Жобалық басқару – тиімділіктің жаңа тетігі
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен кезекті брифингте облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Ташенова өңірдегі цифрландыру жұмыстары мен жобалық басқарудың заманауи құралдары туралы кеңінен баяндады.
Спикердің айтуынша, орталықтың қызметі екі бағытқа негізделген. Оның бірі – облыста цифрландыру жобаларын іске асыру және үйлестіру болса, екіншісі – мемлекеттік секторға жобалық басқару қағидаларын енгізу және оны жүйелі түрде дамыту.
Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде жобалық тәсілдерді қолдану өз тиімділігін көрсетіп келеді. Бұл бағыт мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейтіп қана қоймай, қызмет көрсету үдерістерін оңтайландырып, артық бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Agile-технологияларын қолдану арқылы жобаларды икемді басқару, тәуекелдер мен мерзімдерді тиімді бақылау, өзгерістерге жедел бейімделу мүмкіндігі артып отыр.
Орталық басшысының сөзіне сүйенсек жобалық басқарудың құрылымы да нақты жүйеленген. Ол Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 31 шілдедегі №301/НҚ бұйрығына сәйкес айқындалған. Осы құжат негізінде ұлттық және өңірлік жобалық офистердің қызметі жолға қойылып, жоба кеңселерінің басшылары мен менеджерлерінің нақты рөлдері бекітілген.
Ал облыс көлемінде жобалар бірнеше стратегиялық бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын іске асыру, «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», «Қолжетімді Интернет», сондай-ақ инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ұлттық жобалар жүйелі түрде орындалып келеді. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің алдын алуға бағытталған жобалар да назардан тыс қалған емес.
Қазіргі таңда өңірде цифрландыру және инвестициялық бағыттағы жобалар бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы басқарылып отыр. Жобаларды басқару платформасында күнделікті 146 жоба іске асырылып, тұрақты мониторинг жүргізілуде. Бұл – жұмыстардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететін маңызды құрал.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру да басты назарда. Бүгінгі күнге дейін 257 мемлекеттік қызметші «Жобаларды басқару жөніндегі нұсқаулық» ұлттық стандартына сәйкес арнайы оқытудан өткен. Бұл өз кезегінде жобаларды сапалы әрі нәтижелі жүзеге асыруға негіз қалайды.
Айта кету керек, еліміздегі жобалық басқару саясатын үйлестіруші орган – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрамындағы Ұлттық жобалық офис. Аталған құрылым апта сайын мемлекеттік органдардың рейтингін жариялап отырады. Осы ретте өңіріміз жобалық басқару қағидаларын енгізу бойынша алдыңғы қатардан көрініп, тұрақты түрде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.
Жалпы, жобалық басқару мен цифрлық технологияларды тиімді ұштастыру – мемлекеттік басқарудың жаңа сапалық деңгейге көтерілуінің айқын көрінісі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңірдің дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Мақпал СҮЙІНБАЙ