Көмірден электр энергиясын өндіру қолға алынбақ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, сонымен бірге көмір энергетикасын дамыту мен көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралды. Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.
Ата заңның қағидаттары үлгілік оқу бағдарламаларына енгізілмек
Осы ретте бүгінгі қарқынды баяулатып алмау қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Үкімет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, осы бағыттағы жоспарлы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселесіне өз алдына бөлек назар аударылды. Олжас Бектенов ол бойынша білім беру саласындағы министрліктерге тапсырма берді.
Сондай-ақ заңнамалық базаны қабылданған нормаларға сәйкестендіру қажеттігі атап өтілді. Барлық мемлекеттік органдарға Конституцияны түсіндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру тапсырылды.
Қазақстан көмір қоры бойынша әлемдегі жетекші 10 елдің қатарында
Күн тәртібіне сәйкес көмір энергетикасын дамыту және көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселелері қаралған үкімет отырысында Премьер-министр бәсекелестік артықшылықты пайдалануды және көмір өнеркәсібін дамытуды тапсырды.
Көмір әлем елдерінде, соның ішінде ең көп энергия пайдаланатын өндірістермен қатар, цифрлық платформалар үшін де маңызды қуат көздерінің бірі болып қала беретіні, сонымен қатар кейінгі уақытта қоршаған ортаға әсері барынша аз «таза көмір» технологиялары белсенді дамып келе жатқаны атап өтілді. Бұл бағытта Қытай, АҚШ, Үндістан, Оңтүстік Корея және басқа елдердің қалыптасқан тәжірибелері бар. Кейінгі жылдары көмірқышқыл газы мен қоспаларды 90 пайызға дейін ұстап қалып, зиянды қалдықтарды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар қарқынды дамып келе жатыр.
Премьер-министр қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту, ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтып, тиімділігін арттыру үшін белсенді қолдану қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ Қазақстанда тұтыну көлемінің өсуі мен цифрлық активтердің қарқынды дамуын ескере отырып, энергия нысандарын жоспарлы және уақтылы іске қосу керек. Осыған байланысты Энергетика министрлігіне «Самұрық-Энерго» компаниясымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, Ұлттық жобаның орындалуын ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Жиында Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО3 нысандарын жаңғырту мәселесіне назар аударылды. Премьер-министр «СамұрықЭнерго» басшысының баяндамасын тыңдап, жұмыстарды аяқтау мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу қажеттігін атап өтті, жобаларды жүзеге асыруды бақылауды күшейтуді тапсырды. Отырыста Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Энергетика министрлігі Экология министрлігімен бірге бір ай ішінде қолданыстағы энергия көздеріне талдау жүргізіп, әрбір станса бойынша «таза көмірге» негізделген заманауи экологиялық технологияларды енгізуге байланысты жол картасын әзірлеп, бекітуі тиіс.
Қолданыстағы көмір электр стансаларында заманауи тазарту жүйелерін, оның ішінде электрофильтрлерді қолдана отырып, кезең-кезеңмен енгізуді қамтамасыз ету қажет. Тазарту жүйелерінің тиімділігін арттыру және халықаралық тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеу бойынша зерттеу жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Қазақстанда көмір химиясы саласының әлеуеті жоғары болғанымен, әлі де қалыптасу үстінде. Көмірден қосылған құны жоғары өнім алу экономиканы әртараптандырып, экспорттық әлеуетті нығайтуға белсенді ықпал етеді. Осыған байланысты, Энергетика министрлігіне 1 шілдеге дейін көмір химиясы саласын кешенді мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ «Бәйтерек» холдингімен бірге көмір химиясы жобаларын қаржыландырудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі көмір өнеркәсібі кәсіпорындарымен бірге цифрлық технологияларды пайдалана отырып, бір ай ішінде көмір өндіру тиімділігін арттыру және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуі тиіс. Көмірді ашық әдіспен өндіру дәстүрлі технологиялар негізінде, көбінесе ескірген жабдықтарды пайдалана отырып жүзеге асырылады. Бұл көмір кен орындарын игеру тиімділігіне ғана емес, сонымен қатар жұмысшылардың қауіпсіздігіне де әсерін тигізеді.
Aq jol-Aqparat