Сүтті өңдеу – тиімді кәсіп
«Ауыл аманаты» жобасы – кәсібін жаңа бастағандарға үлкен қолдау. Жоба бастау алған 2019 жылдан бері облысымызда жұмысын жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп отырған бизнес өкілдерінің саны да арта түскен. Соның бірі – қордайлық Кенен Бекмолдаев.
Ол 2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, сүт өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорын ашқан болатын. Кәсіпкердің айтуынша, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған осы жоба оның жеке кәсібін ашуына себеп болып, отбасының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда ол туған ауылы Алғын ауылдық округінде кәсібін жолға қойғандардың бірі.
Осылайша ол өз ауылының экономикалық дамуына үлес қосу үшін бұдан да табысты еңбек етуді мақсат етіп отыр. Несиеге алған қаражатына Кенен жоғары сапалы сүт өнімдерін өндіруге арналған құрал-жабдықтар сатып алды. Сауу аппараты, май шайқағыш, сепаратор – сүтті жинау мен өңдеуді жеңілдетеді. Кәсіпкердің шаруашылығында 10 сиыр бар. Оның мал шаруашылығында, әсіресе сүт бағытында, тәжірибесі жеткілікті.
Малға қажетті жем-шөп уақтылы беріліп, күтім жасалған жағдайында жоғары өнімділікке қолжеткізуге болады. Кененнің қаймақ, май және ірімшік сияқты сүт өнімдері – ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Өйткені фермер экологиялық таза әрі табиғи өнім өндіреді. Бұл – тұтынушылардың көңілінен шығуда. Өнімнің сапасы мен дәмділігінің арқасында кәсіпкер ауылдастарының сеніміне ие болды.
Кәсіпкердің бизнесі болашақта ауыл экономикасына оң әсерін тигізері сөзсіз. Оның ісі тек өз отбасын ғана табыспен қамтамасыз етіп қана қоймайды. Оның ісі басқа малшыларға да үлгі болып, ауылдағы кәсіпкерлік мәдениетінің дамуына ықпал етері анық.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ
журналист.
Қордай ауданы