Қоғам

Көне ескерткіштерге қарап өте салма...

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихимәдени музей-қорығы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Ескерткіштер туралы не білеміз?» атты TEDx іс-шарасын ұйымдастырды. 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні қарсаңында өткізілген іс-шарада жастарға тарихи ескерткіштердің мән-маңызын ұғындыру көзделді.

Облыстағы республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерді насихаттау, ұлттық мұраға деген құрметті арттыру және жастардың тарихи санасын қалыптастыру, мақсат етілген іс-шараға студенттермен қатар тарихшылар, зерттеушілер, ғалымдар қатысты. Ғылыми зерттеулердің өзектілігін арттыру, ғалымдардың идеяларын кеңінен насихаттау, ғылыми ойды қоғаммен байланыстыру арқылы инновациялық мәдениетті дамыту негізге алынды.

Осындай маңызы зор іс-шараның университетте ұйымдастырылуы болашақ мамандарды оқытып, тәрбиелеу ісіне үлкен үлес қосатынын аталған оқу орнының ректоры Ләззат Еркінбаева атап айтты.

Қатысушылар назарына «Көне Тараз» қалашығы тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды. Кешегілерден қалған ізді зерттеуде еңбектеніп жүрген ғалымдар құнды тарихи деректерді әңгімелеп, дәлелді мәліметтермен бөлісті. Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылымизерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Сәмен Құлбарақ «Тарихи аңыздар бедеріндегі ескерткіштер» тақырыбында ой қозғаса, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалы Қарахан, Тектұрмас кесенелері туралы әңгімеледі.

М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Дулатитану және өңір тарихы» ғылымизерттеу орталығының басшысы, қауымдастырылған профессор, PhD докторы Альбина Максутова, осы университеттегі Дулати музей меңгерушісі, тарих ғылымдарының магистрі Ақсәуле Қалабаева, Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты Рахат Тобажанов және тағы да басқа тарихшылар өз ойларын ортаға салды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА