Әлеумет

Жасыл бастама – жарқын болашақтың негізі

Тараз қаласындағы №33 «Айсәуле» мектепке дейінгі мекемесінде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ағаш отырғызу іс-шарасы өтті.

Экологиялық бағыттағы бұл игі бастама өңір тұрғындарының табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға және жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Аталған іс-шара облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен және «Жомарт жан» орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Іс-шараға «Жомарт жан» орталығының төрағасы Жалил Аббосов, орталық мүшелері – аймақтық Ассамблея төрағасының орынбасары Гулам Умаров, облыстық өзбек этно-мәдени бірле стігінің мүшесі Гани Каримов, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, мекеме қызметкерлері, балабақша ұжымы мен «Ассамблея бөбектері» және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар игі іске демеушілік танытқан жомарт жандар қатарында облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Набижон Салахотдинов, бірлестіктің белсенді мүшесі, қалалық өзбек Аналар кеңесінің жетекшісі Лобар Гаюпова және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің аймақтық филиалының мүшесі Вагиф Халилов бар.

Акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Сонымен бірге қоғамда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаттарын кеңінен насихаттау да назардан тыс қалған жоқ. Іс-шара барысында қатысушылар балабақша аумағына ағаш көшеттерін отырғызып, табиғатты аялаудың маңыздылығын нақты іспен көрсетті. Бұл бастама өскелең ұрпаққа тағылым беріп, олардың бойында туған жерге, табиғатқа деген жанашырлық сезімді қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы – бір реттік шара емес, жыл бойы жалғасатын, ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды экологиялық акция. Бұл жоба – қоғамның экологиялық санасын жаңғыртып, болашаққа деген сенімді нығайта түсетін, бірлік пен берекеге бастайды.

 

Назерке ОҢҒАР

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімінің жетекші-сарапшысы.