Ескі үйлердің ертеңгі жай-күйі алаңдатады
Тараз – тарих пен тағдыр тоғысқан, талай дәуірдің куәсі болған көне шаһар. Алайда уақыт ештеңені аямайды. Қаланың бір бөлігінде заманауи тұрғын үйлер бой көтеріп, жаңа өмір басталып жатса, енді бір бөлігінде өткен ғасырдың ізі қалған ескі көпқабатты үйлер әлі де тұрғындардың күнделікті тіршілігінің ортасына айналып отыр. Бұл үйлердің жағдайы бүгінде тек эстетикалық мәселе емес, ең алдымен қауіпсіздік пен өмір сапасына қатысты маңызды тақырыпқа айналды.
Соңғы жылдары Тараз қаласында құрылыс қарқыны едәуір жанданды. Жаңа шағынаудандар салынып, тұрғындарға қолайлы орт а қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі заман талабына сай үйлердің жобасы тек баспанамен шектелмей, оның айналасындағы инфрақұрылыммен бірге қарастырылуда. Аулалар кеңейтіліп, балалар алаңдары, автотұрақтар, мектептер мен балабақшалар кешенді жоспарлау қағидаты бойынша алдын ала есептеліп, құрылыс соған сай жүргізілуде. Бұл – урбанистикалық тұрғыдан дұрыс қадам десек артық айтпаған болар едік.
Бұл бағыттағы жұмыстар туралы Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев: «Қала аумағындағы жаңа тұрғын алқаптарда тұрғын үй салу барысында барлық инфрақұрылым жүйесі кешенді жоспарлау қағидаты бойынша нормативтік талаптарға сай алдын ала есептеліп жобаланады. Қазіргі таңда қала келбетін жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Төле би даңғылы, Тәуке хан, Абай және Сүлейменов көшелерінде абаттандыру жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар қаланың көркін жаңартып, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған», – деп атап өтті.
Расында, «Балауса», «Ұлы Дала», «Шапағат» секілді жаңа шағынаудандар – осы саясаттың нақты нәтижесі. Мұнда салынған үйлердің саны да, сапасы да жыл сайын артып келеді. Осы жылдың өзінде ондаған тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқаны – соның айғағы. Дегенмен жаңа үйлердің бой көтеруі ескі тұрғын үй қорының мәселесін толық шешіп отыр деу әлі ерте.
Өйткені қаладағы ескі тұрғын үйлердің басым бөлігі моральдық әрі техникалық тұрғыдан әбден тозған. Олардың инженерлік жүйелері ескірген, жылу және су құбырлары жиі істен шығады, электр желілерінің қуаты қазіргі тұрмыстық техникаға сәйкес келмейді. Сонымен қатар мұндай үйлердің аулалары тар, автотұрақтар қарастырылмаған, балаларға арналған қауіпсіз алаңдар жетіспейді. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
Жылжымайтын мүлік нарығында да бұл өзгерістер айқын сезілуде. Бұрын қолжетімді баспана ретінде сұранысқа ие болған ескі үйлер бүгінде өз позициясын біртіндеп жоғалтып келеді. Риелтор Айдана Сәрсенқызы бұл туралы: «Қазіргі таңда сатып алушылардың басым бөлігі жаңа үйлерге басымдық береді. Ескі үйлер тек бағасы қолжетімді болғандықтан ғана қарастырылады. Бірақ олардың өтімділігі айтарлықтай төмендеген. Әсіресе жас отбасылар жаңа, қауіпсіз әрі инфрақұрылымы дамыған аудандарды таңдайды», – дейді.
Бұл – тек нарықтың талабы емес, қоғамдағы көзқарастың өзгергенінің белгісі. Адамдар енді тек баспаналы болуды емес, сапалы өмір сүруді қалайды. Ал ескі үйлер бұл талапқа әрдайым жауап бере алмайды.
Дегенмен ескі үйлерде тұрып жатқан тұрғындардың жағдайы күрделі. Олардың барлығы бірдей жаңа баспанаға қол жеткізе алмайды. Бірі қаржылық мүмкіндіктің шектеулігін айтса, енді бірі жылдар бойы қалыптасқан ортасын тастап кеткісі келмейді.
Тараз қаласының тұрғыны Гүлмира апайдың сөзі көпшіліктің жағдайын аңғартады: «Бұл үйде 30 жылдан бері тұрып келеміз. Үй ескі, жөндеуді қажет етеді. Құбырлар жиі бұзылады, қыста жылу дұрыс берілмейді. Әрине, жаңа үйге көшкіміз келеді. Бірақ оған мүмкіндік бәрінде бірдей жоқ», – дейді.
Ал жас буын өкілдері керісінше, таңдауын анық жасаған. Олар үшін ескі үй – уақытша нұсқа ғана. Болашағын жаңа аудандармен байланыстыратын жастардың саны артып келеді. Бұл – қаланың демографиялық және әлеуметтік құрылымына да әсер ететін үрдіс.
Тараздың тағы бір маңызды қыры – оның тарихи келбеті. Қалада көне е скерткіштер мен тарихи аймақтарды сақтау мәселесі заң аясында реттелген. «Шахристан – Көне Тараз», «Тектұрмас» кешендері қаланың рухани келбетін айқындап тұр. Алдағы уақытта «Атлах-Аңырақай шайқасы» монументінің салынуы да жоспарлануда. Бұл – тарихи мұраны жаңғырту бағытындағы маңызды қадам.
Алайда тарихи ныс андарды сақтау мен тозығы жеткен тұрғын үйлерді сақтау – екі бөлек мәселе екенін ескерген жөн. Мамандардың пікірінше, тарихи құндылығы жоқ, техникалық тұрғыдан қауіпті үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту – қажетті әрі заңды үдеріс. Бұл жерде басты мәселе – тұрғындардың құқығын сақтай отырып, жаңғырту жұмыстарын тиімді жүргізу. Алдағы жылдарға жоспарланған жобалар да аз емес. «Тұрғын үйкоммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2027-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында ондаған жаңа тұрғын үй салу көзделген. Мәселен, «Шапағат» тұрғын алқабында, «Қарасай» массивінде көпқабатты үйлер бой көтермек. Бұл жобалар қаладағы тұрғын үй қорын жаңартуға айтарлықтай үлес қосады. Соған қарамастан, ескі тұрғын үйлер мәселесі жақын арада толық шешіледі деу қиын.
Бұл туралы жауапты сала басшысы да ашық айтты: «Алдағы 10 жылда ескі тұрғын үйлердің мәселесі толық шешіледі деп айту мүмкін емес. Бұл – ұзақ мерзімді талап ететін жұмыс».
Демек, Таразда жаңару процесі жүріп жатыр, бірақ ол біркелкі емес. Бір аудандар жаңарып, заманауи кейіпке енсе, енді бір бөлігінде уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Бұл – тек инфрақұрылым емес, әлеуметтік теңсіздік мәселесін де алға шығарады.
Қорыта айтқанда, Тараздағы ескі тұрғын үйлердің тағдыры – күрделі әрі көпқырлы мәселе. Бұл жерде биліктің жоспарлары, нарықтың талабы және тұрғындардың мүмкіндігі тоғысады. Қала жаңарып жатыр, бірақ бұл жаңарудың қарқыны мен әділдігі – басты сұрақ. Ескі үйлердің орнын жаңа баспаналар баса ма, әлде олар ұзақ жылдар бойы қаланың «көлеңкелі» бөлігі болып қала бере ме?
Бұл сұрақтың нақты жауабы әзірге жоқ. Бірақ бір нәрсе анық: Тараздың болашағы – бүгін қабылданатын шешімдерге тікелей байланысты.
Мақпал Сүйінбай