Жаңалықтар

«Aq jol» – уақыт сынынан өткен басылым

Облыс баспасөзінің қара шаңырағы – «Aq jol» газетінің мен үшін орны ерекше. Осы басылымның арқасында мен журналист болудың не екенін ұқтым.

Әлі есімде 1-ші курс оқып жүрген кезімде «Aq jol»-ды ерекше оқып, әр санын асыға күтетінмін. Басылымның әр нөмірін қолыма ұстағанда, қағаздың иісімен бірге тарихтың демі сезілетіндей еді. Ал оның беттеріндегі мақалалар – жай мәтін емес, өмірдің өзінен жазылған сыр секілді.

Сол кезде өзіме арман ретінде бір сөз бердім. Бір күні менің де есімім «Aq jol»»-дың бетінде тұрады дедім. Бүгінде сол арманым ақиқатқа айналуда. 2-курс оқып жүргенімде менің алғашқы мақалам газетте жарық көрді. Қолыма алған газетті қайта-қайта ашып, өз атымды көрген сайын жүрегім дүрсілдеп, кішкентай арманымның орындалғанын сезіндім. Бұл сәт менің болашақ журналист ретіндегі ең алғашқы жеңісім болды.

Кейін мен осы газетте өндірістік тәжірибеден өттім. Редакцияның іші – тірі ағза сияқты. Әркім өз ісіне жауапты, әр минут санаулы, әр сөздің салмағы бар. Мен студент болсам да, осы ортада кәсіби журналистиканың нағыз тынысын сезіндім. Газет жарық көрер сәттегі асығыс, мәтін түзетудегі ұқыптылық, фото таңдаудағы талғам – осының бәрі шынайы журналистиканың мектебі. «Aq jol»-да уақыт басқаша жүреді: мұнда әр секундтың құны бар, ал әр сөйлем – шындықтың жүгі.

Бұл газет аймақтың шежіресі, өңірдің тынысы, елдің үні. Оның әр бетінде қоғамның әр саласы – саясат, экономика, заң мен құқық, мәдениет пен әлеумет қатар өріліп жатыр.

Басылым уақыттың айнасы. Онда әр кезеңнің дауысы сақталған, әр мақаладан елдің тынысы естіледі. Бір кездері мен үшін бұл басылым қол жетпес арман болса, қазір ол менің кәсіби тарихымның бастауы. «Aq jol» маған журналистиканың дәмін сездірді, жауапкершілікті үйретті, ең бастысы – шындыққа адал болу керектігін ұқтырды.

Снежана АЛЬЖЕВА
М.Х.Дулати атындағы
Тараз университетінің 4-курс студенті.