Құқық

Жамбыл облысында сотталғандармен профилактикалық кездесу ұйымдастырылды

Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері өңірдің Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, ҚР ІІМ ҚАЖК-нің «№59 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінде профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Іс-шараға жазасын өтеуші азаматтар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – есірткі қылмыстарына деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, құқықтық сананы арттыру және есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Кездесу барысында бұрын істі болған, қазіргі таңда есірткіге қарсы бағыттағы бастамалар аясында волонтерлік қызметпен айналысып жүрген азамат сөз сөйледі. Ол өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, замандастарын ізгі ойда болуға шақырды. Сондай-ақ, іс-шара барысында есірткіні қолдану мен таратудың салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қайта әлеуметтену және қоғамға толыққанды оралу мәселелері талқыланды.

Айта кетейік, сотталғандар арасында жүргізілетін профилактикалық жұмыс есірткі қылмысына қарсы күрестегі ішкі істер органдары қызметінің маңызды бағыттарының бірі.