Филолог мамандығын алғандар неге мұғалім бола алмайды?
Бүгінде елімізде қолында дипломы бар, бірақ жұмыссыз жүрген жастардың қатары көп екені жасырын емес. Әсіресе филология, туризм, дизайн, маркетинг сынды мамандық иелері «екі қолға бір күрек» таба алмай жүр. Сонда сұрақ туады: нарыққа қажеті жоқ мамандықтарды жоғары оқу орындары неге әлі күнге дейін оқыта береді?
Мамандық таңдауда қателеспеу керек деп жатады. Алайда жоғары оқу орындарында сұранысқа сай емес, оқу бітірген соң жұмыс таппай сандалып жүретін мамандықтар бар және оларға грант көп бөлінеді. Сондай «жарамсыз» мамандықтардың қатарында филология, биология бакалавры, туризм, дизайн, маркетинг, мемлекеттік және жергілікті басқару, ғылыми тарих мамандықтары бар. Әр нәрсені қазбаламай-ақ, өзім дипломын алған «5В020500 Филология» мамандығы туралы айтайын. Мен оқуға 2002 жылы түсіп, 2006 жылы аяқтадым. Бұл мамандықты таңдағандарға тілші, аудармашы болуға болады. Бірақ 2011 жылдан бастап стандарт өзгерді. Енді бұл мамандыққа оқығандар тек ғылыми зерттеу институттарында ғана қызмет ете алады. Ал елімізде ғылыми зерттеу институттары өте аз. Жоқ деуге де болады. Бізбен қатар бітіргендер мектепке де орналасты. Бірақ олардың дипломы жарамай, екінші рет қайта оқыды. Солай күйген жанның бірі – Гүлбайра Датқабек.
Бұл – тек білім саласының емес, тұтас қоғамның дерті. Бір қарағанда, бұл мамандықтарды «қажетсіз» деп кесіп айту қателік. Филолог – тіл мен руханияттың тірегі. Биолог – ғылым мен табиғаттың қорғаушысы. Туризм мен маркетинг – экономиканың қозғаушы күштерінің бірі. Демек, мәселе мамандықта емес. Мәселе – тепе-теңдіктің бұзылуында. Неліктен филология мамандығын иеленген мамандардың мектепке жұмысқа тұра алмайтындығын ұстаздан сұрап көрдік.
Бүгінде жоғары оқу орындары еңбек нарығына қажетті маман дайындаудан гөрі, студент санына көбірек мән беретіндей көрінеді. Себебі студент – табыс көзі. Сол үшін сұранысы төмен болса да, кей мамандықтар жабылмайды. Ақылы бөлімдер толыға береді, дипломдар таратыла береді. Ал нарық ондай мамандарды қабылдауға дайын емес. Нәтижесінде, бір мамандықты жыл сайын жүздеген студент бітіріп шығады. Бірақ солардың санаулысы ғана өз саласында жұмыс табады. Қалғаны мүлде басқа бағытқа кетеді немесе жұмыссыз қалады. Тағы бір мәселе – білім сапасы. Теория көп, практика аз.
Студент төрт жыл бойы оқиды, бірақ нақты еңбек нарығына бейімделмейді. Нәтижесінде жұмыс берушіге дайын маман емес, қайта үйретуді қажет ететін түлек келеді. Ең өкініштісі – жастардың өзі де таңдау жасауда қателеседі. Көпшілігі мамандықты жүрек қалауымен емес, грантқа түсу үшін таңдайды. Ал кейін содан опық жейді. Сонда не істеу керек? Ең алдымен, университеттер еңбек нарығымен тығыз байланыс орнатуы тиіс. Қандай маман қажет, қанша қажет – соған сай қабылдау жүргізілуі керек. Артық кадр дайындау тоқтатылуы тиіс. Екіншіден, білім беру бағдарламалары жаңарып, практикаға басымдық берілуі керек. Үшіншіден, мектептен бастап кәсіби бағдар беру күшейтілуі қажет. Әр жас өз қабілеті мен нарық сұранысын ескере отырып, таңдау жасауы тиіс. Диплом – табыстың кепілі емес. Қазіргі заманда сұранысқа ие дағды мен икем ғана адамды алға шығарады. Ал «қажетсіз мамандық» деген ұғым – шын мәнінде жүйенің әлсіздігін көрсететін белгі ғана.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА