Аймақ

Жеті минуттың ішінде өз идеяларын қарапайым тілде жеткізді

10 сәуір – Ғылым күні аясында Тараз қаласындағы «Достық» үйінде ерекше форматтағы мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. «ҒЫЛЫМ TALKS» атты TED-алаңы ғылымды көпшілікке жақындатуды мақсат еткен маңызды бастамалардың бірі ретінде өтті.

Аталған іс-шараны Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен қаладағы жоғары оқу орындары бірлесіп ұйымдастырды. Бұл – ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған тың жоба екені бірден байқалды. TED форматында өткен алаңда жоғары оқу орындарының ғалымдары, профессороқытушылар құрамы және жас зерттеушілер өз ғылыми тәжірибелерімен бөлісті. Әрбір спикер 7-10 минут ішінде өз идеяларын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізіп, ғылымның күрделі емес, қолжетімді екенін дәлелдеуге тырысты. Бұл формат тыңдарманға ерекше әсер сыйлап, ғылыми ойлауға деген қызығушылықты арттырды.

Іс-шара барысында қатысушылар түрлі бағыттағы зерттеулер мен тың жобалар туралы мәлімет алып, ғылымның қоғамдағы рөліне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Әсіресе жас ғалымдардың батыл идеялары мен жаңашыл ойлары көпшіліктің назарын аударды. «ҒЫЛЫМ TALKS» алаңының басты ерекшелігі – ғылымды тек академиялық ортада ғана емес, кең аудиторияға түсінікті түрде жеткізуінде.

Бұл өз кезегінде жастардың ғылымға деген қызығушылығын оятып, олардың зияткерлік әлеуетін ашуға жол ашады. Мұндай форматтағы кездесулер ғалым бейнесін заманауи, креативті әрі ашық тұлға ретінде қалыптастыруға да ықпал етеді. Ғылымның дамуы – елдің дамуы екені белгілі. Сондықтан осындай алаңдар жас буынға үлкен серпін берері сөзсіз.

Жалпы, «ҒЫЛЫМ TALKS» – ғылым мен қоғамды тоғыстыратын, жаңа идеялар мен мүмкіндіктерге жол ашатын тағылымды алаң болды. Алдағы уақытта да осындай бастамалар жалғасын табады деген сенім мол.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ