«Тараз» футбол клубының жаңа құрамынан үміт көп
«Тараз-Арена» спорт кешенінде «Тараз» футбол клубының жаңартылған құрамының ресми таныстырылымы өтті. Маңызды іс-шараға клуб жанкүйерлері, ардагер ойыншылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналып, жаңа маусым алдындағы басты жаңалықтарға куә болды.
Таныстырылымды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, құттықтау сөз арнады. Ол бұл іс-шараның маңызына тоқталып, жаңа құрамнан көп үміт күтетінін жеткізді.
Кеш шынайы футбол мерекесіне айналды. Көрермендерге клубтың өткен жолы мен бүгінгі бағытын ұштастырған мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Арнайы дайындалған бейнероликтер арқылы жанкүйерлер клуб тарихына тағы бір үңіліп, жаңа маусымға жасақталған құраммен танысты. Клуб басшылығының мәліметінше, жаңа ойыншылар команданың әлеуетін арттырып, алдағы чемпионатта жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Команда құрамына танымал футболшылар Ұлан Қонысбаев пен Бауыржан Байтана сияқты тәжірибелі ойыншылар да қосылды. Бұл өз кезегінде клубтың ойын деңгейін арттырып, нәтижесін жақсартуға оң әсер етпек. Қақпашылар Алишер Сүлеймен, Андрей Пасеченко, Санжар Рахматилла, Джурахон Бабаханов. Ал қорғаушылар Берік Айтбаев, Темірлан Төребек, Мадияр Нұралы, Егор Алишускас, Нұрлан Даиров, Бекжан Золтаев, Адилет Омеё, Даниил Соболев болып бекітілді. Жартылай қорғаушылар Ерасыл Кеулімжай, Диас Лесбек, Мерей Жамбыл, Шейхислам Құлахметов, Аманжол Мұқамеджанов, Нұрдәулет Орынбасар, Артём Загородский, Бехруз Садыков, Карим Смыков, Жақып Қожамберді, Ұлан Қонысбаев, Бауыржан Байтана. Шабуылшылар Жасұлан Молдақараев, Санжар Кемелбек, Айбек Оксикбаев, Ерсұлтан Төрекұл, Алишер Сүлей, Диас Қалыбаев.
Жаңа маусымда команда Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралу үшін бар күшін салып, байыпты түрде күресуді жоспарлап отыр. Клубтың позициясын күшейту үшін Каспийдің бұрынғы бас бапкері Руслан Есатов шақырылды. Одан команданың дамуына елеулі үлес қосады деп күтілуде. Сондай-ақ клуб өкілдері жаңа маусымға қойылған мақсат-міндеттерді атап өтті. Олардың айтуынша, «Тараз» командасы биыл жанкүйерлер сенімін ақтап, турнирлік кестеде жоғары орындар үшін күресуді көздеп отыр.
Жаңартылған құрам мен тәжірибелі ойыншылардың қосылуы «Тараз» командасына жаңа серпін беретіні анық. Әр позиция бойынша іріктелген футболшылар клубтың әлеуетін арттырып, алдағы маусымда жоғары нәтижелерге жетуге мүмкіндік береді. Мерекелік көңіл-күй концерттік бағдарламамен жалғасты. Introvert, Taspay, CALI, Duman Marat және De Lacure сынды жас өнерпаздар өз репертуарындағы танымал әндерді орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұдан бөлек, қонақтар арасында смартфондар мен басқа да бағалы сыйлықтарға ұтыс ойындары ұйымдастырылды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА