Әлеумет

Өлеңге жас күнімнен өзім тоқпын...

Әулиеата өңірінде арысын айтпағанда қайым айтысының хас шебері, замандастары «Таңдайында өлеңнің ұясы бар» деп жоғары бағалаған Ұлбике ақыннан кейін топ алдында толғаулы сөзімен, өрелі өнерімен, айтыста атой салған, от ауызды, орақ тілді қыз-келіншектер аз емес. Олар жайлы ғалым Мырзатай Жолдасбеков өзінің «Асыл арналар» деген кітабында былай деп жазды.

«Қолдағы деректерге қарағанда, әдебиетіміздің тарихына ұялмай қосатын үш ақынды анық байқадық. Олар: Қалыбек, Жаңылдық, Төреқожа. Ұтымды келте сөздің, қысқа айтыстың мінсіз ұстасы Қалыбек шығармашылығының туған әдебиетімізге жаңа бір өрнек болып қосылары сөзсіз. «Жаңылдық жас күнімнен өзім маспын, Ұсынса қол жетпейтін асыл таспын», – дейтін Жаңылдық та өткір, шебер ақын екен. Қорақожамен, Қалыбекпен, Құдайбергенмен, Рахымбаймен айтысының қайқайсында да Жаңылдық жасындай жарқылдап шығады. Жаңылдықтың тапқырлығы мен жүйріктігі оның әдепкі айтыстарынан-ақ бірден сезіледі. Даңқын естіп күнгейден әдейі іздеп келген Рахымбаймен ақын қыз Қаратаудың етегінде, кең жайлауда айтысқан екен. Сонда Жаңылдық Рахымбайдың ауызын аштырмай қойыпты, – деді Төреқожа. Бір ғана мысал келтірейік.

Рахымбай:

Мен танысам жиырма жетідесің,

Отырсаң енді бес жыл жетілесің.

Баладан әйел қырықта қалат деген,

Қалдым деп өнімімнен өкінерсің.

Жаңылдық:

Ақынның дүрілдеген дүрі екенсің,

Жолықпай адамыңа жүр екенсің.

Шаянның биік тауын пана тұтып,

Сорлының алаулаған бірі екенсің.

 

Жасым бар жиырма бірде, жасырмаймын.

шүйкелемей басылмаймын. Кедейдің баққан малы семіз болар,

Әр туған балам менің егіз болар.

Қамымды жемей-ақ қой,

Рахымбай Төрт тусам, екі-екіден сегіз болар.

Осы жолдардың өзі Жаңылдықтың нағыз ақындығын растағандай». Кезінде Мырзатай аға ақынның шығармашылығын зерттеп, айтыстарын қағаз бетіне түсірген екен. Өкінішке қарай бір дәуірге азық болардай мұра қалдырған Жаңылдық жайлы одан кейін баспасөз беттерінде ара-тұра мақалалар жазылғанымен арнайы кітап жарыққа шыққан жоқ. Сол оқылықтың орнын толтыру мақсатында ізденгенді жөн көрдім. Айтыс өнері – қазақ халқы арасында кеңінен тараған, ауыз әдебиетіне жатады. Кеңестік дәуірде айтыстың керегесі тарылып, ол феодализм «сарқыншағы», бірін-бірі дәріптеу деген сылтаумен шетке ысырылғаны белгілі. Тек тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, осы төл өнеріміздің тынысы ашылып, өткен ғасырлардағы айтыскер ақындарымыздың аттары аталып, екеуара айтыстары баспасөз бетінде жариялана бастады. Соларға қарап, талантты, ақындық өнері бар қыз-жігіттеріміз бой түзеді, айтыс өнерінің ажарын ашып, шырай бере бастағаны көңілімізге қуаныш ұялатады.

Сонда да болса, аты аталғанымен, көптеген айтыскер ақындарымыздың еңбектерін дұрыс бағалау жағы әлі де кемшін тартып жатқаны жасырын емес. Сондай айтыскер ақындарымыздың бірі – әрі бірегейі 1898-1967 жылдары Үшарал өңірінде өмір сүріп, Қаратаудың күнгей, теріскейіне, Талас, Шу, Бөген бойына «Жезтаңдай ақын» деген атпен танылған айтыскер ақын қыз Жаңылдық Әйтпембетқызы. Ол 1898 жылы Үшарал жерінде Ошақты руының Тасжүрегінен тараған. Жаңылдықтың шешесі алдына жан салмайтын айтыс ақыны болғаны жайлы ел аузында аңыз ғана қалды. Жаңылдық 10-12 жасынан ауыл жастарының ойын-сауығында өлең айтып, ән шырқап, «Жезтаңдай ақын қыз» атанған. 14-15 жасынан бастап сол төңіректің той-мерекесін басқарып, біраз ақындармен айтысып көзге түседі, айтысқан қарсыласының бәрін жеңіп, онымен айтысуға өзге өңірдің ақындары іздеп келе бастайды. Соның бірі жоғарыда айтқанымыздай Рахымбай ақын. Ол сонау Қаратаудың күнгейінен арнайы іздеп келіп, айтысқан сыңайлы.

Одан бөлек ақын қыздың Төреқожа Ханқожаұлымен, ошақты Жаңабай болыстың баласы Егембердімен, Қайырлаптың Құдайбергенімен, Қалыбекпен және Қаратаудың күнгейіндегі шаяндық Рахымбай ақынмен айтыстарының кейбір нұсқалары бізге жетіп отыр. Ақын қыз қай ақынмен айтысса да, өз елінің жетістіктері мен жаңа өмірдің жаңалықтарын жырлады. Жалқауларды мінеп, жайсаңдарды үлгі етті. Қайырлаптың Құдайбергені Жаңылдықты «Жасындай жарқылдаған, жан-жағын тапқыр сөздермен орап, айтуға сөз қалдырмайтын ерекше дарын иесі» деп өте жоғары баға берген. Құдайберген ақынды көзіміз көрді. Төкпе ақын еді. Сол кісінің ауызынан тағы да басқа оның көзін көрген ақсақалдар Жаңылдықтың өнері Ұлбике Жанкелдіқызымен деңгейлес еді деп бағалайды.

Жаңылдық жайында қосымша құнды деректерді Төреқожа, Құдайберген, мұғалім Тезекбаев Қойлыбай және « Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінің қызметкері болған Әкпарбек Доспанбетов тағы басқа сөз танитын сүлейлер құнды деректер қалдырып кетті. Көне жырдың қоймасы, асыл өнердің қазынасындай болған, өз жерінде қырық жыл бойы ән шырқап, айтыс өнерінің гүлжауһарына айналған Жаңылдық апамыздың атын жаңғыртып, оның өнер жолын кейінгі ұрпаққа өнеге етіп қалдыру мақсатында «Үшарал ауылындағы мәдениет үйіне Жаңылдық ақын атын берсе» деген ұсыныс-тілектер ауыл тұрғындары арасында кеңінен тарап жүргеніне біраз уақыт болды. Біз Үшарал ауылының ақсақалы, Жаңылдықтың туыс інісі Қыдырәлі Жүсіповтің жеке мұрағатынан оның Қайырлапұлы Құдайбергенмен айтысын алып, оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ

Ақпарат саласының үздігі.