Әлеумет

Неліктен Қыз әулие деп аталған?

Тасын түртсе, тарих сөйлейтін өңірімізде көненің көзі болған нысандар көп. Олар кешегілердің өнегесін жаңа ұрпаққа берумен қатар, ұлттық болмысымызды, елдігімізді сақтауға негіз болып, бүгінге қандай жолмен жеткенімізді еске салып тұрады. Сондай мағынасы терең тарихи нысанның бірі – Түймекенттегі Қыз әулие.

«Неліктен Қыз әулие аталды?» деген сауалға жауап іздесек, ел аузында айтылып, аңызға айналған оқиғаны естиміз. Яғни ертеде бір үйдің жеті ұлы елін жаудан қорғаудағы ерліктерімен батыр атанып, туған жұртының бақыты үшін барын салған екен. Жаугершілік заманда жоңғарлармен болған шайқастың бірінде әлгі жеті батыр түгел қаза тауыпты. Жеті батырдың ақылына көркі сай жалғыз қарындасы көріпкелдік қасиетімен ағаларының қазасынан кейін өзіне қауіп төнген сезеді. Арыстай жеті бірдей ағасынан айырылғаны аздай, өзін жаудың олжаламақ пейілі жанына батқан ару Жаратқаннан тас мүсінге айналдырып, өз елінде қалдыруын тілепті. Бұл да перзенттің туған жерге деген адал махаббатын білдірсе керек. Жаны жаралы қыздың тілегі қабыл болып, кейіннен бұл жер «Қыз әулие» аталып кеткен көрінеді.

Бәлкім, алдағы уақытта бұл кесене терең зерттелсе, біраз тарихи деректер шығуы да мүмкін, астарынан көнеден сыр тарқатар мәліметтер табылары анық.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Жамбыл ауданы