әрекетінен, сөзінен бойға мінез, тәрбие сіңіреміз. Ал көпбалалы отбасынан шыққандар ортақ іске жұмылуға бейім болып шығады, өзгелерге қажет кезде көмектесуге дайын тұратын қасиет қалыптасады. «Оң қолың бергенді сол қолың білмесін» дейді ғой, дегенмен Құранда садақаның екі негізгі түрі – жария, яғни көрсетіп және жасырын берілетін садақа бары айтылған. Жария садақа ықыласпен, өзгелерге үлгі болу үшін көрсетіліп беріледі екен. Осыны оқығалы бері, кейбір істерімді басқалар да білсін деген оймен айтып жүретінім бар. 2007 жылы ақылшым болған ағам Сенбек Байзақұлына «Өз еліміздегі және Өзбекстандағы ата-бабаларға зиярат етіп жүрміз, енді қажылыққа барып, мұсылмандық бір парызымызды өтесек» деп ұсыныс айттым. Қасиетті сапарға қажетті қаржыны табу үшін мініп жүрген көлігімді сатуды жоспарладым. Ағам ауылдың имамы Тұрғынбек Оңғарбаев ақсақалды да бірге алып баруды құп көрді. Сұрастырсақ, қажылыққа бару 2 адамға 4 мың АҚШ доллары екен, Алланың қалауы ғой, менің де көлігім сол бағаға өтті. Сонымен екі ақсақалды жіберіп, өзім ол жолы бара алмай қалдым. Қасиетті мекенде жүрген ауыл имамы «Қара басымызды хан қылған Әділдің тілеуін Алла берсін!» деп бата берген еді, шүкір Жаратқан Ием кейін көліктің неше түрін мінгізді ғой. Ауыл ақсақалдарының қажылыққа баруына себепкер болған мені 2012 және 2023 жылы екі ұлым қажылыққа жіберді. Біреудің игілігіне көмегің тисе, сенің жақсылыққа жетуіңді Жаратушы Өзі бұйыртады. Ешбір іс-әрекетіміз жауапсыз қалмайды, жақсылық жасасаң да, жамандық істесең де өзіңе қайтып келеді. Отбасында балаларға осыны көбірек айтсақ, мейірімді, жанашыр, қамқор қоғам құра аламыз.

Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.