Дін жолында жүрген жастарымыз адаспаса екен
Таяуда белгілі продюсер, қоғам қайраткері Баян Алагөзова құқық қорғау органдарына үндеу жасап, елдегі уахабистер, салафиттерге қатысты мәлімдеме жасағанын көпшілік біледі. Ол өз сөзінде: «Бұл вахабистер таңертеңнен кешке дейін барлық әлеуметтік желілерде жыпылықтап, бізді өз тілімізден айырған кезде... Жақында біз араб тілінде сөйлейміз. Олар бізді дәстүрлерімізден айырады, тіпті біздің мерекемізден, қазақ, түркі тілдерінен айырады. Қазір олардың саны артып келеді және олар өте агрессивті. Мен дінге қарсы емеспін, бұл әркімнің таңдауы.
Бірақ оны агрессивті түрде тануға болмайды. Біз зайырлы қоғамбыз, әрқайсымыз тыныш, мәдениетті түрде құлшылық жасаймыз. Сондықтан діни пропагандаға тыйым салатын заң енгізу керек деп санаймын. Мен балаларымның болашағы үшін алаңдаймын, олардың шариғатпен өмір сүргенін қаламаймын. Мен тиісті органдарға жүгінгім келеді, ҰҚМ-ма, прокуратура ма – білмеймін, бірақ бұл тоқтауы керек деп үміттенемін. Себебі бұл қазірдің өзінде ұлттық қауіпке айналып бара жатыр. Таңертеңнен кешке дейін әлеуметтік желілерде осындай адамдар шығып, бізді дәстүрімізден, мерекелерімізден айырып жатыр», – дейді. Ол сондай-ақ Қаңтар оқиғасын еске алып, радикалды көзқарастардың қауіпті салдары болуы мүмкін екенін айтты. Продюсер қоғам қайраткерлерін мәселеге бейжай қарамай, ашық пікір білдіруге шақырды. Оның сөзінше, егер қазір әрекет етпесе, болашақта жағдай ушығуы мүмкін. Иә, өте орынды мәлімдеме. Әлем елдерінде, соның ішінде біздің мемлекетте де дін мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Әсіресе, жастарымыздың теріс діни ағымның арбауында кетуі алаңдататын жағдай. Жас ұрпақтың жат ағымның жетегінде кетпеуі үшін айтарлықтай іс атқарылуда. Десек те, әлі де ол іс-шаралар өз жемісін беріп отыр деп айтуға ауыз бармайды. Өйткені, көшеге шықсаң бастарын қара орамалмен бүркеп, жер сыпырар ұзын көйлек киген қыз-келіншекті, жап-жас болып қауғадай сақал өсіріп, бұтына тобығы жалтылдаған қысқа шалбар киген жастарды көріп жүрегің мұздайды. Осындай киім, осындай сыртқы пошым қазақтың ұлттық салт-дәстүрінде бар ма еді? Ата-бабамыз ешқашан да қыз балаға бетперде кигізбеген. Қара хиджаб түгілі, қара көйлектің өзін жаман ырымға жорыған. Бұл қайдан, қалай келген «ұлттық жаңалық», айтыңыздаршы...
Біреулердің айтқанына көніп, айдауына еріп, шырмауына түсіп, тіпті, арам пиғылды топтардың қолшоқпарына айналып, ұлттық бет-бейнесін, рухани дүниесін, көзқарасын, психологиясын өзгертіп бара жатқан бүгінгі жастардан келешекте не күтуге болады? Көптеген жастарымыз топ-тобымен жат ағымдардың жетегінде жүргенін бұқаралық ақпарат құралдарынан біліп, естіп жүрміз. Солардан құрылған топтар тіке жолдан адасып, қантөгіс-ланкестік әрекеттерге де барып жатқанына да куәміз. Бұл – кімге болмасын санасына салмақ салып, толғандырар тақырып.
Біздің елде дін мәселесі – шешімін таппаған, әлі де кедір-бұдыры көп, бұлыңғыр, жұмбақ дүние болып отырғанын мойындауымыз керек. Жастардың теріс радикалды діни ағымдарға баруына не себеп? Әр облыста, әр өңірде дін мәселесімен айналысатын арнайы мемлекеттік мекемелер бар, діни басқарма, жергілікті мешіттердің имам-басқарушылары тағы бар, тіпті, базбір қалаларда «Дін мәселесін зерттеу орталықтары» ашылған. Оларда жүздеген, мыңдаған қызметкерлер еңбек етіп, күнделікті нәпақасын тауып жүр. Бірақ, солар өз дәрежесінде бұқарамен қоян-қолтық, көпшілікпен тығыз қызмет етіп, жастарды иландыртып, көңіл аудартып, өздеріне толық қарата алды деп айта алмаймыз. Сондықтан қазіргі қайда барарын білмей жүрген жұмыссыз, баспанасыз (үй-пәтерсіз), білімсіз, келер күндерін, болашақтарын айқындай алмай, кедейліктің «құрығына» түсіп, шарасыздыққа шекесі соғылып, жайы жоқ, терең күйзелістен толқып жүрген жастар дұрыс жолдан адасып, теріс пиғылды топтардың «қармағына» түсіп, жетегіне ілесуде. Ислам дінінің атын жамылған салафиттер, вахабистер, хизбуттахриршілдер мен «Мұсылман бауырлары» және сол секілді теріс ағымдағы топтар жастар арасына еніп, санасын улап, орталарына іріткі салып, өздерінің ісіне көндіруде. Ешбір мемлекеттік тәртіпті мойындамайтын, ел ішіне ылаң, іріткі салуды, тыныш өмірге сызат түсіруді мақсат еткен арнайы дайындалған экстремистер де солардың арасынан шығуда. Мемлекетімізді әлсірету мақсатында, ел тыныштығын бұзу үшін теріс пиғылдағы діни террористер мен экстремистер әр жерден мезгіл-мезгіл бас көтеріп, елдің берекесін алып, шырқын бұзуда.
Ислам дiнi – әлемдегi ең таза дiн екенi жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Басқа дiндермен салыстырғанда, адам бойына рухани нәр құятын, тәрбие беретiн, тазалыққа, имандылыққа, жақсылыққа, игi iске жетелейтiн ислам дiнi екен. Сондықтан болар жаһанда ислам дiнiн мойындап, оған бас иетiн, мойынсұнатын жандар саны басқаларға қарағанда неғұрлым басым көрiнедi.
Дiн дегенiмiз – адамды имандылыққа баулу, жақсылыққа шақыру, өмiрдi жақсы көру, сүйiспеншiлiкке, бауырмалдыққа тәрбиелеу. Қазiр елiмiздiң дiни қызметкерлерi арасында медреседен дәрiс алып, дiни орта бiлiм оқу орындары мен ислам-дiни университеттерiн тәмамдаған, терең, жан-жақты бiлiмдi, сауатты имамдар баршылық. Бiрақ дiн жолына «жолдан қосылған» кейбiр шала, сауатсыз жандар бiлiмi мен ой-санасы, қарымы мен түйсiгi жетпей жатып, арасына түсiнбеушiлiк пен iрiткi салып, миын улап, тiптi терiс жолға түсiрiп жүргендерi де өмiрдегi шындық. «Экстремистер», «террористер» деген сөздерді жиі еститін болдық.
Экстремизм деген латын сөзі «шеттеу», яғни орталықтан ауытқу, тәртіпке бағынбау, өз пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы деген ұғымды білдіреді. Экстремизмнің пайда болуы надандыққа, көрсоқырлыққа бейімделген көзқарастардан туындайды, яғни олардың ойы «тек қана менің пікірім дұрыс, өзгенікі бұрыс дегенге саяды». Бұл оның ең алғашқы кезеңдері болып саналады. Сондай-ақ тағы бір көрінісі – өзгелерді көре алмау, түсінбеу немесе түсінгісі келмеу. Олар өздерін өте таза, кіршіксіз санап, басқаны адасушыларға жатқызады. Тура жол көрсеткендерді мойындамайды. Міне осы себептерден, түрлі төңкерістер мен қантөгістерден орын алуы ықтимал. Ал, «терроризм» – араб тілінде «ирхаб» сөзімен аталады, мағынасы – «қорқыту».
Терроризм мен діни экстремизм адамзат баласына қауіп пен қатер төндіретін ұйымдар. Олар өз мүдделерін жүзеге асыру үшін небір озбыр әрекеттерге барады. Билік пен байлыққа қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайды. Билікті орнынан кетіріп, дінді сылтау етіп, адамдар өміріне қауіп ұялатады. Қоғам арасында алауыздықты тудырып, тыныштықты бұзады.
Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін ешнәрседен қаймықпайды. Тіпті өздерін құрбан етуге әзір. Осылайша күш, қару қолдану және заңдар сенім-нанымдарды аяққа таптап, дін атын бүркемелеп, діттегендеріне жетуге тырысады. Өзі үшін бөгде пікірде саналатындарды түрлі амал-айлалармен арандатуды ойластырады. Экстремизм діндегі жеңілдеткен үкімдерді ауырлатып көрсетіп, халыққа түймедейді түйедей етіп көрсетіп бағады. Мұсылмандық адал, таза тіршілікті лайлауға барынша тырысып баққан, бөгде, бөтен пасық пиғылды адамдардың өңмеңдеп арамызды арамдап жатқан жасырын емес. Сол ағымдардың алдауына, азғыруына көніп, солардың қарамағына ілінген, қарагөз бауырларымызды ойлағанда, өзегіме өрт түскендей өкінішті сезесің. Қаншама қандас бауырларымыз діни сауатсыздықтың, рухани дүниенің таяздығы салдарынан осы теріс ағымдардың қол-шоқпары бола, солардың жыртысын жыртып, сойылын соғып жүр.
Базбір отбасыларға дін үзбей мешітке барған немесе діни топтарға қосылған балалары арқылы еніп жатқанын мойындауымыз керек. Ол отбасы баласының имандылық жолына түскенін дәреже, жетістік деп ұғып, айтқанына бас шұлғып, қолдай бастайды. Ата-ана балаға ақыл айтудың орнына, ұл-қыз ата-ананы дінге жетелеп жүргенін біліп жүрміз Бұл – біріншісі. Екіншіден, діншіл жастарда сана өзгерген, өткеннің бәрі жаман деген түйсік пайда болған. Үшіншіден, егер сен шынымен де иманды болғың келсе, дінді алға тартпай-ақ, үлкенді құрметтей біл, айтқан сөзін тыңда, бетінен алып шап бермей, сабырлы бол. Нағыз мұсылмандық, имандылық деген сол емес пе? Әйтпесе, судыратып дұға оқи отырып, ата-баба дәстүрін жоққа шығаратын уағыз кімге керек? Мұсылмандықтың белгісі сақал қойып, аруақ деген түсінікті жоққа шығарып, шелпек пісірмеу ғана ма екен? Сақалды да бұрын жасы келген, алпыс-жетпістің үстіне шыққан кісілер қойып, қаба сақал қылып желге желпілдетпей, сәндеп, ерекше жарасымды қоюшы еді. Ал біле білген адамға шелпек пісіріп, иіс шығару, аруаққа арналған дәм, оның үстіне бауырсақ, шелпек дегенің ұннан жасалатын тағам емес пе? Ой таразысына салып, зерделеп, сараптайтын болсақ сұрақ көп.
Өткен жүзжылдықтың 90-жылдары Кеңес заманы ыдырап, тәуелсiздiктiң қоңыр самалы ескен шақта, қазақтың белгiлi азаматы академик-жазушы Қалтай Мұхамеджанов: «Бұрынғы кезде барлығымыздың жауымыз Қызыл империя едi. Бәрi содан қорқатын. Ал келешектегi қауiп ендi дiн жағынан болады. Дiннiң әртүрлi бағыттары iшiмiзге дендеп ене беретiн болса, түбiнде қазақ бiр-бiрiмен жауласады» деген екен. Иә, қазiргi қауiп – дiни экстремизм, дiни фанатизм екенiн өмiрден көрiп, жүрекпен сезiнiп жүрмiз. Мысал үшiн алысқа бармай-ақ, өткен жылдары Мәскеудiң метроларында болған террорлық қайғылы оқиғаларды еске алайық. Арнайы дайындалған, санасы дiни фанатизмге уланған жап жас әйелдер денелерiне жарылғыштар таңып алып, оларды көпшiлiк арасында тал-түсте жарып, еш күнәсiз көптеген адамдардың асыл өмiрiн қиды. Өздерi де «Аллаһ жолында» мерт болды. Ресей Федарациясының құрамындағы Кавказ мемлекеттерiнде аракiдiк қарапайым халықты дүр сiлкiндiретiн террористiк акт болып тұрады. Түркияда, Сирияда, Ирак пен Пәкiстанда, Индия мен Ауғанстанда да терроризм көп жылдардан берi айылын жимай отыр. Діни терроризм соңғы жылдары Европа елдері мен АҚШ-та да бас көтеріп, кінәсіз адамдарды қанға бөктіруде. Солардың барлығына басты себеп – дiни фанатизм. Өз өмiрлерiн қолдан қиюуға, бiреудiң айдауымен басы тұманданып жан тапсыруға солардың дәтi қалай баратыны жұмбақ, денi сау адам түсiнбейтiн ерекше құбылыс. Тiптi, кейде «әлгiлер терең гипнозға түскен бейшара, ой-санасынан айрылған, мәңгүртікке айналған пенделер ме екен?» деген ойға кетесiң.
Дiни секталардың кейбiр жандардың санасына қатты әсер етiп, ой-санасын улайтыны, тiптi психикасы мен мiнезiн адам танымастай өзгертiп, «миын» терiс айналдырып жiберетiнiн өмiрден көрiп жүрмiз. Мысалы, дiни секталардың шырмауына iлiккен бiр танысымның әйелi бала-шағадан, үйiнен безiп, әлгi, дiни топқа қосылып, жүгенсiз қала-қаланы аралап кеткенiн бiлемiн. Сөйтiп, әп-әдемi отбасы нiлдей бұзылып, шаңырағы ортасына күл болып түстi. Тал түсте үкiдей жас балалар көздерi жәудiреп анасыз, тепсе темiр үзетiн әке жарсыз қалды.
Базбіреулердің арбауына түсіп, «әсем әрі сұлу, рахат та пейіш өмірді» армандап шет елге асып, қолдарына суық қару алып, қантөгіс қақтығыстарға, бей-берекетсіз соғыстарға қатысып, жат жерде, өзге елдің шотын шауып, сонда шейіт болып жатқан біздің жастарды түсіну қиын. Иә, қиын... Олардың санасын теріс пиғылды діни қызметкерлер қалай, немен жаулап алды? Психологиялық «өңдеуден» өткізу, біреудің сеніміне терең ену, миын айналдыру, былай қарасаңыз, жеңіл іс емес қой? Барлығын, кейбір сарапшылардың айтқанындай, материалдық қызықтыруға апарып телуге бола ма? Басты мәселе – жастардың арасында ұлттық сана, патриоттық сезім азайып, идеологияның әлсіздігі, ата-ана мен ортаның тәрбиесі, Отанды сүю сезімі, ұлтжандылықты, ішкі дүниесін рухани байыту іс-шараларының әлсіздігі. Әрине, оған бір себептен қазіргі әлеуметтік жай, бұлыңғыр болашақ, алакөңілдік те әсер етіп жатқан болар. Кім білсін?..
Ауыл-аймақтарда мешіттер көптеп бой көтеруде. Солардың басында отырып, дінді уағыздап, жас балаларға діни бағытта сабақ беріп жүрген имамдардың барлығы сауатты деп айтсақ қателескеніміз болар еді. Базбір кезде әлгілер өздерін ел алдында көрсетіп қалу үшін, орынсыз ақылсымақтанып, «балалардың ертегі» секілді нанымсыз, бұлыңғыр, қиялға бергісіз, жеңіл аңыз әңгімелерді гөйітіп, оларды шариғаттарға тықпалап, көпшіліктің күлкісін келтіретін дәрежеге дейін баратыны бар. Көріп жүрміз, дінді, шариғатты уағыздау осы екен деп жөн-жосықсыз «далаға лағып» кететіндері де жоқ емес. Діни қызметкер өз ортасындағы көпшілікті өзіне қарата білетін, сыйлата білетін барынша білімді, терең ойлы, пейілі таза, жаны жомарт, терең тәрбиелі, адами қасиеттері жоғары жан болуы керек емес пе?! Медресеге, жергілікті мешітке барып жүрген көздері мөлтілдеген жастардың не оқып, не ұғып жүргенін бір мезгіл болса да бақылап, сабақ беріп жүрген молданың сауаттылығына және оның жас балалардың санасына не «енгізіп» жүргеніне көңіл аударып отырған артық емес деп ойлаймыз. Діни білімі таяз, ой-қабілеті төмен сауатсыз молда әлі толық қалыптасып үлгермеген жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жастарды соқыр сенімге, басқа бағытқа алып кетуі әбден мүмкін. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет. Ол үшін барлық мектептерде «Дінтану» сабағымен қоса мамандар қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, онда радикалды экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отырулары керек. Сондықтан, бұл мәселеге де көңіл бөліп, көпшілік болып ойланар кез келді.
Дiнге соқыр мәулендей (мысықтың баласын қазақ мәулен дейтiнiн есiңiзге салғымыз келедi – С.О.) сенiп, «бұл шариғатқа жат» деп бұрнағы заманнан қанымызға сiңген ұлттық дәтстүрден, қасиетiмiзден, ата-баба салтынан безу, дұрыс бола ма екен? Қазiр кез келген қалада (Астанада болсын, Алматыда болсын, Таразда болсын) шiлденiң ыстық күнiнде хиджапқа тұмшаланып, беттерiн көлеңкелеп қаратерге малынып жүрген жап-жас, көздерi мөлдiреген қандас қарындастарымызды көру таңсық болмай қалды. Әлгiлерге қарағанда: «Имандылық жолына түсу деген мiндеттi түрде хиджапқа орану емес шығар. Имандылық – мiнезден, қылығыңнан, атқарған iсiңнен, таза ойыңнан байқалу керек!» дегiң келедi. Әттең-ай, қазiр қазақ қыздары арасында хиджап модаға айналып бара ма деген күдiк басым. Тіпті, мектеп оқушылары мен студенттер арасында сиректеу болса да хиджап киген қыздарды көруге болады. «Әр елдiң салты басқа» дегендей, елiмiздiң бұрыннан келе жатқан салт дәстүрiн, ұлтымыздың киiм тiгу өнерiн жиып тастап, неге хиджап киген араб әйелдерiне елiктеуiмiз керек? Кигiң келсе қазақтың ұлттық бүрмебел әсем көйлектерi, жиегi оюланған көз тартатын камзолдары, әдемi бешпеттерiн неге кимеймiз?
«Жақсылық та, жамандық та Құдайдан. Бiрақ, жақсы болу, жаман болу – адамның өзiнен» дейдi данышпан Абай. Ал ендi бiр сөзiнде «Көп айтса болды, жұрт айтса көндi. Әдетi жаман адамның» деп налиды ол. Бұл сөз дiни фанатизмге шалдыққан, қате ағымдардың жетегiмен құрбандық болуға дайын ойсыз жандарға айтылған сөз сияқты. Дiни нанымның байыбына бармай, оны қатiгездiк емес пе?
«Бізге төзімсіздік немесе діни фанатизм жат. Бұл рухани дәстүр, бұл қандай шеңберде болмасын Құдайдың сөзіне деген ашықтық. Бұл Қазақстандағы конфессияаралық келісімнің ең маңызды негіздерінің бірі. Біз әлемге өзіміздің толеранттылығымызбен, ұлттық конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан ары қарай да сақталуға, дамуға тиіс» деп атап өтті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен құрылтайда.
Сонымен қатар ел үшін маңызды мәселелердің бірі «діни ұйымдар және олардың өкілдерінің жүргізген жұмыстарының ұлттық кауіпсіздік күштері тарапынан қатаң бақылауға алынуы» керектігін баса айтты. Өкінішке қарай, елімізде «Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат» және басқа да радикалды ұйымдардың өкілдері көбейгені жайлы баспасөздер арқылы хабардармыз. Олар ел арасында насихаттап жүрген Конституциямызға қарсы және басқа уағыздар қазір қазақстандықтарға таңсық болудан қалғаны да белгілі. Оған не себеп?
Шынын айтқанымыз жөн, елдегі дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты деструктивтік діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, олардан зардап шеккендерге көмек көрсету, дін саласына қатысты әлеуметтік зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру шаралары әлі өз дәрежесінде емес. Діни сенімге кіріп, өз мүддесін көздеген теріс ағымдар бұқара халықтың миын улап, үркітіп-шошытып өздеріне қаратуды мақсат етіп отыр. Діни топтардың жетегіне еріп, толқып жүрген жастар, кімді тыңдап, кімге бас ию керек екенін анықтай алмай, мәңгүрттік бей-жай қалыпқа еніп, біразы толқып, естерін жия алмай есеңгіреп жүргені рас. Олар кімнен, қайдан, қандай іске тапсырыс түссе де «Құдай жолында» баруға дайын. Тіпті, біразы ол үшін шейіт болудан да тайынбайтын соқыр фанаттарға айналғанын көріп жүрміз. Оның айғағы – елді дүр сілкіндірген, көпшілікке үрей туғызған, біраз адамның өмірін қиған еліміздің Батыс аймақтарында орын алған экстремистік лаңкестік қанды оқиға. Теледидардан, ғаламтордан (интернеттен) көрсетілген көріністерден ақ, олардың кілең жастар екенін, кейбірінің мылтық қаруын қалай қолға ұстауын білмейтінін, ешқандай дайындығы жоқ қауқарсыз жандар екенін байқау қиын емес (көріністерде базбіреулері қолындағы қаруын қолынан түсіріп алып, екіншісі барып оны қайта көтеріп, бей-берекет ары-бері жүгіріп жатты). Әрбір салдардың себебі болады. Оны тиісті органдар зерттеп, сараптап, шешім қабылдады.
Қала, аудандардың елді мекендеріндегі жергілікті тұрғындар, жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен жалпы орта білім беретін мекемелердегі студенттер мен оқушылардың арасында діни экстремизм мен терроризмнің, кереғар ағымдар мен секталардың зиянды іс-әрекеттері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарды олардың ықпалынан қорғау мақсатында кездесулер өткізсе жөн болар еді. Түрлі бағыттағы діни құрылымдардың жай-күйіне, олардың қызметтері мен табыну орындарына және келетін жамағаттардың құрамына сараптама жүргізіп, деструктивті діни ұйымдардан зардап шеккендерді анықтап, оларға теологиялы, психологиялық, заңгерлік көмек көрсеткен жөн. Сондай-ақ облыс көлемінде қызмет етіп жатқан медреселер мен басқа да діни оқу орындарының жұмыстарына сараптама жүргізіліп, діни экстремизмнің, кереғар діни ағымдардың, секталардың іс әрекеттерінің алдын алуға арналған ақпараттық және әдістемелік материалдар, яғни лекциялар, фильмдер, бейнероликтер, буклеттер, брошюралар, кітапшалар, парақшалар шығарылып, таратылғаны орынды. Деструктивті, соның ішінде ислам атын жамылған діни ағымдардың, секталардың қызметіне мониторинг, облыс көлемінде жұмыссыз жүрген жастарға мезгіл-мезгіл сараптама жасау да қажет. Яғни, радикалдыдан қалыпты көзқарасқа өткізу бағытында қызмет ету – басты мәселенің бірі деп санаймыз. Бүгінгінің жастары кез келген нәрсеге бей жай қарамай, теріс ағымға ілеспей, тек қана тиянақты білім алуға күш жұмсау қажет. Санасы таза, білімі терең, көзқарасы дұрыс жас қана қоғамнан өз орнын тауып, еліміздің дамуына зор үлес қосатынын олар түсіну керек.
Сөз соңында, бүгінде жастар арасында дін мәселесі әлі де өзекті, тіпті, күйіп тұрған, толық шешімін таппаған салмақты да ерекше жауапты мәселе екенін баса айтқанымыз жөн. Осы іске көпшілік болып, жастар арасында тәрбие жұмыстарын жандандырып, олардың ішкі рухани дүниесінің, көзқарасының дұрыс қалыптасуына атсалысқанымыз орынды. Жастар – болашағымыз десек, олардың ой санасының уланып, шырмауға түсіп, теріс пиғылға еріп, рухани кедейлікке бой ұрғызып, дәстүрлі емес діннің, басқа теріс ағымның арбауына түсіп кетуіне жол бермеу керек.
Діни фанатизм – жастардың жолы емес! Дінге тым терең беріліп, деструктивті дін топтарының айдауына көніп, шындықтан алыстап, елеріп, болашақтарына балта шауып, жастарымызды жарға жығылдырып жүрмейік деген ниетпен осы мақаланы жаздық. Өмірге деген көқарасымыз дұрыс болып, оны қоғамға, көпшілікке пайдалы етіп өткізуге бар мүмкіндігімізді салған жөн. Ел аман, жұрт тыныш болсын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.