Әлеумет

Қола қазанның әр құлағында бір сыр бар

Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейіне жастар арнайы экскурсиямен барды. «Ұлттық құндылықтар – тәрбиенің төресі» тақырыбымен ұйымдастырылған экскурсияға аудандық жастар орталығының белсенді жастары да қатысты. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты өткеннің өнегесі арқылы отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлттық болмысты танытып, елдік мүддені құрметтеуге шақыру.

Экскурсия барысында музей қызметкерлері жастарға әрбір жәдігерді жеке таныстырып, тарихтан сыр шертіп, елеулі оқиғаларды әңгімелеп берді.

Музейдегі ерекше жәдігердің бірі – біздің заманымызға дейінгі VIIIIV ғасырлардан қалған қола қазан. Оның биіктігі 58 сантиметр, диаметрі – 60 сантиметр. Төрт тұтқалы, оның екеуі үлкен, ары-бері көтеріп қоюға арналғанға ұқсайды. Қалған екеуі кішілеу, оларды қазанды аспалы шынжыр арқылы жоғары іліп, астына от жағу үшін қолданса керек. Қазан қоладан жасалған, пішіні жарты шар тәрізді, көлемі шамамен 60 литр, қалыңдығы 0,5-0,8 сантиметр, шығыңқы тігіспен тойтарылған. «Қазандықтың 2,2х1,6 сантиметр сопақ қималы қола шыбықтан жасалған 4 доғалы тұтқасы бар. Ұстауға ыңғайлы болсын деген мақсатта жасалған», – дейді музей қызметкерлері.

Негізгі бөлігі ас-су әзірлеуге арналған. Астыңғы жағында қазанды қоятын біріккен тұғыры бар. Қазан күлгін түсті. Қола металдан жасалынған. Жоғарғы жағындағы ернеуінің кішкене бөлігі сынған. Сонау ертедегі ата-бабалардың көзіндей болып қалған бұл жәдігер – ежелгі дәуірде өмір сүрген адамдардың металлургияны қай деңгейде игергенін көрсететін құнды археологиялық артефактілердің бірі.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы