Аймақ

«Айша бибі» әйелдер клубы ашылды

Экономикамызға қомақты үлес қосып жүрген әйел кәсіпкерлер біздің өңірде өте көп. Олар қай істі қолға алса да түрлендіріп, дамыта түседі. Сегіз қырлы, бір сырлы арулар қай қырынан алсаң да мықты. Amanat партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті базасында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің ашылу салтанаты өтті.

Аталған жоба партияның «Айша бибі» өңірлік бастамасы аясында жүзеге асырылып, әйелдердің басқарушылық қабілеттерін дамытуға, көшбасшылық дағдыларын жетілдіруге және оларды шешім қабылдау деңгейіне тартуға бағытталды. Сонымен қатар бастама жергілікті және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті әйел кадрлар пулын қалыптастыруға, қоғамдағы гендерлік теңгерімді нығайтуға ықпал етті. Іс-шараға партия жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, «Әйел аманаты» жобасы аясында іріктелген 100-ге жуық қатысушы, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы мен қоғам қайраткерлері қатысты. Шара барысында «Айша бибі» әйелдер көшбасшылық мектебінің оқыту бағдарламасы таныстырылып, жоба аясында тараптар ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Бағдарламада көшбасшылықтың теориялық негіздері, жеке даму, коммуникация, шешім қабылдау және қоғамдық белсенділік бағыттары қамтылды. Іс-шара аясында көшбасшылық мектебінің алғашқы оқу модулі бастау алып, қатысушылар көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған теориялық және практикалық тапсырмалар орындады.

«Айша бибі» көшбасшылық мектебі әйелдердің әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуына және жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң атанады деп сенеміз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА