Аймақ

Автобуспен ел ішін аралап, оқуға шақырып жүр

31 наурыз күні М.Қозыбаев университетінің SERPIN WAY 2.0 командасы брендтелген автобуспен Петропавл қаласынан жолға шыққан болатын. 23 күнге жоспарланған бұл ауқымды сапар барысында студенттер, оқытушылар, университет қызметкерлері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері мен мансап орталығының өкілдері Қазақстан бойынша 6 мың шақырымнан астам жол жүріп өткен.

Жобаның мақсаты – талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдау шарттарымен, білім беру бағдарламаларымен және грант мүмкіндіктерімен кеңінен таныстыру. Әсіресе Аризона университетімен бірлескен қос дипломды бағдарламалар жастар үшін үлкен мүмкіндікке айналып отыр. SERPIN WAY 2.0 керуені еліміздің бірнеше өңірін қамтып, ірі қалалармен қатар шалғай елді мекендерге де барып, оқушылар, ата-аналар және ұстаздармен кездесулер өткізді. Сонымен қатар керуен Тараз қаласындағы №69 орта мектепте болып, жоғары сынып оқушыларына және олардың ата-аналарына арналған мазмұнды кездесу ұйымдастырды.

Іс-шараға танымал блогер Бурахан Даханов қатысып, солтүстік өңірлердің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері туралы қызықты мәліметтермен бөлісті. Кездесу барысында оқушыларға «Серпін» бағдарламасының тиімді тұст ары, білім а лу шартт ары, гранттар мен болашақтағы жұмыс мүмкіндіктері жан-жақты түсіндірілді. Ашық форматта өткен жиында жастар көкейіндегі сұрақтарына нақты жауап алып, өз болашағына қатысты маңызды ақпараттармен қанықты.

Жоба жетекшілерінің бірі, университеттің маркетинг бөлімінің басшысы Олжас Мұхтар бастаманың мәніне тоқталып, оның ауқымы мен маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба оқу орны басшылығының бастамасымен жүзеге асып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауына ие болған. Қазіргі таңда керуен Жамбыл өңіріне дейін 9 аймақты аралап үлгерген, ал алдағы бағыт Түркістан мен Қызылорда облыстарына жоспарланған.

Ол өз сөзінде «Серпін» бағдарламасының жастар үшін ашып отырған мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Бағдарлама еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі талапкерлерге солтүстік аймақтарда тегін білім алып қана қоймай, кейін тұрақты жұмыс табуына да жағдай жасайды. Университет бұл бағытта ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеді және осы уақыт ішінде көптеген студент білім алып, өмір жолын қалыптастырды.

Сонымен қатар оқу орнында студенттерге барынша қолайлы орта қалыптастыруға мән берілген. Жатақхана мәселесі толық шешілген, барлық студенттерді оқу кезеңінде орынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, оқу аяқталғаннан кейін түлектерді жұмысқа орналастыру ісі де жүйелі түрде жүзеге асады. Университеттің мансап орталығы мен серіктес ұйымдарымен байланысы бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізуге ықпал етуде.

Айта кету керек, «Серпін» бағдарламасы – әлеуметтік маңызы жоғары жобалардың бірі. Ол еңбек күші көп өңірлер мен кадр тапшылығы байқалатын аймақтар арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған. Бағдарлама аясында білім алған түлектер үшін міндетті жұмыс өтеу мерзімі де жеңілдетілген. Жоба аясында жоғарыда аталған университеттің 4-курс студенті Лейла Берікова бастаманың жастар үшін маңызын айрықша атап өтіп, ұйымдастырушыларға ерекше алғысын жеткізді. SERPIN WAY 2.0 керуені алдағы күндері сапарын жалғастырып, сәуір айының соңында Петропавл қаласына қайта оралады.

Жалпы, бұл жоба – жастарға бағытбағдар беретін, олардың болашағына жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды бастама. Тараздағы кездесу соның жарқын дәлелі болды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ