Герольд Карлович Бельгер
Герольд Карлович Бельгер
Белгілі жазушы, публицист, әдебиетші, сыншы, аудармашы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Герольд Бельгер 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 1934 жылғы 28 қазанда Саратов облысындағы Энгельс қаласында дүниеге келген болатын. 1941 жылы Сталиндік қатал саясаттың салдарынан жеті жасар жазықсыз бала ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі болғандығы үшін ғана Қазақстанға жер аударылды. Осыдан бастап ол Солтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті халықтың ортасында өсіп, қазақ тілін жетік меңгеріп алды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының әдебиет факультетін бітіргеннен кейін Герольд Бельгердің өз еңбек жолын Жамбыл облысының Байқадам совхозындағы (1958-1960 жылдары) орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастағанын біреу білсе, біреу білмейді. Осыдан кейін, яғни 1960-1963 жылдары ол Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасын тәмамдады. Ал 1963-1964 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болып қызмет істеді. Герольд Бельгер неміс тіліндегі «Феникс» альманағының бас редакторы және ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Сондай-ақ, ол неміс мәдени қоғамы Алматы қаласындағы бөлімшесінің төрағасы, Қазақстан немістері кеңесінің мүшесі және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі ретінде де еліне елеулі еңбек сіңірді. Герольд Бельгер – 53 кітаптың авторы. Абай мұраларын тану, оны зерттеу мәселелерімен айналысып, «Үндестік», «Гете және Абай» деген ғылыми-зерттеу еңбектер, «Шың», «Туыстықтың жанды өрнектері» «Асылға абай болайық», «Ақындар сыры» сияқты т. б. қазақ, орыс, неміс тілдерінде көптеген мақала жариялады. Бұл еңбектерінде ол Абайдың сан қырлы шығармашылық дарынына, ақындық құдіретіне, жаңашыл дәстүріне шолу жасады. И.В.Гете мен А.Құнанбаев шығармалары үндестігінің философиялық, эстетикалық, этикалық, психологиялық заңдылықтарын талдады. Гетенің «Жолаушының түнгі жыры» шығармасы негізінде туындаған М. Ю. Лермонтовтың «Тау шыңдары» мен Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңдеріндегі поэтикалық рухани бірлігін, әлеуметтік ой толғауындағы жақындық пен тамырластықтың түп төркінін ашып көрсетті. Қазақ әдебиетінің Б. Майлин, Ғ. Мүсірепов, Х. Есенжанов, Ә. Нұрпейісов, Ә. Кекілбаев секілді классик жазушыларының бірқатар шығармаларын қазақшадан орыс тіліне, А. Раймген, Э. Кончак, Н. Ваккер атты неміс жазушыларының жекелеген туындыларын неміс тілінен орысшаға аударды. Герольд Бельгер Қазақстан Жазушылар одағының Б. Майлин атындағы сыйлығының иегері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Президенттің бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының иегері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлығының, «Алтын самұрық» сыйлығының иегері болды. Өзінің саналы ғұмырын қазақ халқының мәдениеті мен руханиятына арнап, ұлтымыздың бел баласындай болып кеткен Герольд Бельгер есімі еліміздегі зиялы қауым өкілдері мен қарапайым жұртшылықтың жадында мәңгі сақталады.