Экономика

Есепші-бухгалтерлер салық нормаларымен танысты

Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы филиалдарының бухгалтер мамандарына арналған облыстық семинар өтті. «Кәсіподақ үйінің» мәжіліс залында ұйымдастырылған жиынға Жергілікті кәсіподақтың облыстық, қалалық филиалдарының есепші-мамандары қатысты.

Семинарды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, салалық кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, семинардың бухгалтерлік есепті жүргізуде біліктілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтты.

Семинар бағдарламасына сәйкес салық саясаты бойынша сарапшы Мұхтар Әбдіқалықовтың «Қазақстан Ре спубликасындағы 2026 жылға арналған Салық кодексіндегі өзгерістер аясында жеке тұлғалардың табыстарына салық салу» тақырыбында оқыған лекциясы қатысушылар арасында қызу талқыланды. Лектор маңызды ақпараттармен бөлісіп, қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға Салық кодексі және басқа да заң баптары бойынша жауап берді. Ал қатысушылар өз тәжірибесінде кездескен ситуациялармен бөлісіп, сұрақ-жауап түрінде пікір алмасты.

Осыдан кейін Жергілікті кәсіподақтың құқықтық инспекция жетекшісі Әлия Жолшыбекова еңбекақы төлеу жөніндегі ережелердегі өзгерістерге тоқталып, кеңес берді. Сондай-ақ материалдық және қайырымдылық көмек, жолдамалар бойынша да толыққанды айтып өтті. Ал Жергілікті кәсіподақтың бас бухгалтері Жанбота Ибраимова салықтық есеп саясатына енгізілген өзгерістер туралы сөз етсе, есепші Айгүл Егембердиева 1С бағдарламасы бойынша практикум өткізді.

Семинар барысында есепші мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа салық нормаларын сақтау, жалақы мен материалдық көмектің есебін жүргізу, цифрландыру жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалану жайына басымдық берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ