Жамбылда не жаңалық?

«Заң және тәртіп» аллеясы ашылды

Қордай ауданында «Заң және тәртіп» аллеясы ашылып, тал дарақтар отырғызылды. Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов игі іске атсалысып жатқан баршаға сәттілік тіледі. Қазақтың ұлттық дәстүрінде адамгершілікке баулитын, тіршілік иесіне зиян келтірмеу мен қоршаған ортаға жанашырлық сезімін тудыратын мұндай іс-шаралардың маңызы жайлы да айтып өтті.

Саябаққа ауыл қариялары мен ақ жаулықты аналар, әртүрлі сала мамандары, еңбек ұжымдары, жастар көптеп қатысты. Бұл – игі бастамалар терең мәнге ие болып, әрбір әрекет ортақ болашаққа қосылған үлеске айналатын кезең. «Заң және тәртіп» аллеясының ашылуына жиналған қауым ағаш отырғызу акциясына да белсене қатысты. Сөйтіп қордайлықтар үшін жаңа аллеяның құрылуы заңға құрметті қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті нығайту және өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам болды.

Аталған іс-шара аясында өткен ағаш отырғызу акциясы тек экологиялық қана емес, символдық мәнге де ие. Әрбір отырғызылған ағаш – тұрақтылықтың, өсудің және жауапкершіліктің бейнесі, қоғамның әділеттілікке, үйлесімге және заңды сақтауға деген ұмтылысын көрсетеді.

Мұндай бастамалар тек көрікті орта қалыптастырып қана қоймай, құндылықтық бағдарларды да нығайтады. Олар мемлекеттің берік негізі заңға құрметке, өзара жауапкершілікке және белсенді азаматтық ұстанымға негізделетінін еске салады.

Жақсылықтың ең әдемі түрі – шынайы ниет пен пайдалы іс екені даусыз. Табиғат тазалығын сақтауды үндеген акцияда жиналған жұртшылық жұмыла ағаш отырғызып, ардагерлер бата беріп, ізгі тілектерін білдірді. Ал анадай жерде ақшаңқы киіз үйлер алыстан көз тартып, қазан-қазан күріш басылып, бауырсақ пісіп, шараның шырайын асыра түсті. Ал спортсүйер қауым үшін қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, бұл күні саябақ төріне жаңадан 500 түп әртүрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Жас өскіндер аудандық орман шаруашылығында баптап өсірілген және климаты континенттік, қысы суық, жазы ыстық әрі құрғақ, жыл бойы жиі соғатын «Қордай желімен» ерекшеленетін жергілікті өңірге бейімделген өсімдік түрлері.

Осындай іс-шаралар ауданның барлық елді мекендерінде өтіп, барша жанашыр қордайлықтар табиғатқа деген ыстық ықыласын осылайша танытты.

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Қордай ауданы