Саясат

Күйзеліске төзімділік қалай қалыптасады?

Облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Турист» қонақ үйінің мәжіліс-залында «Стресске төзімділік және кәсіби күйіп кетудің алдын алу. Уақытты тиімді басқару және прокрастинация. Инновациялық технологиялар» тақырыбында аймақаралық семинар-тренинг өтті. Оған Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен көшбасшылары қатысты.

Семинардың негізгі мақсаты – кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби және тұлғалық құзыреттерін арттыру, стресс жағдайында тиімді жұмыс істеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ уақытты басқарудың заманауи тәсілдерін меңгеру.

Мұнан соң PhD докторы, адами ресурстарды басқару жөніндегі сарапшы Гүлзи Нәби тренингті бастап кетті. Әр топ өзіне берілген тапсырманы шебер орындап, ойын көркін ә дегеннен қыздырып сала берді. Бір топ ән орындап, би билесе, екінші топ көрініс көрсетті. Келесі топтар өзінің әсерлі, таңғажайып қойылымымен аудитория атмосферасын көтеріп тастады. Осылайша Гүлзи Әскенқызы қатысушылармен тәжірибелік бағытта жұмыс жүргізді. Ол жүргізген тимбилдинг залдағылардың сан қырын аша түсті. Сондай-ақ семинар барысында стресс пен кәсіби күйіп кетудің себептері, белгілері және оның алдын алу жолдары кеңінен талқыланып, қатысушылар брейнсторминг, топтық және жеке жұмыстар арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар уақытты тиімді басқару, прокрастинацияны жеңу және ЖИ технологияларын қолдану бағытында семинар қатысушылары практикалық тапсырмаларды қызығушылықпен орындады.

Бұдан бөлек қатысушылар үшін диалог алаңы ұйымдастырылып, еркін пікір алмасу форматында өзекті мәселелер бірлесе талқыланды. Аталған семинар-тренинг кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуына және тиімді басқару дағдыларын жетілдіруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Тренинг соңында семинар қатысушылары бір-біріне сипаттама беріп, жүрек жарды лебіздерін айтып, арнайы сертификаттарды ерекше жағдайда тапсырды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ