Экономика

Балаңыз үшін қай банктен депозит ашқан дұрыс?

Бала – көзіміздің нұры, бауыр етіміз. Өмірдің гүлі. Баласы үшін ата-ана бар жақсыны қалайды. «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін әке-шеше баласы үшін шын қаласа аспандағы айды да әперуден тайынбайды. Заманауи креативті ата-ана балаларына депозит ашып, қазірден болашағының жарқын болуын ойлап жүр. Себебі көрінген таудың алыстығы жоқ секілді, бала да тез-ақ ержетіп, өмірдегі өз орнын таппақ. Ертеңін ойлаған әке мен ана баласының баспаналы болып, өз үйінде тұрғанын көргісі келеді. Осыған орай балаларға қандай депозит ашқан дұрыс деп қаламыздағы банктерді аралап көрдік. Ең тиімдісі қайсы? Мөлшерлемесі қандай, ашылған депозитті қандай мақсатта жарата алады? Міне, осы бойынша жауапты мамандарға жолықтық.

Қашанда халықтың қамын ойлап, тиімді депозиттермен қуанта білетін бұрынғы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қазіргі «Отбасы банк» 2020 жылдан бері «Арнау» балалар депозитін ашқан. Мақсаты – бала 18 жасқа толғанда баспаналы ету. Балаларды қорғау күнінде күшіне енген бағдарлама небәрі 2 пайыздық мөлшерлемемен пәтер алуға мүмкіндік береді. Депозитке қаражатты кішкентай кезінен жиған дұрыс. Салымшы кем дегенде пәтер құнының 10-15 пайызын жиюы керек. Жиған қаражатқа жыл сайын 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерлемемен мемлекеттен, ал банк тарапынан 2 пайыз сыйақы қосылады. Бұл туралы «Отбасы банкі» клиенттермен жұмыс бөлімінің басшысы Жұлдыз Мейірманова айтты.

Келесі бір жағымды депозит – Халық банкі тарапынан ашылған AQYL балалар депозиті. Бұл депозиттің артықшылығын айта кетейік. Аталған депозиттік жинақпен бала оқу ақысын, кез келген ақылы білім түрін төлеуге болады. Сондай-ақ шетелге оқуға түскен жағдайда оны да осы депозиттегі жиналған ақшамен төлеуге болады. Минималды бастапқы жарна – 3 айлық есептік көрсеткіш. Жинақтау мерзімі үш жылдан жиырма жылға дейін. Оны ашу үшін баланың туу туралы куәлігі мен ата-анасының төлқұжаты қажет. Егер балаңыз грантқа түссе, бұл жинақ соманы басқа балаңыздың атына аудара аласыз.

Біздің және балаларымыздың әл-ауқаты бүгінгі таңда білім деңгейіне тікелей байланысты. Алайда көптеген қазақстандық ата-аналар үшін баланың жоғары оқу орнында оқу ақысын төлеу мәселесі соңғы мезетке – жоғары оқу орнына түскен сәтке ысырылады, бірақ бұл кезде қаржылық мәселені шешу үшін банктен кредит алу керек болады немесе достардан қарыз алуға тура келеді. Мұндай қиын жағдайға түспес үшін бұл депозит таптырмас шешім екен. Қазір әрбір мәселе ақшаға келіп тірелетіні рас. Дей тұрғанмен, балаларымыз болашақта қаржы тұрғысынан таршылық көрмесе екен дейміз. Балаларға арналған депозит – болашаққа іргетас қалаудың ең тиімді бастамасы. Шотқа салған әр тиын балаңызбен бірге өсіп отырады. Ал ертеңгі күні ұлқыздарымыздың баспаналары болып жатқанын көрсек, мақсатымыздың орындалғаны.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА