«Арландарымыз» азулы
«Арландарымыз» азулы
Бүкіләлемдік бокс сериясының төртінші турында «Астана арландары» «АҚШ нокаутшыларын» қабылдап, 5:0 есебімен тас-талқанын шығарды.
Иә, қарағандылық спортсүйер қауым боксты қатты сағынып қалыпты. Сатылымдағы билеттер матчқа екі күн қалғанда түгесілгені сөзімізге дәлел. Сонымен, үш кезең бойы қарсыластарына соқыр ұпай ұстатпай келе жатқан қос команда өзара кім мықтыны анықтады. Алғаш рингке көтерілген 52 келідегі саңлағымыз Мирас Жақып бастапқы екі раундта қарсыласының шамасын байқап көрді де, үшінші раундтан бастап оның сілікпесін шығарды. Венегас Брент Ричард ІІІ қанша жерден қарсылық көрсетуге тырысқанымен қазақ боксшысының шеберлігі басым екені анық аңғарылып тұрды. Екінші раундта сәл босаңсыды демесеңіз, Мирас қалған кезеңдерде мұхит асып келген қарсыласын төмпештеумен болды. Осылайша, жерлестеріміз есепте алға шықты. Бұдан соң шаршы рингке шыққан Қарағанды бокс мектебінің түлегі, 60 келідегі үмітіміз Ержан Музафиров американдық Монтгомери Малиек Доннелмен қолғап түйістірді. Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері қарсыласынан бір бас жоғары тұрды деп айта алмаймыз. Бұл нағыз біріне-бірі сай қос шебердің шайқасы болды. Нәтижесінде аз ғана басымдықпен Ержан Музафиров жеңімпаз болып танылды. Мұнан соң өнер көрсеткен 81 келідегі легионеріміз Хрвое Сэп Стив Нельсонға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Сэпке шын мәнінде риза боласың. Физика мығым, функционалдық дайындығында мін жоқ. Бес раунд бойы былқ етпей, өз жұмысын атқарып шығады. Қапталдан бағыттаған соққысы да, апперкоты да, тікелей жұмсаған қолы да қарсыласын әбігерге салады. Осы жолы да тура солай болды. Оны төрешілер де бір ауыздан мойындады. Мұнан соң рингке жамбылдық жампоз Асланбек Шымбергенов беттеді. 69 келідегі өреніміздің «арландар» сапындағы дебюті бұл. Қарсыласы сөзге шешен екенін баспасөз мәслихаттарынан байқағанбыз. Өзін өте жоғары бағалайтын Брайан Цебалло қазақстандық журналистердің шамына тигені де бар. Не айтқанын жарнамалаудың қажеті шамалы. Сол сөзі үшін Асланбек оны алғашқы үш раундта біраз «терлетті». Қалған екі раундта шаршаңқырап қалды демесеңіз, жамбылдық боксшы өзін жақсы қырынан көрсете білді. Соңғы кездесуде нокаутшылардың өздері нокаутқа түсті. Аса ауыр салмақтағы оғланымыз, хорват жігіті Филип Хргович қарсыласы Брэндон Глентонның алғашқы раундта әуселесін байқап көрді де, екінші раундта кездесуді аяқтады. Нокдаун алған Глентон жекпе-жекті әрмен қарай жалғастырғанымен, қорғануға дәрменсіз күйін көрген төреші кездесуді тоқтатты. Техникалық нокаут. 5:0. Бұл нокаутшылар үшін сөзсіз нокаут екені анық. Осы матчтан кейін «арландар» «В» тобының жеке дара көшін бастады. «А» тобында қарсылас шыдатпай жүрген «Куба қабыландары» топ бастап келеді. «Астана арландары» келесі кездесуін «Пуэрто-Рико дауылдарына» қарсы 14 ақпанда Қарағандыда өткізеді.