Дінмұхаммед Ұлысбаевты еске алуға арналған республикалық веложарыс өтті
Тараз қаласындағы Жастар аллеясында велосипед спортынан Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Дінмұхаммед Ұлысбаевты еске алуға арналған республикалық жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһарда ұйымдастырылған бұл спорттық іс-шара жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, отандық спорттың дамуына серпін беруді мақсат етті.
Биылғы жарысқа 2010-2011 жылы туған жасөспірім ұлдар қатысып, еліміздің әр өңірінен келген командалар өзара бақ сынады.
Салтанатты жиынға облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Раймқұлов, №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Нұрлан Саурықов, облыстың спорт ардагері, самбодан еңбек сіңірген жаттықтырушы Манарбек Ағайдаров, сондай-ақ Дінмұхаммед Ұлысбаевтың атасы Ұлысбай Тұрғынбаев пен анасы Рабиға Аденова қатысты.
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен Абай, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарынан келген командалар қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Жарыстың бас төрешісі болып Данияр Жақыпбек, ал бас хатшысы қызметін Татьяна Пикалова атқарды.
Салтанатты рәсім барысында жарыс ресми түрде ашылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Сонымен қатар жиналған қауым Дінмұхаммед Ұлысбаевтың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады.
Айта кету керек, бұл жарыс – тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар өмірден ерте өткен талантты спортшының жарқын бейнесін жас ұрпақтың жадында сақтау, оның жетістіктерін үлгі ету мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Жиын соңында ұйымдастырушылар жарыстың бас демеушісі – «Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына» алғыс білдіріп, спортшыларға сәттілік, ал жанкүйерлерге әсерлі жарыс тамашалауды тіледі.
Осындай тағылымы мол жарыстар арқылы ұлттық спорттың беделі артып, жас буынның биік белестерді бағындыруға деген ынтасы күшейе түсетіні сөзсіз.
Мадина МҰСАБАЙ,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті.