Көрпенің де түрі көп
Құрақ құрау – бұрынырақта мата қиындысын ысырап етпес үшін жасалған екен. Ал бүгінде құрақтан әдемі етіп тігілген көрпелер әр шаңырақтың көркі. Тігін тігіп, ісмерлікке ебі барлар құрақ құраумен қатар түрлі төсеніш, жапқыш, перде, қоржын сияқты бұйымдарды тіге береді. Сондай он саусағынан өнері тамған шебердің бірі – Асылкүл Берден.
Ол бала күнінен тігіншілікпен айналыс ады. Ол «Киіз Fest» фестивалінде ұмыт қалып бара жатқан дәстүрді жаңғыртып, ғасырлар бойы жалғасып келген мұраны бүгінгі жастар арасында насихаттады. Сол іс-шарада киіз басып, ұршық иірді. Осылайша ұршық иіруден екінші орын алып, 200 мың теңге ұтқан. Тігіншінің жасап отырған кәсібін білмекке өзіне жолығып, әңгімелестік. Қолөнермен айналысып келе жатқанына біраз жылдың жүзі болыпты. Көрпе-көрпешелердің неше түрін тігетін шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы камзол, шапан, қоржыннан бастап перде, төсек жамылғысы, көйлек, жұмысшылар киімі, кестеге дейінгі бұйымдарға қызығушылар көп екен. Бірақ осының бәрін тіккен ол бүгінде перде мен көрпе тігуге тоқтапты. Себебі кәсіпкер үшін бұлар өте өтімді тауар. Әркімнің үйіне керек зат. Әсіресе жаз уақытында қыз жасауына деген сұраныс көп болады екен. Сондай да құрақ құрап, қыздардың көз тартар түрлі көрпесін өз қолымен дайындап береді екен. Үйде отырып-ақ өз ісін дөңгелетіп отырған Асылкүлдің елге де, өз жанұясына да пайдасы тиіп отыр. Сұранысқа орай оның үстіне бүгінгі заманның талабына сай «Instagram» әлеуметтік желісінен @shtory_taraz_ kz парақшасын ашып, өзі тіккен перделердің сан алуан түрін салып, сатылымға қояды. Әрі тапсырыс қабылдайды. Алты баланың анасы Асылкүл күйеуіне сүйеу болып, нәпақасын сүйікті кәсібінен айырып отыр.
Қазіргі кезде үй-жайды перде сияқты маңызды құрамды бөліксіз елестету мүмкін емес. Олар өзіндік әдемілігі арқасында декордың өте функционалды және пайдалы элементтері. Сонымен қатар қонақтарға арналған бөлмедегі перделер өзінің сыртқы сұлулығымен ерекшеленіп қана қоймай, дыбыс бәсеңдету, көше шаңы мен ас үй ысынан және күн сәулесінен қорғау мақсатында қолданылады. Перделер интерьердің артықшылықтары мен стилін айқындап, қонақтардың назарын аударып тұратын немесе бөлмедегі басқа да қалған заттармен сәйкестенетін элемент ретінде қарастырылады.
Грант ұтып, несие алып көрмеппін деген Асылкүл алдағы уақытта өз бизнесін үйден емес, орталықтан ашқысы келеді. Кәсібін кеңейтуді ойлап отыр. Байқағаным, әйел адам үшін ас пісіре білу де, іс тігу де үлкен өнер екен ғой. Қазір қолөнерге ден қойып жатқан жас қыздар, келіншектер көбейіп келеді. Нарықтың пайдасы. Бәсекелестік бар. Көрпе-жастықтың түр-түрін көресіз. Тігін ательелері көп. Екі қолын алдына қойып бос отырғанша, осының өзі дұрыс емес пе? Өзі тумысынан олақ болмаса, әйел затына іс тіккен жарасады. Қазақта көрпенің екі түрі бар. Олар жамылғы көрпе және төсек не төсеніш көрпе деп бөлінеді. Жамылғы көрпе аты айтып тұрғандай жамылатын жылы көрпе. Ал төсек көрпе жерге не диванның үстіне жайылады. Шебердің айтуынша, көрпенің түрлері олардың ені мен ұзындығына, қолдану мақсатына байланысты жіктеледі.
Альмира КЕРІМБАЕВА
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті.