Әлеумет

Әр сөзде өткеннің үні бар

Ана тілі адамның ойлау қабілетін, дүниетанымын қалыптастырып, ұлттың болашағын жалғап тұратын алтын көпірге айналады. «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» деп бекер айтылмаған. Егер тіл әлсіресе – ұлттың мәдени, рухани және қоғамдық құрылымы да әлсірейді. Ал керісінше, тіл дамыса, ұлт та дамып, жаңа белестерге жетеді.

Батырлар жыры, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер мен эпостар – барлығы халықтың рухани қазынасын құрайды. Әр сөзде өткеннің үні, ата-бабамыздың даналығы мен өмірлік тәжірибесі бар. Тіл арқылы біз өз тарихымызды түсініп, ұлттық бірегейлігімізді сақтаймыз. Алайда соңғы жылдары тілге деген көзқарас өзгеріп, кейде оның қолданылу аясы тарылып бара жатқаны байқалады. Жастар арасында шет тілдеріне қызығушылық артып, кейде қазақ тілі екінші орынға ығысып жатады.

Мұның бірнеше себептері бар деп ойлаймын. Біріншіден, жаһандану мен технологияның дамуы: ғаламтордағы ақпараттың басым бөлігі шет тілдерінде, сондықтан адамдар сол тілдерді меңгеруге ұмтылады. Екіншіден, қоғамдағы тілдік ортаның әлсіздігі: кейбір отбасыларда балалар ана тілінде емес, өзге тілде тәрбиеленеді, бұл тілдің күнделікті өмірде қолданылуына кері әсер етеді. Үшіншіден, тілдің мәртебесі тек заң жүзінде емес, күнделікті өмірде толық жүзеге аспай отыр.

Сондықтан ең алдымен, әр адам тілге деген жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Ана тілінде сөйлеу, оны құрметтеу – ұлтқа деген құрметтің белгісі. Мектептерде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру, оқулықтарды жаңарту, қызықты әдістер енгізу – маңызды қадамдар. Сонымен қатар заманауи технологияларды пайдаланып, қазақ тіліндегі контентті көбейту қажет. Әлеуметтік желілерде, фильмдерде, мультфильмдерде, мобильді қосымшалар мен ғылыми мақалаларда ана тіліміздің үлесі көбейсе, жастардың қызығушылығы да артады. Тілді сақтау мен дамыту ғана емес, күнделікті өмірде де жүзеге асуы тиіс.

Егер бүгін біз тілдің дамуына көңіл бөліп, оны қолдану мен үйретуге бар күшімізді салсақ, ертеңгі күні қазақ тілі ғылым мен техника тілінде де, әдебиет пен өнер тілінде де әлемдік деңгейде танылған тілге айналады.

Аяна ХАЗИХАН,
№116 жалпы орта білім беретін мектептің
11-сынып оқушысы.