Әдепті сақтау – әдетке айналмауы тиіс
«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден», – деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінезқұлық керек-ақ. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызмет туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет.
Жалпы, мемлекеттік қызметшінің әдебі – өте маңызды ұғым. Өйткені мемлекеттік қызметшінің тәртібі мен өзін-өзі ұстауына, кәсіби біліктілігіне, халықпен қарымқатынасына қарай халықтың тұтас мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан елімізде мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары енгізілген. Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінезқұлық мәселелеріне үлкен мән берілуі тегіннен-тегін емес. Қоғамның айнасы саналатын мемлекеттік қызметшілер өз әрекетімен өзгелерге үлгі болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметкерлерді, ең алдымен, халықтың үнін естуге, көпшіліктің үніне құлақ асуға шақыруда.
«Еститін Үкімет тұжырымдамасының» да басты қағидасы осы. Яғни, мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – халыққа адал қызмет етуі. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлердің осы кәсіби міндетіне де адал болуы шарт. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің басты міндеттерінің бірі – қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын алу жұмыстан тыс кезде заң бұзушылықтарға жол бермеу. Бүгінгі таңда қоғамымызда әлеуметтік желілердің кең қолданыста екенін ескере отырып, мемлекеттік қызметшілерге әлеуметтік желілерде қарапайымдылық, сыпайы бейнесіне сай келмейтін өрескел суреттер орналастыруға тыйым салынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, бірер жыл бұрын мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Нақтырақ айтсақ, Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» туралы тарау енгізілді. Бұл Кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін стандарттауға және өрескел мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі туралы бас-аяғы 6 қағида негізделді. Атап айтқанда, адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, клиентке бағдарлану тараулары бар.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдікадамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі. Уақыт сұранысына сай толықтырылып отырған заңнамамыз еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің жүріс-тұрысына әрі қорған, әрі бағытбағдар болары сөзсіз. Бүгінде мемлекеттік органдарда әдеп нормаларын сақтау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылуда. Тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қызметкерлер арасында құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Ендеше, мемлекеттік қызметші үшін адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын сақтау – тек кәсіби міндет қана емес, сонымен қатар қоғам алдындағы азаматтық борыш екені анық.
Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп Кодексі нормаларын және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл туралы» заңының талаптарын мүлтіксіз сақтауы – мемлекеттік қызметтің беделін арттырудың, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтудың және елімізде заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды факторы.
Абилсеит ТЮЛЬКИЕВ,
ҚР Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары,
Әдеп жөніндегі уәкіл.