Құқық

Әскери жүйеде жаңа мүмкіндік іске қосылды

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырылу процесі жаңа деңгейге көтерілді. Енді үміткерлер әскери қызметке бару үшін онлайн өтініш бере алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Жаңа жүйе SARBAZ + жобасы аясында іске қосылып, үміткерлерге myarmy.kz сайты арқылы өтініш тапсыру мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл бастама әскери қызметке қабылдау процесін жеңілдетіп, ашық әрі қолжетімді етуге бағытталған. Жүйенің ерекшелігі – барлық кезеңнің автоматтандырылуы. Яғни, үміткер сайтқа тіркеліп, талаптармен танысып, өтініш береді. Одан кейін құжаттарды тексеру, медициналық комиссиядан өту, сұхбаттасу және соңғы шешім шығару процестері бірізді түрде жүзеге асырылады. Министрлік мәліметінше, әрбір өтінім мұқият тексерістен өтеді. Алдымен үміткердің құжаттары қаралып, содан кейін әскери комиссариатқа медициналық тексеруден өту үшін шақырту жіберіледі. Келесі кезеңде әскери бөлім өкілдерімен әңгімелесу ұйымдастырылып, соның нәтижесінде қабылдау немесе бас тарту туралы шешім шығарылады. Бұл үдерістің ашық әрі түсінікті болуы жастар үшін үлкен мүмкіндік екені анық.

SARBAZ + жобасы тек әскерге қабылдауды жеңілдетіп қана қоймай, сарбаздардың кәсіби дамуына да ерекше көңіл бөледі. Жоба аясында әскери қызметшілер заманауи технологияларды меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Мәселен, Rtel оқу сыныптарында радиобайланыс негіздері үйретілсе, Ashik Aspan арқылы дрон басқару дағдылары қалыптастырылады. Сонымен қатар Eltex технологиялық жүйелерімен жұмыс істеу, киберқауіпсіздік негіздерін игеру, деректерді қорғау, жасанды интеллект элементтерімен танысу және ағылшын тілін жетілдіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде әскери қызметтің тек физикалық дайындықпен шектелмей, зияткерлік және технологиялық бағытта да дамып келе жатқанын көрсетеді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа жобаға деген қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда 268 өтінім қабылданып, олардың шамамен 90-ы іріктеуден өткен. Орта есеппен бір орынға үш үміткерден келеді. Бұл көрсеткіш жастардың әскери қызметкедеген көзқарасының өзгеріп келе жатқанын аңғартады. Цифрлық мүмкіндіктердің енгізілуі бұл үрдісті одан әрі жандандыра түспек. Қорыта айтқанда, әскери қызметке онлайн өтініш беру жүйесінің енгізілуі – еліміздегі цифрландыру үдерісінің нақты көрінісі. Бұл бастама жастар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, әскери қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде әскер – тек міндет емес, ол жаңа дағдылар мен мүмкіндіктер алаңы. Ал myarmy. kz сияқты платформалар сол мүмкіндіктерге апарар жолды жеңілдетіп отыр.

Мақпал Сүйінбай