Жаңалықтар

Шу қаласындағы 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қашан аяқталады?

Жалпы, қуатты ел бастауын қуатты өңірден алатыны айқын. Ал оның өзі әрбір саланың даму қарқынымен өлшенетіні заңдылық. Осы тұрғыдан алғанда бұл күнде өңірімізде өзгелермен қатар құрылыс саласы да дамып келеді. Десе де, аймақ аумағындағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы дер кезінде аяқталмай, алаңдаушылық туғызып отыр. Соның бірі – Шу қаласындағы 80 пәтерлік бес қабатты №1 тұрғын үй. «Жетісу» ықшам ауданында орналасқан нысанның құрылысы 2024 жылдың маусым айында басталған еді. Ал пайдалануға берілу мерзімі – өткен жыл. Алайда облыстық мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасы тарапынан жүргізілген тексеріс барысында мұнда біраз жайдың басы ашылып отыр.

Атап өтейік, сол кезеңде құрылыс жұмысына жауапты мердігермен 2 миллиард теңгеге жуық қаражатқа келісімшарт жасалған. Ең өкініштісі, ғимараттың іргетасын салу кезінде қолданыст ағы мемлекеттік стандарттың бұзу деректері анықталған. Нәтижесінде, арнайы комиссия шешімінің негізінде нысанды қайта бұзуға тура келген.

Бұдан бөлек алматылық «SHEBER BUILD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне орын алған олқылықтар атап көрсетіліп, тиісті хаттама толтырылған. Сондай-ақ облыстық ауданаралық экономикалық сотына негізгі жобадан ауытқығаны үшін мердігер компаниямен арадағы келісімшартты бір жақты бұзу және алдын ала аударылған (аванс) қаражатты қайтару бойынша талапарыз жолданады.

Айтпақшы, бүгінгі таңда ғимараттың қосалқы мердігері нысан аумағында өз қаражаты есебінен 68 миллионға жұмыс жүргізіп үлгерген. Бұл жұмыстарды аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі қабылдап та алыпты. Ал осы аумақтағы екі бірдей көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін облыс тарапынан рұқсат берілмепті.

Сонымен шулық шенеуніктердің сөзінше, тұрғын үйлерге қатысты құрылыс жұмысының қожырауы мердігер ұйымның үйлесімді жұмыс істемеуінен көрінеді. Оның үстіне әлі конкурстың нәтижесі де шықпаған. Алайда ендігі жерде мердігерге жауапкершілік күшейтіліп, қазынаның әр тиыны тиімді жұмсалуын қатаң қадағалаған жөн. Әйтпесе, бұрынғы жайбасарлықтан арыла алмаспыз. Бір ғана мысал, №1 тұрғын үйдің құрылысы тыңғылықты аяқталғанда аз қамтылған қаншама отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлаған болар еді. Әзірге аудан бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 15 мыңға жуық азаматтың сабыр сақтаудан басқа амалы жоқ секілді...

 

Есен ӨТЕУЛІ

Шу ауданы