Жаңалықтар

Жамбылдық жас зерттеушілердің ғылымға деген құлшынысы қуантады

Ғылыми зерттеу – елдің жарқын болашағына бастар қадам. Ал ғарыш әлемін зерттеу тіршіліктің тынысын аша түседі. Өткен аптада, анығырақ айтсақ, 8-12 сәуір аралығында елордада ұйымдастырылған «Ғарышқа қадам» жас ғалымдардың Халықаралық жарысы ғарыш саласындағы отандық және әлемдік жетістіктерді насихаттап, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуды көздеді. Ғарышкерлер күні мен Ғылыми қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған жас зерттеушілердің байқауына еліміздің барлық өңірлерінен, сондай-ақ Қытай (Гонконг арнайы әкімшілік аймағы) мен Түркиядан шамамен 200 оқушы және 20 ғылыми жетекші қатысты. Солардың ішінде облысымыздың 10 оқушысы топ жарып, жеңіске жетті.

Нақтырақ айтсақ, Астана қаласындағы №115 жалпы орта білім беретін мектеп базасында 9-11 (12) сынып оқушыларына арналған «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық ғылыми конкурсынан Тараз қалалық білім бөлімінің №40 гимназиясының 10-сынып оқушылары Адина Омарова, Федор Щербаков, Инсар Жаманқұл І орынды олжалады. Осы гимназияның 9-сынып оқушылары Кирилл Фаст, Виктор Мельников, Максим Хегай жүлделі ІІІ орынның биігінен көрінді. Ал дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицейинтернатының 9-сынып оқушылары Нұрсәт Рахым, Мирас Сәкенұлы ІІ орынды жеңіп алды.

Сонымен қатар Тараз қалалық білім бөлімінің №12 мектепгимназиясының 11-сынып оқушылары Ерасыл Абдықадыр, Арнұр Болатбек Алғыс хатпен марапатталды.

Мазмұнды әрі тәжірибеге толы болған Халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми жарысына оқушыларды әзірлеген дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының мұғалімі Дәулет Рақманқұл тынымсыз еңбекпен үлкен дайындық жүргізілгенін айтты. – Оқушылар ұзақ дайындалып, еңбектері бағаланғанына қуанып отырмыз. Бірінші кезеңде оқушылар су ракетасының моделін жасап, оның жұмыс істеу принципін теориялық тұрғыдан түсіндірді. Екінші турда Астанада су ракетасын құрастырып, 20 командамен жарысқа түсті. Дайындық кезінде қолдау көрсеткен «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығына рақмет, оқушыларды жетекшілік етіп, осы орталықтың маманы алып барып, келді.

Оқушылар мектебіміздің ғана емес, облыстың абыройлы атын шығарып, бәріміздің үмітімізді ақтады. Бәріміз қуаныштымыз, – дейді оқушысы сайысқа түскенде тақымын қысып, тілеулес болған ұстаз. Дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау, жасөспірімдер арасында ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылықты арттыру мақсатындағы жарыс үш бағыт бойынша жүргізілген.

Атап айтқанда, AEROO Satellite Launch Competition аясында қатысушылар наноспутниктерді жобалап, құрастырып, ұшырды. AEROO Space AI Competition секциясында жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, ғарыштық жобалар әзірленді. «Күн жүйесі» AEROO Rocket Science Competition бағыты бойынша су және модельдік зымырандар құрастырылып, сынақтан өткізілді. Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «AEROO» компаниясы ұйымдастырған жарыстың қорытындылау салтанатына Оқуағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, жеңімпаздарды арнайы марапаттады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА